02 Мамыр, 2016

Артиллерист ата

677 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Омирбай Сахов-1жаудың 11 танк, 17 бронетраспортер, 41 жендетін жойған Сұм соғыстың басталған екінші жылында әскер қатарына алынып, марқұм, жазушы Әзілхан Нұршайықов секілді танкіге қарсы ататын зеңбірек командирі болған Өмірбай Сақовтың ерлігін елі әлі күнге дейін ұмытпайды. Кескілескен ұрыс даласында жан аямай шайқасқан  қазақ баласы неміс басқыншыларының ажал сепкен «тажал» танкілеріне тойтарыс беріп, отқа орады, өртеп жіберді, күл-талқан етті. «Жауынгерлік Қызыл Ту», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және медальдарымен марапатталуы оның қаһармандығы мен көзсіз ерлігін дәледейді... ...Ол – Сталинград түбінен Бер­линге дейін көк зеңбірек сүй­реткен артиллеристің бірі еді. Әскерге 1942 жылы алынды. 179-полктың құрамында Мәскеу түбіндегі Ногинск қаласында ал­ғаш ұрысқа кіріс­ті. Сұра­пыл соғыс мұрты енді тебін­дей бастаған он сегіздегі бозбалаларды ер­те есейт­ті. Алдымен ол танкіге қар­сы ататын 76 миллиметрлік зең­бі­рек расчетында оқтаушы, көз­деуші, оқ атушы болды. Жас жауын­гер оның барлық сатысынан өтті. Командирлікке кейін көте­рілді. Шир, Суровский, Овлинский стансалары маңындағы, Моро­зовск, Белая Калитва қала­ларын азат етудегі сұрапыл шайқастарға қатыс­ты. Осындай алапат ұрыс­тың бірінде Өмірбайға снаряд жа­рықшағы тиіп, госпитальға жа­­тып шықты. Кейін өз полкі­не, ба­та­реясына қосылып, Воро­ши­л­ов­град қаласын жаудан азат ету үшін соғысты. Атақты Дон өзені­­нің сағасындағы Рубежный қала­­сына мықтап бекінген неміс фашис­тері оңайлықпен берісер емес. Кеңес әскерлері пароммен арғы бетке өтіп, шабуылға шықты. Алайда, күші басым дұшпан бар­лық қарудан оқ жаудырып, біздің жауынгерлерді кейін шегінуге мәжбүр етті. – Оққа ұшқандар төбе-төбе бо­лып, бірнеше күн көмусіз жат­ты. Қираған әскери техникада есеп жоқ. 22 күн бойы алма-кезек шабуылдаумен болды. Жау табан тіресіп тұрып алды. Ол кезде Ө.Сақов зеңбірек көз­деу­шісі еді. Әр расчеттың тәулігіне немістер жаққа 100 снаряд жол­даған кездері де болды. Мұндай­да зеңбірек стволы қызып, жауын­гер­лердің құлақтарынан тіпті, қан кететін. Бірнеше күнге созылған арпа­лыстан кейін ар жаққа өтіп, Конс­тантинополь қаласын зор шы­ғынмен азат етті, – деп еді ақ­сақал соңғы кездесуімде. Ардагер үшін әрбір орден-медалі – ұмытылмас тарих. І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін қалай алғанын сұрағанбыз. Бірде менің зең­бірек расчетыма деревнядан шы­ғатын жауға тос­қауыл жасауға бұйрық берілді. Ау­дан орталығы – Славянка дерев­ня­сынан шығатын жол үшке айыры­лады. Фашистер қай жолмен жүруі мүмкін? Артил­леристер ыңғайлы позиция таңдап алып, деревняға 70 метрдей жетпей күтіп тұрды. Взвод командирі Рженков «Атыңдар» деп бұйырды. Алғашқы танкті ны­са­наға алып атты. Іле-шала оның қара түтінге көмілгенін көрді. Темір құрсаулы екінші танк таптап өтердей өршелене ұмтылады. Кері шегінуге жол жоқ, не өлім, не өмір! Тажалды көздеп, қатарынан 2-3 снаряд жібердік. Жау танкісі де от құшып үлгерді-ау. Лезде отқа оранған «Тигрді» көргенімде жанарыма қан толып, шалқалап бара жаттым... Есімді жисам, снаряд жарық­шағы екі көздің ортасын ғана зеңбіректің темір қалқаны арқылы жанап өткен екен. Абырой бол­ғанда, жанарым аман, тек қастың етін сәл жырып кетіпті. Жатқан жерімнен жылдам көтеріліп, орныма жайғастым. Бері қарай тағы жыланбауыр 3 танк жылжып келеді. Оларды тасалап, жаяу әскер жақындай түсуде. Зеңбірекке қайта «тіл» бітті. Бірінші оқ дарымай ай­далаға лағып кетті. Екіншісі дөп тиді. Ізінше келе жатқан танк те отқа оранды. Үшіншісі... шыр кө­бе­­лек айналып барып, кілт тоқ­та­ды. Сөйтіп, немістердің шабуылы­­на тойтарыс берілді. Біздің сар­баздар істен шыққан соңғы танкіні барып көрсе, неміс механигінің екі аяғын снаряд жұлып кетіпті. Темір тажалдарды тоқтатқан соң жауынгерлерге жаудың жаяу сол­даттарын жайрату қиынға соқ­пады». Осы ерлігі үшін Ө.Сақов І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін өңіріне тақты. Бір шай­қаста фашисттің 5 танкісінің көзін жойғаны үшін сол кездегі ақшамен 2500 сом алыпты. Ол кезде бұл үлкен қаражат. Бұл қаһарман артиллеристің Орел-Курск иініндегі кескілескен жорық жолдарының бірі ғана. Жалпы, Мәскеу түбінен Бер­линге дейін зеңбірек сүйреткен расчет командирінің жауынгерлік бет есебінде жаудың 11 танкі, 17 әскери автокөлік, 41 автомат­шысы­ның көзін жойғанын айғақтай­тын мәліметті ол кісінің көзі тірі­сін­де оқығаным бар. Наградаға ұсы­ну жөніндегі қағазда да бәрі жазыл­ған еді. Ал 1944 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Висла өзенінен полк бойынша бірінші рет өткен Ө.Сақовтың расчеты плацдармда бекініс құ­рып, дұшпанға күйрете соққы берді. Сөйтіп, кеңес әскерлерінің ілгері жылжуына жағдай жасайды. Ұрыс­тан кейін полк комиссары, под­пол­ковник Корчагин сап түзеген бүкіл құраманың жауынгерлері алдында: – Аға сержант Өмірбай Сақов, бүгінгі көрсеткен ерлігің үшін сені Кеңес Одағының Батыры ата­ғына ұсынамын. Сен нағыз қаһар­мансың, – деп құшақтап, риза­шы­­л­ығын білдіргені жадымнан шық­пайды,– деп еске алып еді мар­­құм Өмірбай ақсақал. – Ол кез­де жалындап тұрған жаспыз. Ко­мандирдің алғысының өзі неге тұ­рады? Жоғары награданы қазақ бала­сына беруге қимады ма, әлде бұра тартушылық болды ма екен, ол жағын кезінде бағамдай ал­мадым. Полк командирі мен комис­сар мені жоғары атаққа ұсынып, құжаттарын рәсімдеп Мәскеу жақ­қа жолдады. Алайда, Алтын жұл­дыз емес, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденін табыс етті, – дегені бар. Сол жолы Өмірбай ата ешкімге тіс жармаған құпиясын бізге айтып еді. «Тұтқынға түскен жаудың солдатын атып тастау жөнінде бұйрық берілді маған. Алдыма салып орманға қарай алып келе жатырмын. Жаңылмасам, ол венгр немесе болғар ұлтынан болатын. Алаңқайға жеткенде, әлгі тұтқын жер шөкелеп отыра кетті. Құлағыма құран дұғасы келіп жатты. «Бейшара, бұл мұсылман баласы екен-ау» деген ой сап ете қалды басыма. Өз жаназасын шығарғысы келген міскінді бір сәт мүсіркеген сияқтымын. Алланың құдіреті шығар, құранның сүре­лерін ұйып тыңдап отырып қалыппын. Шошып оянғандай селк ете түстім. Тұтқын ұшты-күйлі жоқ. Қанша іздесем де таба алмадым. Мұндай саспаспын. Соғыс кезіндегі тәртіп бойынша мұндай бұйрықты орындамағаның үшін өзіңді атып тастауы мүмкін. Әсіресе, «особистер» соңыңа түс­се, шаруа бітті дей бер. Автомат­тың кезегін аспаға атып, штаб­қа қайтып келіп, бұйрықты «бұлжыт­пай орындағаным» жөнінде баян­дадым. Бірнеше ордендер мен медаль­дардың иегері атанған сар­базға командирлерім сенген болуы керек, ол туралы әңгімені қайта қазбаламады. Осылай балам! Мен сөйтіп, жауды жіберіп алғанмын». Соғыс біткен соң ол 1947 жылы ғана туған ауылына аман-есен оралды. Сөйтіп, өзі туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы «Совет» колхозында жылқы, қой, тауық фермаларын басқарып, 18 жыл абыройлы ең­бек етті. Қиын жұмыстан қаш­пады. Кеңестік кезеңде Балды­бірек (бұрынғы «Красный Боец») елді мекеніндегі Ө.Сақов басқа­ратын тауарлы-сүт фермасы мем­ле­кетке сүт тапсыру жөніндегі жос­парды артығымен орындап, тіпті, кейіннен қабылдаған социа­листік міндеттемені абыроймен өтегені жөнінде жыл сайын ау­дан басшыларына рапорт беріп жататын-ды. Ол басқарған фер­ма ұйымшыл әрі тәртіпті бола­тын. Шаруашылықты қалпына келтіру, экономиканы нығайту жұ­мыстарына қомақты үлес қосқаны үшін майдангер «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Аллаға шүкір, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ауыл шаруашылығы саласына қосқан қомақты үлесі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болды. Жұбайы Несіпкүл екеуі 13 ұл-қыз өсіріп, одан 60-тан астам немере, 20-дан астам шөбере сүйді. 2013 жы­лы 9 мамырда, Жеңіс күні 92 жас­қа қараған шағында қайтыс болды. Өмірбай атаның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Балдыберек мектебінде жылда оқушылар арасында бокстан дәстүрлі турнир ұйымдастырылуда. Ол биыл да жалғасын таппақ. Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ Оңтүстік Қазақстан облысы