30 Сәуір, 2016

Алақан табын сезінуі тиіс

297 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
FullSizeRender (1)Мен биыл 49-шы рет егін сепкелі отырмын. Көктемгі дала жұмыстары жақын арада басталады, қырды дүбірге бөлейміз. Техникамыз да, тұқым да сақадай сай, дайын тұр. Қарап отырсам, соңғы бес жылда біздің шаруашылықта гектарына орташа есеппен 28 центнерден астық жинаған екенбіз. Кейбір алқаптардағы гектар айналымы 31-35 центнерге дейін барып жүрді. Бұл Қостанай жері үшін өте жақсы көрсеткіш болып саналады. Биыл өңірде қар қалың түсті, күзде жаңбыр жаумағандықтан жердің тоңы оншалықты болған жоқ. Дегенмен, қардың қалың түсуіне орай ылғал да жеткілікті боларын диқандар сезіп отыр. Рас, Жер-анаға көктен тамшы тамбаса, диқанның кеусені орта болатыны белгілі ғой. Бірақ жерді адам аялап күтпесе, жаңбыр жауғанымен де құнары жоқ жердің диқанға берері болмайды. Күтілмеген жер азып-тозады. Жер-ана да адамның алақан жылуын сезінетіндей, күтсең иіп сала береді, күтпей қатыгездік танытсаң ол алқапқа астық түгілі арам шөп те өспейді. Біздің шаруашылықта агротехникалық шараларды мүлт жібермей сақтап, егіс алқабын күтпесек, мұндай мол астық жинай алмас едік. Қазір егін шаруашылығы­мен айналысатындар жерді 49 жыл­ға жалға алды. Бірақ солар­дың барлығы алқаптың агротехникалық шараларын сақтайды деп айта алмаймын, көктемде келіп жерді тырнайды да, бидайын шашады, күзде шыққанын ғана орып алады. Осымен іс бітті деп ойлайды. Жыл сайын  қыршып ала берген соң, жердің құнары азаяды, шаршайды. Халық арасында ондай диқандарды «тас жолмен жүретін диқан» деп атайды. Өйткені, жерді жалға алса да, өздері қалада тұрады, алқаптың басына көктемде бір, күзде бір келеді. Ал мұндай жерлердің құнарын қалпына келтіруге көп уақыт керек. Егін шаруашылығымен айналысатындар жерді жекеменшікке сатып алғаны дұрыс. Сонда «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» психологиясы үстемдік құрады. Ал қазір жалға алғандар жерден алатын өнімі азайғанда оны кері қайтып бере салады. Әбден құнары кеткен жерді келесі адам ала ма? Ол да жерді күткісі келмейтін біреу болса, онсыз да азығы азайған жер одан сайын тозады ғой? Ал жерді жекеменшігіне алса басқаша қарайды. Әдетте, сүтті көп беру үшін қорадағы сиырыңды, соғымың семіз болуы үшін жылқыңды жемдемейсің бе? Оның жем-шөбін қайдан болса да тауып беруге тырысасың. Мұны әр қазақ жақсы біледі. Ал жерге келгенде шаруаның осы қағидасын ұмыта береміз. Оның да себебі бар. Өйткені, фиософиялық тұрғыдан жерді сүт беретін сиырға теңегенімізбен, жер мен сиырдың күтімі екі басқа түсінік екені де бар. Жерді күту үшін  техникаң, мамандарың сай, агрономдық білімің болуы керек. Ізденіс керек. Өйткені, қазір дәнді дақылдар жүздеген гектарға себіледі. Оған озық технологиялар енгізу, оларды үйрену  секілді көптеген мәселелерді жан-жақты игеру керек. Мен жерімді 49 жылға жалға алғанмын, болашақта біртіндеп сатып аламын деп отырмын. Жеңілдіктері де бар, мемлекет мүмкіндік беріп отыр. Оны балаларыма мұра етсем де, банкке кепілдікке қойсам да, өзгегеге жалға берсем де керек. Ең бастысы, оған қорадағы малым секілді жанашырлықпен қараймын. Қостанай қаласының іргесін­де саяжай аумақтары бар. Сая­жайды адамдар сатып алады, жеке меншігі. Оны қала тұрғын­дары жазымен қона жатып күзе­теді, күтеді. Бүкіл қыстығын сол саяжайдан алады. Ал күте алма­ғандар оны сатып жібереді немесе тастап кетеді. Күткен саяжай мен күтім көрмеген саяжай қатар тұрғанда айырмашылығы жер мен көктей болып тұрады. Күтілген аядай ғана алты сотық жерде жидегі де, жемісі де, қияры мен қызанағы да, картобы да жайқалып тұрады. Ал күтімі жетімсіз саяжай арамшөптен көрін­бейді. Күтілмеген саяжайды иесі бәрібір сатып тынады. Ол жаңа иесінің меншігіне өткен соң, күтімі келісіп, көкөністі төгіп береді. Міне, ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жердің ­күтіміне бұл да жарқын мысал бола алады. Меншік түрінде көп мәселе бар.  Ыбраш ЕСТАЕВ, «Светлый Жаркуль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры  Қостанай облысы, Қостанай ауданы