02 Мамыр, 2016

Дәнеш ағаның мұрасы

3476 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Данеш РахышҚазақстан Республикасының халық әртісі, әнші, сазгер Дәнеш Рақышев – қарапайым өмір кешкен адам. Жәркент өңірінің Талды ауылында туып, төрт жасында зорлап колхоздастыру зардабынан қашқан отбасымен бірге Шығыс Түркістан асып кетеді. Оның мінез-құлқы, өнерге құштарлығы қазақы ортада қалыптасады. Әкесі Рақыш ауыл арасында айтысқа қатысқан ақын, әнші, сері мінезді кісі болыпты, ал шешесі Тәжіхан әнші екен, қайым айтысқа да қатысқан кісі дейді. Рақыш екеуі сондай айтыс үстінде табысыпты. Дәкеңнің тапқан шешесімен қатар, Ақманар атты баққан шешесі де болған. Ақманар бет біткеннің әдемісі, аса ажарлы әйел болыпты, тигені Рақыштың жақын ағайыны, жазушы, марқұм ініміз Тұрсынғазы Әлпейісовтің туысы екен. Сері жігіт пен сұлу келіншек көңіл қосып, Рақыш алып қашып үйленіп, ағайын арасы біраз дүрбелеңге түсіпті. Ақыры, ақсақалдар ашуды ақылға жеңдіріп, екі жақты ебін тауып татуластырыпты. Әкенің қанында бар сол серілік Дәкеңе де серік болыпты. Он жасынан өлең айтып көзге ілінсе, он бесінде сері бала атаныпты. Әуелі сырнай тартып ән салса, кейін домбыраға біржола ауыпты. Өнердің көзін сүйіспеншілік ашады. Жақын ауылдағы жас сұлуға Дәкең көз салып, сол ауылға жиі барғыштап, енді-енді онымен тіл табыса бастағанда, қыз әкесі оны әлдебір үлкен қызметкерге ұзатып жібереді. Өкінішпен өзегі өртенген Дәкеңнің жүрегі әнмен жылайды. «Айналайын құдайым, несібе бер! Ойнаған мен күлгенді кешіре көр! Ойнаған мен күлгенді кешірмесең, Тозақ отын су сеуіп өшіре гөр!» – дейді ғой қазақтың қара өлеңі. Алғашқы махаббаттың ащы мұңын Дәкең де ойын-күлкімен ұмытуға тырысады. Ғашықтың мұңы ұмытыла ма бірақ? Тек аруға деген азапты құштарлықпен жарыса Дәкеңнің кеудесінде өнерге деген құштарлық өршиді. Жас өнерпаз ел аралайды, елден өнер үйренеді, талмай, тынбай ізденеді. Әр үйренген жаңа әні әрі жаралы жүрегін тырнайды, әрі жаңа биікке жетелейді. Құдай берген мақпал дауысы, мақпал мінезі – Дәнеш ағаның бір ерекшелігі. Бәлсінбейтін, бап тілемейтін, мақтау іздемейтін, жымиып қана әнін шырқайтын ақсары жігіт ел құрметіне тым ерте ие болады. Талабы, тә­лімі, өнері айрықша екенін аңғарған аға өнер­паздар өз білгенін оған бар ынталарымен үй­рете бастайды. Өйткені, үйренгенін өзінше құбылтып жіберетін жігіттен үлкен үміт күтеді. Одан өнердің өлмес жалғасын көрген де болар, бәлкім. Ел көріп, өнер үйреніп, өзіндік қолтаңбасы әбден қалыптасқан 33 жасында Дәкең 1959 жылы туған жеріне оралады. Бұрын бұл жақта ешкім айтпаған, бітімі қазақы, бірақ ырғағы, мақамы бейтаныс әндерді айрықша мақпал дауыспен таза шырқайтын жігітті Қазақстан жұрты айрықша жылы ықы­ласпен қарсы алады. «Баянауыл», «Жан ерке», «Аяулым», «Жиырма жеті қыз», «Угәй-дай», «Иғай-ау», «Жан сәулем», «Сәулем-ай», «Жер әсемі Қарқара», «Қош-аман бол, жарым» сы­қылды сан құбылған, алуан тақырыпты, әуезді халық әндері қазақ әнінің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетіп жіберді. Ай­рықша жаңалыққа жұрт жалт қарағандай болды. Дәкең алып келген халық әндері ұлты­мыздың ауыз әдебиетіне де аз үлес қосқан жоқ. Ән де, өлең де байи түсті. Дәкеңнен қалған бір мұра осы: ән­дер мен ән өлеңдері. Ұлтымыздың өнері мен мәдениетіне Дәкең әкеліп қосқан айтулы мұраның бірі – ақын, әнші, халық сазгері Әсет Найманбаевтың шы­ғар­малары, оның ішінде, өз елінде бұрын бейтаныс болып келген бір топ әні. Әсеттің сырлы сазды «Үлкен Ардағы» мен «Кіші Ар­дағы», ерке назды «Мақпалы», «Қарагөзі», саңқылдай шырқалатын «Қоңыр қазы», биіктен сорғалайтын «Қисметі», өкініш пен өксікке толы «Ақырғы сөзі», «Өтті-ау, дүние-айы», майда мінезді «Жайла Қоңыр», сондай-ақ Қазақстан жұртшылығына бұрыннан таныс болса да өзінің төл өнерімен оралған, ғашықтық әннің төресі Сегіз серінің «Гауһартасымен», Естайдың «Қорланымен» қатар тұрған әйгілі «Інжу-маржаны», сонымен бірге «Қалқам-ау», «Айтыс әуені», «Адамның жасы» деген әндері қазақ әнін сан жағынан да, сапа жағынан да күрт байытты. Қысқасы, Дәкеңмен бірге Әсет те еліне оралды. Дәкеңнің арқасында қазақ өнері мен мәдениетінің қайталанбас тұлғасы Әсет Най­манбаевтың да мұрасы ұлт байлығына мол үлес болып біржола қосылды. Әсеттің Дәкең әкелген «Қисмет» әнін ес­тігеннен кейін бізде Манарбек Ержанов, Ға­ри­фолла Құрманғалиев айтып жүрген «Смет» әні соның бір нұсқасы екеніне көзіміз жетті. «Қисмет» деген жазмыш деген ма­ғына беретін діни сөз. Кеңес заманында оны «Қисмет» демей, адам түсінбейтін мағынада «Смет» деу заңды да еді. Сірә, өзінің ежелгі өлеңі ол кездің саясатына сай келмеген болуы керек, «Алтайдың кен шығады саласынан» деп басталатын ән мәтінін Иса Байзақов жаңадан жазады. Қазір әртістеріміз айтып жүрген «Қалқа», «Бір бала», «Заулатшы-ай», «Назқоңыр» ән­дерінің де мәтіні Иса ақындікі. Сөйтіп, Әсет әні «Қис­меттің» бір нұсқасын анықтауға Дәнеш ағаның себі тиген. Әсеттің өлімі жайында алыпқашпа әңгіме біраз еді. Афари деген байдың үйіне барыпты, оның әйелімен Әсет әмпей-жәмпей болыпты, қызғанған бай мүсәтір орнына әдейі алмас ішкізіп өлтіріпті деген қаңқу сөз кәдімгідей Әсетті зерттеушілердің еңбегінде қалыптасып қалған. Сол өсектің түбіне балта шапқан Дәкең әкелген Әсеттің «Ақырғы сөзі» болды. «Болжаусыз осы екен ғой өлім деген, Күн бұрын көзге келіп көрінбеген», – деп басталатын бұл әннің сөзі әжептеуір ұзақ. Өлерін білген ақын елімен, жерімен қоштасып жатып, ажалды бес теңгеге сатып алғанын, дауысымды ашамын деп мүсәтір орнына алмас ішіп қойғанын, бәрі қалай болғанын өкінішпен айтады. Мен кейін Афари қажының баласы Әбдірауф ақсақалмен жолығып сөйлестім. Оқиғаның дәл солай, «Ақырғы сөздегідей» болғанын ол кісі де растады. «Ақырғы сөз» өлеңі – Әсеттің ақындық қуаты мен шеберлігін де анық айғақтайтын шығарма. Өйткені, ол өлеңнің өзге нұсқасы жоқ, қоспасы жоқ, Әсеттің жазып қалдырған өлеңі. Алайда, өкініштісі, түпнұсқасы сақталмаған. «Ақырғы сөз» – Әсеттің өмірін, шығар­машылық шеберлігін, ой-өріс, білім дәрежесін анықтап беретін шығарма. Оның орны сон­дықтан аса айрықша. Ол өзінің Абай құсап артында өлеңін қалдыра алмағанына, тіршіліктің күйбеңімен жүріп, өлең кітабын шығара ал­мағанына өкінеді. Бас бермейтін, әркімнің айтуына көне бермейтін әндерімді кейінгілер өз биігінде орындай алмай сүйрелейді-ау деп күдіктенеді. Өзі аралап сый-сыяпатын көрген қазақ ру-тайпаларымен атап-атап қош­тасады. Әсеттің адамдық бейнесі бұл өлең­де айрықша айқын көрініс береді. Сондай құнды шығармаларды Әсеттің туған еліне әкеліп табыстау – Дәнеш ағаның бір үлкен еңбегі. Дәкеңнің атағын айрықша шығарған әннің бірі – «Аңшының әні». Оның әуені де, өлеңі де өзгеше, оқиғалы шығарма. Саятшылық өнердің қазақы сипатын суреттейтін және оның тұрмыстық, сезімдік жағынан әсерлі бейнелеп, жастық шақтың серілік мінезін айшықтап көрсететін ән. Әні мен сөзі үйлес, үндес. Әнін біреу шығарып, сөзін басқа біреу жазған деуге аузың бармайтын дүние. Өлеңі, дау жоқ, Үкілі Ыбырайдікі. Оны кезінде Сәбит Мұқанов жазып кеткен. Ал әні жайында пікір әртүрлі. «Ән Дәнештікі» дейтіндер бар. Соның бірі – Дәнеш ағаның ең жақын досы марқұм Құрманбай Толыбаев аға «Бексұлтан, ол ән – Дәнеш ағаңдікі, – дегені бар маған. – Мен қасында болдым ғой, екі апта бойы күні-түні қайта-қайта өңдеп, қайта-қайта өзгертіп, ақыры, осы күнгі қалпына жеткізген». Бірақ Дәнеш ағаның өзі ешқашан ешкімге: «Бұл ән менікі», – демеген. Маған да. Сон­дықтан, мен Құрманбай ағаны құптай қой­мадым. Алайда, ағаның өңдеуі, жетілдіруі, тұтастай бір үйлесімді жағдайға келтіріп қалыптастыруы әбден мүмкін. «Ол ән Ыбырайдікі болса, Дәнештен басқа тағы біреу неге айтпады?» – деушілер де табылды. Сөз жоқ, жаны бар сұрақ. Меніңше оның да өзіндік себебі жоқ емес. Кезінде Үкі­лі Ыбырайды тұтқындап түрмеге жапқан адам кейін Қазақстанды басқарған Жұмабай Шаяхметов еді. Сондықтан, ұзақ жыл бойы Үкілі Ыбырай жайында жақсы әңгіме айтыла бермейтін. Николай Анов деген орыс жазушысының «На крыльях песни» деген романында ол, тіпті, алаяқ біреу болып көрсетілген еді. «Қыз Жібек» операсындағы әйгілі «Гәкку» әнін де кезінде Ыбырайдікі дей алғамыз жоқ, Иса Байзақов жеткізген ән болып қана жүрді. Шындығына келгенде, ол әннің дәл бүгінгідей түрленіп, сұлуланып айтылуында Иса мен Күләш­тің де үлесі бар. Бірақ, бәрібір әннің негізі Ыбырайдікі. Сондықтан, «Аңшының әні», менің ойымша, Ыбырайдікі десек, одан Дә­кең де, біз де ұтыла қоймаймыз. Қайта жоға­лып кетуі мүмкін ғажап әнді халқына қайта оралт­­қаны үшін Дәнеш ағаға алғыс айтқанымыз жөн. Сан алуан әндерді үйрене жүріп, сан құ­былта шырқай жүріп, Дәнеш аға өзі де ән шы­ғаратын дәрежеге жетті. Ұстаздары мықты ағаның өз туындысы да мықты. Қазақтың ғажап ақыны Қасым Аманжолов­тың 1955 жылы «Шығармаларының» 1-томы, 1956 жылы 2-томы, 1957 жылы 3-томы шықты. Онда біз мектеп оқушысы едік. 1-томда «Қарай-қарай көзімнің нұры бітпес» деген өлеңі бар. Соны оқыдық. «Мен құшпаған тал белің, бойың бар ма ? Мен сүймеген бал тілің, мойның бар ма? Таң атқанша тар төсекте еркіндеп, Мен кірмеген, жаным-ау, қойның бар ма?» – дейді Қасым. Көзімізді ашып-жұмып, дем ала алмай қалдық. Бұған дейін ешкім кірмеген, ешкім бармаған шекараға кіріп кеткен ақынға қайран қалдық. Үшінші томда «Өзім туралы» деген өлеңі бар. Оны да оқыдық. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп басталады. «Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім, Көре алмай көп жеріңді мен кетемін. Арпалыс алақұйын заманалар Арбасып тұрып алды, мен не етемін?!. Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп. Күніне жүз ойланып, мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп... Дариға, о, дариға, шіркін дәурен! Басымнан таярмысың бір күн, дәурен?! Жалт беріп жоғалар ма нажағайдай Жүзіңде шалқып тұрған күлкім, дәурен», – дейді. Әр сөзі әр қиырына, әр шиырына жетелейді. «Апырмай, өстіп те өлең жазуға болады екен ау?!» – деп таңдандық. Өйткені, ақындар ол кезде саясаттың ойын айтатын, ал Қасым өз ойын айтыпты. Қай кезде қалай оқығанын кім білсін, осыны Дәнеш аға да оқыпты. О кісі де таңданыпты. Содан ән туады. Ол әнді бәріміз айтып жүрдік, бірақ ол әнді Дәкең шығарғанын білмедік. Бәлкім, балалық шығар, ән де өлеңмен бірге туған секілденді. Өйткені, әуен мен сөз егіздей үндес еді. Кейін ән Дәнеш ағанікі екенін білгенде, Қасымды түсіне білген ағаға айрықша сүйсіндік. Қасымның сегіз қырының бір қырын барынша байқататын жалғыз әні «Дариға, сол қызды» Дәнеш аға тебірене, толқи айтатын. Ақын Қасымды ағаның айрықша сыйлап, ай­рықша сүйсінгенінен шығар деп ойлаймын. Қазақ халқы мен қазақ азаматының қилы кезін көзге елестететін Таңжарық Жолды­ұлы­ның «Амандасу» атты өлеңі бар. Қытайдың азапты түрмесінен аман оралғандағы елмен, жермен амандасқаны. Дәнеш аға оған да ән шығарып, өзі үнемі айтып жүрді. Шәкәрім қажының өзі де, өлеңі де ақталған кезде бәріміз дүние төңкеріліп түскендей күй кештік. Халықтың құрдымға кеткен қазынасы қайта оралды. Дәнеш аға да толқыған күй кешіпті. Сол толқыныстың әсерінен Шә­кәрімнің «Ең қызық жастық» атты ішкі сезімді қоз­ғайтын өлеңіне дәл үйлескен сыршыл ән шығарды. Дәнеш ағаның Әсетпен, Қасыммен, Таң­жарықпен, Шәкәріммен шығармашылық бай­ланысы оның азаматтық бет-бейнесін де айқындатады. Халқының өнерлі ұлдарын аға өз бауырым деп бағалаған, олардың мұрасын өмірлік етуге өз үлесін сүйсіне қосып отырған. Дәкең, кенже шәкірті Нұржан Жанпейісов­тің айтуына қарағанда, жүзге тарта ән шы­ғарыпты. Оның бәрін талдап шықсаң, талай сырға қанық боларың хақ. Мұқағалидың бес-алты өлеңіне ән шығарған, екеуі аға-інідей сыйлас болған. Рахметолла Нұрпейісовтің өлеңіне жазған «Соға кет», Оразақын Асқардың өлеңіне жазған «Жан-жақтағы бауырлар», досы Құрманбай Толыбаевтың өлеңіне жазылған «Саясында алманың» әндері Дәнеш ағаның шығармашылық биік белесі саналады. Дәнеш ағаның ән мектебі – қазақ өнеріне өзіндік үлкен үлес қосқан мол мұра. Оның өнерін дамытуға, насихаттауға Рахымжан Зарықпаев, Жақсылық Мырқаев секілді әнші інілері үлкен еңбек сіңірді. Әміре Қашаубаев атындағы конкурстың бас жүлдегерлері Мырзахмет Мүкаманов, Нұржан Жанпейісов, Алматы облыстық филармониясының белгілі әншісі Абылай Қармысов, Ілияс Жан­сүгіров атындағы университеттің деканы Серікбай Шынабаев сынды шәкірттері Дәнеш ағаның ән мұрасын халыққа кең насихаттап келеді. Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген әртісі, Т.Жүр­генов атындағы өнер академиясының профессоры, әйгілі әнші Рамазан Стамғазиев та ағаның біраз әнін бабына келтіре шырқап жүр. Дәнеш ағаның туғанына 90 жыл толуына орай Алматы қаласында «Өлеңмен өрілген өмір» атты апталық өтіп, Ықылас атындағы музыкалық (әуездік) аспаптар мұражайына Дәнеш ағаның домбырасы зор салтанатпен қойылды. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында Рамазан Стамғазиев пен Нұржан Жанпейісовтің ұйымдастыруымен ән кеші өтті. Екі сағат бойы ұстаздар мен шәкірттер Дәнеш аға айтқан, шығарған әндерді шырқады. Ең ғажабы, «Әй, мына бір ән онша емес екен» дегендей бірде-бір жағдай болмады. Әнсауық Дәкең өнерінің өлмейтінін дәлелдеді. Дәстүрлі әнді өз дәрежесінен төмендетпей шырқайтын шәкірттер қатты сүйсінтті. Жазушы ағамыз Сәуірбек Бақбергенов Дәнеш ағамен дос еді. Ел-жұртқа Дәнеш ағаны насихаттаған адамның бірі де сол кісі. Ағаның әншілігіне Мұхтар Әуезовтің үлкен баға бергенін, сол кезде науқастаныңқырап жүрген Манарбек Ержановтың «Ой, мына бала әнші ғой!» – деп сүйсінгенін үнемі айтып жүруші еді. Ел аузына іліккен ағамыз әлі ел аузынан түспей келеді. Елдің өнер мұрасына үлес қосқан адам өзі де ел мұрасына айналады екен. Дәнеш ағаның өзі де, өлеңі де бұл күнде халық мұрасы. Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері