30 Сәуір, 2016

Диқанға берілетін субсидияның тиімділігі ескеріледі

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_5516Көктемгі дала жұмыстарына аттаныс алдында Қостанайда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде агро­өнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан қолдау мәселелері бо­йынша кеңес өтті. Кеңес басталмас бұрын Ауыл шаруашылығы министрі Қостанай өңіріндегі ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу кәсіпорындары ұйым­дастырған шағын көрмені аралап көрді. Индустрияландыру жылдарынан бері облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы жүзеге асқан инвестициялық жобалардың арқасында өңдеу кәсіпорындары біршама дамыды. Көрмеде нан, шұжық, сүт, кондитер өнімдері көрсетілді. Ал бүгінге дейін облыстың агроөнеркәсіп саласында құны 67 миллиард теңге болатын 162 инвестициялық жоба өмірге жолдама алып, 3 мың жұмыс орны ашылды. Саланың экспорттық әлеуеті де артып келеді. Осының барлығы мемлекет тарпынан жасалған қолдаудың арқасында болып отыр. Министрдің облысқа сапары көктемгі дала жұмыстары басталар шақтың қарсаңында болғандықтан кеңесте бұл мәселе алдымен сөз болды. Биыл облыста жалпы егіс көлемі 4,700 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде 3,7 миллион гектарды бидай алқабы алады. Майлы дақылдар 315 мың гектарға егіледі, 250 мың гектар малазығындық шөптерге тиесілі. Қостанай өңіріндегі биылғы диқан көктемінің жыл­дағыдан жаңалығы да бар. Ол алдымен мемлекет тарапынан берілетін субсидияға байланысты. Биылғы субсидияның түрі өзгер­генмен, ол қаржы еш жақ­­қа кет­пейді, бәрібір сол ауыл­­ша­руашылық тауар өндіру­шілері­не қайта беріледі. Бұрын субси­дия дәнді дақылдар үшін гектарына берілетін. Енді ол өзгеріп, инвестициялық сипат алды, сатып алатын техника үшін төленетін болады. Егер диқан бір техника сатып алса, оның құнының 25 пайызы субсидияланады. Мұның барлығы көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терінді аз уақыттың ішінде атқару мақсатынан туындап отыр. Мұның тиімділігі артығырақ болады деп күтеміз. Мұның сыртында тыңайтқышқа, гербицидке бөлінетін субсидиялардың да көлемі ұлғайды, деді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Сонымен қатар, еліміз диқандарына көктемгі дала жұмыстарын атқаруға жеңіл­­детілген бағамен жанар-жағар­май және жеңіл­детілген үстемемен 60 миллиард теңге несие берілді. Кеңесте егінмен қатар мал ша­руашылығы, ветеринарлық қыз­мет­тің жақсартылуы, ет өн­діру, өңдеу мәселелері талқы­ланды.  Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ