Қазақтың басты байлығы, Тәуелсіздігінің кепілі – жер деп білемін. Иә, Республикамыздың территориясы үлкен. Соған қарай, байлығы да мол. Бұл бабаларымыздың бізге қалдырған өлшеусіз қазынасы. Қазынаны қадір тұту еңкейген кәрі, еңбектеген баладан бастап – бәрімізге басты борыш.
Территориямыз кең, байлығымыз жетеді деп оған немқұрайды қарауға болмайды. Оны бұрынғы дәстүр бойынша қалыбын бұзбай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу де қазір басты міндет.
Қанша жерден даламыз байтақ дегенмен, оның иесі де, киесі де болған. Мен жерді шетелдіктерге сатуға бұрыннан қарсымын. Оны Елбасы да айтып келеді. Жақында болған Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын рәсімдеу үшін мен көрші елдердің баршаларымен
8 жыл бойы келіссөз жүргіздім
. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын
. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», деді.
Міне, Елбасы жер туралы осындай ден қоятын аталы ой айтты. Шынында, жердің байлығын алып қана қоймай, оны қорғау, болашақ ұл мен қызға мұра етіп қалдыру міндетін де Президент алға тартып отыр. Ең бастысы
, халықтың игілігіне жарату, бос жатқан жерді тиімді пайдалану, одан өнім алу үрдісін қалыптастыру жөніндегі пікірлерге мен қосыламын. Әсіресе, шетелдіктерге жер сатылмайды деген Мемлекет басшысының сөзі көңілімнен шықты. Менің халқыма айтар бір тілегім бар, ол бабаларымыздан қалған жердің иесі ретінде тиімді пайдалануды өзгеден бұрын өзіміз ойластыруымыз керек. Атам қазақтан қалған «Жат жарылқамайды, өзіңдікі өлтірмейді» деген қанатты сөзді айта отырып, біз елге адалдықты жерге адал болу арқылы көрсетуге тиістіміз
. Себебі, Тәуелсіздігіміздің
, елдігіміздің кепілі осы қасиетті жеріміз.
Елдің азаматы, балалар дәрігері ретінде миллиондаған ұл-қыздың тілекшісі саналғандықтан жерді өзгеге сатуға болмайды деген Президент сөзін қолдай отырып, ол жерді ұрпағымыз пайдалануы керек дегенге қосыламын. Осылай дей отырып, кейбір күдігімді, жеке пікірімді айта кетсем деймін. Жерді жалға береміз дейді, жалға берген уақыт біткен соң оның құнарлылығы сақтала ма, бастапқы күйінде қолға тие ме, әлде түрлі химикаттарды пайдаланып жарамсыз етіп тастай ма? Ол қайта пайдалануға келе ме
? Сондықтан
, жалға берген жерді қалай пайдаланып жатыр дегенді әр жыл емес, әр ай сайын қадағаласақ, киелі жеріміз құнарынан арылмай, кейін иесін табады.
Тағы бір айтайын дегенім, бабадан қалған жерлерді кейбір бай
-манаптар қазірден иеленіп алып, өзгелерді маңына жолатпайтын көрінеді. Қазіргі кейбір бос жерлер солардың иелігінде болуы да мүмкін. Өйткені, кезінде алданып қалып, жер пайынан айырылған жұрттың ащы үні естіліп қалады кейде. Осыны да Үкімет бір барлап көруі керек секілді. Ең бастысы, жерді өз Отанымызда кімдер сатып алғанын, жалға кімдерге берілгенін біліп отырсақ, артық ауыз әңгіме тыйылар еді. Соңғы айтарым, Елбасының жоғарыда келтірген сөзіне құлақ ассақ, қолдасақ деймін.
Камал ОРМАНТАЕВ,
академик