30 Сәуір, 2016

Әлемге сәуле сыйлаған құжат

426 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елбасы манифесі:  БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҮНДЕУ

2417_okoЕлбасының кешегі АҚШ астанасы – Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте бүкіл әлемге бейбітшілік үндеуін жариялауы қазақ халқына үлкен толғаныс алып келді. Елу елден келген делегаттар алдында жиынның алғы сөзі Президентімізге берілгені де кез­дейсоқтық емес екенін біз жақсы түсіндік. Бұл құрмет – Мемлекет басшысының дүниежүзілік саяси аренадағы зор беделінің куәсі. «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифест – тұрақтылық пен ты­ныш­тыққа, бейбітшілік пен бірлікке бағытталған байыпты бастама. Елбасы әлемді шарпыған өртке тең терроризмге қатысты БҰҰ жұмысын жетілдіруді, ядро­лық технологияларды бейбіт мақсатта пайдаланудағы әді­лет­тілікті қалыптастыруды, қа­русыздану мәселелерін қарас­тыратын басқосуларды жиі өткізуді, МАГАТЭ-нің қызметіне жаңа пәрмен берудің қажеттігін, әлемдік қауіпсіздікке бастайтын бастамалар мен жүйелерді, осы бағыттағы үнқатысулардың пішімін өзгертуді ұсынды. Манифест «Ілулі тұрған мыл­­­тықтың күндердің күні бір атылатыны» сияқты, ядролық қарудың адамзатқа әйтеуір бір күні зауал келтіретіндігіне және бұл қауіптің дәл қазіргі таңда қасіретке айналуы әбден мүмкін екеніне әлем халықтарының назарын ерекше аударуымен құн­ды. Сонымен қатар, Елбасы әлемдегі халықтың қолында 1 миллиардтан астам атыс қаруы барын еске сала отырып, сол қарудың шү­ріппесі күн сайын басылып, әлемде мыңдаған адамның ажал құшуына себеп болып жатқанын еске салды. Халықаралық қаты­нас­та жанжал тұтанатындай болса, әскери қақтығыстардың гео­графиялық ауқымы кеңейіп, әлем тарихындағы соғыстар Еу­ро­паның шығысындағы, Аф­риканың солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыстың іс-қи­мыл­­дарының тарихи шегінен асып түсуі ғажап еместігін айтып өтті. Халықаралық терроризмнің қаһарына ерекше тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арк­тикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. ЖаппҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал» – деген пікірінен жа­һандық проблемаға азаматтық алаңдаушылығы аңғарылады. ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасау керек­тігін жариялады. Осы ретте, әлемге «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» ат­ты кең ауқымды бағдарлама қажет екендігін ескертіп: «Бұл жаһандық стратегия ұлттың со­ғыс­тар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттерін айқындауға тиіс. Бұл құжатта үш басты қағидатты нақты маз­мұндау керек. Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды... Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды... Үшіншіден, мемлекет­тер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек», – деп саралап берді. Үш басты қағидатты нақты мазмұндаған Елбасы әлемдік қоғам­дастық іс-қимылының тұ­тастық алгоритмдерін жүзеге асыруда бес бағытты ұсынды. Нұрсұлтан Әбішұлы ғалымдар есебі бойынша жер өркениеті 15 мыңнан астам соғысты, әр жыл сайын үш соғысты басынан өт­­кергеніне тоқталып, қазіргі кө­рі­ніс­­терді бүкпесіз ашық баян­дады. Президентіміз өз сөзін: «Ме­нің «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесім ХХІ ғасырда өмір сүріп, жұмыс істеу керек болатын өс­ке­лең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туын­­­дап отыр. Біздер, мемлекет бас­шылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершіліктеміз... Мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халық­аралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды өті­ніш­пен қайырылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен әрқашан арылту үшін қолымыздан келгеннің бә­рін жасауымыз керек», – деп түйіндеді. Мемлекет басшысының бұл қадамы дүниежүзіндегі алпауыт державалардың ядролық сынаққа мораторий жариялауына қозғау салады деп сенеміз. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты деген жоғары мәртебеге ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы жариялаған манифест – ұлттық лидерлердің болашақ ұрпақ алдындағы жауап­кершіліктерін және бір екшеген, ядролық қарусыз өмір сүруге ша­қырған саяси маңызы өте сал­мақты бағдарламалық құжат. Бұл бастаманың адамзат тарихында үлгі-өнеге екені бәрімізге аян. Жаһан жұрты алаңдап отырған орасан зор қауіптің алдын алудағы біздің Президентіміздің тегеурінді ой-орамдары оның ақылының тереңдігі мен білімінің кенендігін тағы да танытты. Бүгінде Елбасы бастамасы халықаралық деңгейде үлкен қолдауға ие болуы – қазақ­тың марқайғаны. Әлемдегі аузы дуалы, аса бі­лім­дар деген қоғамтанушылар мен сарапшылар Елбасының тың тұжырымдары мен болашақ туралы бағдарларын, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға қатысты байламдарын кеңінен талқылауда. Мәселен, Конгоның атом энергиясы жөніндегі комиссия департаментінің директоры Казади Кабуя: «Менің ойымша, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге болады. Қазақстан Президентінің манифесін дүние­­жүзі білуі тиіс. Жапонияда не болғанын білеміз. Хиросима мен Нагасаки әлі есімізде. Біз болашақта балаларымыз қандай әлемде өмір сүру керектігін ойлауымыз қажет», немесе Қытай халықаралық мәселелерді зерттеу институты бөлімі директорының орынбасары Ли Цыго: «Президент Н.Назарбаев – көреген басшы. Оның стратегиялық жобалары нақты әрі ұзақ мерзімге құрылған. Вашингтондағы саммитте Қазақстан басшысы биік мінберден әлемді бірлікке, бей­бітшілікке шақыратын көптеген ұсыныстар мен ойлар тастады. Н.Назарбаевтың ядролық қарусыз бейбіт өмірге үндеуінің БҰҰ ма­­ңызды құжаттар қатарына алынуы соның нақты мысалы. Қазақстан әлемді бірлікке ша­қы­рып, мемлекетаралық тату­лықты дәріптеуде құнды идеялар тастап келеді», – деп пікір біл­діреді. Түйіндей айтқанда, Елбасымыз ХХІ ғасырды соғыссыз, тыныш, бейбіт заман ету үшін әлемдік деңгейде қайраткерлік көрсетіп, бүкіл адамзат болашағы үшін белсенді жұмыс жүргізудің сара жолын ұсынды. Өз манифесін жариялау арқылы әлемге жаңаша ойлаудың үлгісін белгілеп берді. Бұл – Қазақстан басшысының әлем­дік аренада жүргізіп келген бей­бітсүйгіш саясатының жүйелі жалғасы. Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихаттың депутаты Оңтүстік Қазақстан облысы

Еліміздің ертеңі біздің қолымызда

«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетін  нығайтып, көркеюі жолында теріңді төгіп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа» Н.Ә.Назарбаев Аружан ДКез келген ел өзінің болашағын өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. Тәуелсіздік бүгінгі ұр­паққа, яғни біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің тұғырын одан әрі бекемдей түсу, еліміздің ертеңін еңселендіре түсу бүгінгі жастардың, яғни біздің қолымызда. Бүгінгі алдыңғы толқын – аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар артында өсіп келе жатқан жас­тар екені сөзсіз. Ол үшін жастарымыз білімді әрі бәсекеге барынша қабілетті болуы, дені сау және саламатты өмір салтын ұстануы шарт. Бұл ретте, біздің еліміздің жастары да Елбасының биылғы 31 наурыз – 1 сә­уір күндері Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған антиядролық «Әлем. ХХІ ғасыр» ма­нифесімен танысып, қызу талқылауда. Бұл құжат БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми мәртебесіне ие болды. Осының өзі біздің елімізге көрсетілген үлкен құрмет екені даусыз. Қазақстан ядролық қару­дан өз еркімен бас тарт­қан тұңғыш мемлекет екені белгілі. Жалпы­адам­заттық тұрғыда қара­ғанда, бұл тең­десі жоқ ерлікпен пара-пар. «Қырғи-қабақ соғыс» аяқталғанымен, оның зардаптары әлі күнге дейін сезіледі. Елбасы әлем елдерінің көшбасшыларын өз еркімен қарудан бас тартуға шақыруы теңдесі жоқ бастама болып отыр. Бұл әлемге жаңаша көзқарас, тың үрдіс, бейбітшіліктің қадірін түсінуге шақыру болып табылады. Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – осы істің жалғасы. Мағжан Жұмабаев «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін» дегендей, біз жүрегімізде жалыны, бойымызда күш-жігері бар, мықты әрі парасатты еліміздің ұлтжанды азаматы болуымыз керек. Елбасымыздың: «Еліміздің келешегі жастар­дың қолында», деген сөзі бізге үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Сондықтан да, біз еліміздің, Елбасымыздың үмітін ақтауымыз керек. «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы алдымызда тұрған ұлы мұрат, үлкен мақсат. Әрбіріміз соған үлес қосуы­мыз керек. Мысалы, мен сабағымды жақсы оқып, сайыстарға қатысып, жүл­­делі орын алып жүрмін. Болашақта тележүргізуші болып, елімнің дамуына бар үле­сімді қосқым келеді. Сол сияқты Қазақстанның әрбір азаматы өз елінің болашағына, өркендеуіне көп үлес қосуы тиіс. Менің ойымша, біздің еліміз осындай ұлтжанды жастары ұрпағы бар кезде бұдан да биік асуларды бағындырып, мәртебесі асқақтап, биік белес­терге жететіні сөзсіз. Елдің тірегі де, жүрегі де – ұрпағы. Өйткені, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел болашағы, қорғаны. Еліміздің жарқын болашағы бүгінгі алған тәрбие, сіңірген білім, меңгерген өнерімізге тікелей байланысты. Осы мақсатта Елбасымыз талантты, білімге құштар жастарды «Болашақ» бағдарламасы бойынша ел қазынасынан көптеген қаржы аударып, дамыған елдерде, шетелдерде оқытып, білім мен тәжірибе алмасуда үлкен ынтымақтастықпен жұмыс жасап отыр. Ол – түсіне білген адамға еліміз­дің болашағын дайындау, ел тізгінін ұстар патриот тұлғалар дайындау. Кез келген саналы ұрпақ елдің, Елбасымыздың өзіне жасаған қамқорлығын сезі­ніп, артқан сенімді ақтау үшін аянбай еңбек етіп, елді көркейтуге бар күш-жігерін салары сөзсіз. Менің ойымша, біздер, жастар қазіргі күні дарынды, парасатты әрі білімді азаматтармыз. Ал болашақта еліміздің атын тек биіктерден көрсететіндей мәртебесін асқақтатып, әлемнің озық отыз елінің қата­рына жеткізетіндей оқып, жұмыс істеуіміз керек! Тағы қайталап айтайын, еліміздің ертеңі біздің қолымызда. Аружан ДӘРІБАЙ, Астана қаласының №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы