02 Мамыр, 2016

Тұрақтылық тұғыры

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ.

МАГАТЭ777Орталық коммуникация­лар қызметінде Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арналған брифинг өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Ахмет Мурадов пен Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Тимур Жантикин қатысып, манифестің маңыздылығы жайында айтып берді. А.Мурадовтың айтуынша, Мемлекет басшысының манифесі арқылы әлемдік қоғамдастық кезекті рет Қазақстанның бейбітсүйгіш ел екеніне көз жеткізді. «Қазіргі таңда ядролық қаруға ие болу әлемдік тұрақтылыққа тікелей қауіп төндірумен бірдей. Сондықтан қарусызданудың маңызы зор. Осыны ескерген Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің манифесі арқылы әлемді бейбітшілік­ке шақырды. Мұндай бастама көтеруге біздің Ел­басының толық моральдық құқы бар. Себебі, Президентіміз ядролық қарудан бас тартып, сынақ алаңын жабу арқылы қару­сызданудың ең жарқын үлгісін көрсетіп берді. Сондай-ақ, қазақ даласында бой көтерген «Семей-Невада» антиядролық қозғалысы әлемдік деңгейде қолдау тауып, соның нәтижесінде 5 ядролық полигон жабылды», – деген Мәжіліс депутаты манифестің бұл жолы да ауыр жүк арқа­лағанын атап өтті. Сонымен қатар, А.Мурадов Елбасының әлемдік аренадағы абырой-беделінің арқасында Қазақстан келісім мен тұрақтылықтың символы және әртүрлі жаһандық маңызы бар басқосулар өтетін тиімді алаң ретінде танылып үлгергенін тілге тиек етті. Бұл жөнінде ол: «Елбасы өз манифесінде жаһан елдерін қауіпсіздік жөнінде кеңесу үшін Қазақстанға шақырып, әлемге қауіп төндіріп тұрған кибертерроризм мәселесінде талқылайтын тұстардың көп екеніне ерекше назар аударды. Бүгінде бұл ұсыныс әлемдік қоғамдастық тарапынан лайықты қолдау тауып, оң пікірлер айтылуда. Бұның бәрі бейбітшіліктің жаршысы болған Қазақстанның осыған дейінгі игі істерінің нәтижесі»,– деді. Одан бөлек, Мәжіліс депутаты аталған манифестің БҰҰ-ның ресми құжаты болып бекітілгеніне назар аударып, бұл қадам барша қазақстандық үшін кезекті жеңіс болып саналатынын айтты. Өз кезегінде Т.Жантикин мани­фестің басты мақсаты Жер бетінде бейбітшілікті сақтап, болашақ ұрпаққа тұрақты, гүл­денген, өркениетті әлемді аманат ету екенін жеткізді. «Қазір жаһандық геосаяси ахуалдың тұрақсыздануына өз мәселелерін күш қолдану арқылы шешіп үйреніп қалған белгілі бір топтардың әрекеттері себеп болуы мүмкін. Бұл жерде бірінші кезекте ядролық қаруы бар мемлекеттер мен көз­деген мақсатына жету үшін кез келген қадамға баруға дайын террористік топтар еске түседі. Міне, Елбасы әлемнің назарын осы мәселеге аудару арқылы, бұл түйткілдің қан­шалықты өзекті екенін, оны ешқашан күн тәртібінен тыс қалдыруға болмайтынын айтты», – деді комитет төрағасының орынбасары. Одан бөлек, брифинг барысында Төмен байытыл­ған уран банкінің Қазақстанда құрылу жайы сөз бол­ды. Т.Жантикиннің сөзіне қарағанда, бұл жоба негізінен ядролық қарудан төнетін қауіп­тің алдын алуға бағытталған. Ал оны жүзеге асы­ру үшін Қазақстанның таңдалуында мемлекеттің өз өтініші ескерілген. Себебі, біздің бұл саладағы мол тәжірибеміз жемісті жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан»