2016 жылдың 31 наурызы мен 1 сәуірі аралығында Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев БҰҰ жетекшілігіне және әлем халқына «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін таныстырғаны белгілі. Манифест негізгі бес бағытты қамтыды. Бұл бағыттырдың ішінде ерекше назар аударатыны әлем елдерін ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруларынан бас тарту, әскери одақтарды тарату, қандай да пішінде болмасын, соғыс пен әскери қайшылықтарды болдырмауға шақырды. ХХІ ғасырда адамзат өз дамуының жаңа деңгейіне аяқ басты. Дегенмен, Жер шары соғыс пен түрлі ұлтаралық, дінаралық тағы басқа сипаттағы қақтығыс өртінен арыла алмады. Қазіргі күнгі Корей түбегіндегі, Таяу Шығыстағы жағдайлар оған куә болып отыр.
Елбасымыз өз манифесінде: «Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дəуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ықтимал. Əлемге тағы да қатер төніп тұр жəне оның ауқымын ескермеуге болмайды. Жəне бұл қатер – жаһандық соғыс!» – деп ашып айтты. Ақиқатты ашып айту, шындықты шырқыратып жеткізу дегеніңіз осы ғой. Нұрсұлтан Әбішұлының Вашингтон төріндегі сөзінен қырсықтың қыр астында екенін байқау қиын болмас. Сондықтан біздің Мемлекетіміздің басшысы адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз əлем» атты кең ауқымды бағдарламасын көлденең тартты. Бұл бастама да дүние жұртының назарын аудартып, қауіп пен қатердің алдын қалай аламыз деген ойға жетеледі.
Осыдан кейін әлем соғыссыз дүние құруға бет бұрып, оған Жер шарындағы барлық мемлекеттер мен ұйымдар күш біріктіре түседі деп сенемін. Сонымен қатар, мұндай маңызды істен әрбір азамат та шет қалмауы керек. Өйткені, әркім өзінің білімімен, еңбегімен, ниетімен әлемдегі бейбітшілікке зор үлес қоса алады. Әлдебір себептермен бөтен болмысқа, дәстүрсіздікке бет бұрғандармен байланыс жасап, хал-қадерімізше олардың санасына ой тастауға ұмтылып келеміз. Осыған қатысты нәтиже де жоқ емес. Отанымыздағы бейбіт тірліктің қадірін жанды мысалдармен түсіндіріп, жаһандық қауіпсіздік үшін тәуелсіз жас мемлекетіміздің үлесі мен үнін кең насихаттаудамыз.
Манифесте кейінгі ширек ғасырдан астам уақытта болған оқиғалар мен шешімдер терең талдау жасалып, оның мазмұны келтіріліп, жан-жақты сараланып, бүкіл жер беті халқының қауіпсіздігіне тигізген ықпалына объективті баға берілген. Мемлекет басшысы тарапынан атқарылған зор жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне теңдессіз үлес қосты. Бұл әрбір қазақстандықтың мақтаныш сезімін туғызатыны ақиқат. Және де бұл еш асыра айтқандық емес. Елбасы ұлы державалар арасында өзіне лайықты орын алып отыр.
Осы орайда, әлемдік қоғамдастықтың мойындауы мен ризашылығына бөленгенін де аса әділеттілік деп санаймын. Президент аталған маңызды бағдарламалық құжатында ғылыми жаңалықтардың негізінде жасалған жаңа технологиялардың кең ауқымдылығын ерекше атап көрсетеді. Осы ғылыми жетістіктерді парасатты тұрғыдан пайдалану қазірдің өзінде адамзат өміріне теңдессіз оң нәтижелер алып келді. Әрине, оларды жақын болашақта әрі қарай да енгізе беру адамзат дамуының жаңа, маңызды фазасының негізі болатынына еш күмән жоқ. Дегенмен, оның өзін қауіпсіз, ғаламға ешқандай зиянын келтірмейтіндей етіп пайдалану керек.
Қазіргі кезде халықаралық қоғамдастық тарапынан өзінің бағдарламалық құжатында тарихи шешім қабылдау, сөйтіп, мемлекеттердің ядросыз әлем негізінде бейбіт қатар өмір сүруі үшін жағдай туғызуға алғышарт жасауға ұмтылған жер жүзіндегі жетекші көшбасшылардың бірі ретінде Нұрсұлтан Әбішұлына әділетті баға беріп отыр.
Қазақстан Президентінің манифесі үлкен құндылыққа және маңызға ие. Өйткені, онда барлық мемлекеттердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке теңдей жауапкершілігі қағидаттары негізінде бейбіт үнқатысу бойынша іс-қимылдардың тұтастай бір кешені алға тартылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың өлім себетін қару түрлерін ғарыш кеңістігінде, Әлемдік мұхиттың түбі мен бейтарап суларында, Арктикада орналастыруға тыйым салу бойынша жаһандық шешім қабылдау қажеттігі жөніндегі ұсынысы қазіргі таңда аса көкейкесті болып табылады. Ал «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жүзеге асыруға саясаткерлермен, қаржы топтарының және іскерлік құрылымдардың өкілдерімен қатар, бүкіл әлемнің оқымыстылары да белсенді қатысулары тиіс.
Қазақстан ғалымдарының күш-жігерін, біздің ойымызша, ядролық отынды электр және жылу энергияларын өндіретін қауіпсіз және ықшам құрылғылар жасау үшін қолдануға, яғни жаңа технологиялар жасауға бағыттауға басымдық берілгені жөн. Қазақстан ғалымдары осы үдерісте өзіне лайықты орын алатынына күмән жоқ, өйткені, осы маңызды бағдарламалық құжаттың – «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің басты лейтмотиві адамзатты өлім себетін соғыс қатерінен арашалауға бағытталып отыр емес пе?!
Өркениеттіліктің жаңа дәуірінде адамзат өмірінде соғыс пен жаппай қырып-жою қаруларын жетілдіруге деген ұмтылыстардың орын алуы жаңа қоғам бейнесіне жат құбылыс. Соңғы уақыттарда түрлі сипаттағы терроризмнің белсенділігі олардың қолына ядролық қарудың түсуі бүкіл адамзат үшін зор қауіп тудырады. Мемлекет басшысының бастамасымен өз уақытында Қазақстан әлеуеті жөнінен әлемде төртінші орындағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаны белгілі. Қазір де Елбасымыздың әлем елдерін соғыстан, әскери одақтардан, қырып-жою қаруларынан бас тартуға өзара келісім мен түсіністікке негізделген ара-қатынасқа шақыруы адамзат өміріне жаңа серпін мен бағдар беретін ұсыныс, адамзат дамуының жаңа парадигмасы деп қабылдауға болады және адамзат алдында еліміздің өзіндік ұстанымы мен орнын айшықтай түседі.
Болат АПЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты