Тәуелсiз Қазақстан өзінің егемендігін алғаннан бастап әлемдiк қауымдастық алдында салиқалы саяси ұстанымы мен нақты бағыт-бағдарын айқындап алғаны белгілі. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осы жолда табанды саясат ұстанып, аталған ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытып келеді. Дүниежүзінде алғашқы болып ядролық сұм қарудан бас тарттық. Кеңес заманында ядролық қару сынағына айналған Семей полигоны жабылды. Бүгiнге дейiн оның зардабы мен зиянын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Талай адамның жаны мен тәнiне жара салған полигон жабылмағанда, әлi қаншама ұрпақтың тамырына балта шабылар едi. Президенттің сарабдал саясатының өмiршеңдiгi де осында. Оның жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту шешiмi ұрпақ саулығын ойлаудан, ұлт ертеңіне алаңдаудан туған десек, әсте қателеспейміз.
Мемлекетіміздің басшысы саммитте бүгiнгi таңдағы көкейкесті мәселелерді көпшіліктің ортасына салып қана қоймай, оны шешудiң нақты жолдарын да ұсынды. Әлемдік қауымдастыққа «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» атты мақсаты айқын бағдарлама қабылдау керектiгiн айтып, оның негiзгi үш бағытын нақтылап көрсетіп те бердi. Талай ұлттың баласы тату-тәтті тұрып жатқан мемлекетiмiздi айрандай ұйытып отырған Елбасы бiрлiк, ынтымақтастық және достық атты түсiнiктердің тек жекелеген елге ғана емес, бүкіл адамзатқа керек екендiгiн түсінікті тілмен жеткiздi емес пе?!
Жалпы, ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi жаһандық жиындардың маңызы аса жоғары. Әлемдік қоғамдастық мұндай саммиттерге байыпты ұстанымы, салиқалы сөзi бар мемлекеттердiң қатысқанын жөн санайды. Мұны біз Вашингтонда өткен саммиттен де байқап, ой түйдік.
Тарихи шындық сол, ядролық сынақтың зардабын айтып, қоғамға қозғау салған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы болды ғой. Бұл ұлы іс басталған кезде оның мүшелерiнiң алдында Семей ядролық полигонын жабу мен әлемдегi осындай сынақ полигондарын тоқтату секiлдi аса мүбәрак мақсаттар тұрды. Бүгінгінің биігінен қарап тұрсақ, бұл оқиға осы аз ғана уақыт iшiнде елiмiздiң атын әлемге танытумен қатар, жер бетiндегi атом қаруларын тоқтатуға өзінің жойқын әсерін тигізген еді.
Елбасының Вашингтонда өткен Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi саммитте жасаған мәлiмдемесi терең мазмұндылығымен құнды болғаны рас. Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстанда дүниежүзiнде алғаш болып Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанын Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл – әзiрге әлемдiк тәжiрибедегi алғашқы және бiрден-бiр оқиға», деп атап көрсеткен болатын. Тәуелсiздiгiн ендi алған жас мемлекеттiң бұл шешiмi барлық жетекшi державалардың ядролық сынаққа мораторий жариялауына түрткі болғаны даусыз, оны әлем мойындап та отыр. Шын мәнісінде, бұл дүниежүзілік деңгейдегi өте зор мәселе болатын.
Елбасы көтерiп отырған мәселе тек бiр ғана елдің емес, бүкiл дүниежүзiнiң келешектегі өмiрiн айқындайды. Жоғарыда айтылған қауiп-қатерлер мәселесі байыпты шешiмiн таппаса, адамзат баласының жермен жексен болып жойылып кетуі ғажап емес. Сондықтан Америка астанасының төрiнен көкейкесті мәселе көтерген Мемлекет басшысының мәлiмдемесi өте маңызды деп санаймын. «Енді өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал», деген Елбасының сөзі біздің жоғарыда айтқан сөзімізге жарқын мысал бола алады.
Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi қорытынды саммит Қазақстанның және де оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдiк қоғамдастық алдында аса зор абырой-беделге ие екендiгiн көрсеттi. Елбасының жаһандық жиында баяндама жасап, «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесiн жариялауы – адамзат баласын алапат қырғындардан арашалап қалудан туған iзгi ниеттiң жемiсi екендiгi рас.
Жұмағали МАҒЗИЕВ,
Қарағанды қызмет көрсету
және технология
колледжінің директоры,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі