ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗ: Сөзінің астары тым терең, өз заманынан көш ілгері ойлайтын, әрбір әңгімесінің тәрбиелік мәні зор Шәкәрім Құдайбердіұлынан «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы нақыл қалған. Қажы қате сөз айтпаған. Дәлел ретінде Құнанбай немересінің «Ғылымсыз адам – айуан» өлеңін алға тартсақ болады. Онда ол: «Дұрыс деме, құр ойлап, Ақылға сынат, сабыр қыл. Жығылмайтын дәлел тап, Бірезу болма өзімшіл», дейді. Яғни, Шәкәрім сөзінің әрбірі ақиқат. Өйткені, ұстаз «құр ойламаған», сөзін «ақылға сынатқан», әрбір ойын сабырмен жазған һәм «жығылмайтын дәлел» тапқан.
Әлдебір аласапыран замандарда, зұлматқа толы күндерде, ақ табан шұбырынды кезеңде, ел ішін ашаршылық жайлағанда бүкіл қазақ баласы көш-керуенінің басын Сырға бұрыпты. «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған», «аққу ұшып, қаз қонған», жағасы береке мен мерекеге, ырысқа толы Сыр-ана жан-жақтан жылап келген балаларының маңдайынан сипап, жарасын таңып, көзіндегі жасын сүртіп, әлдәруан боп жеткендерге әр берген. Өміріне нәр берген екен. Қысқасы, қысастық көріп, қысылтаяңға тап болған қазақ Сырды анасындай емген. Сыр-ана баласына иген. Кәрі құлақ қарттардан бізге жеткен әңгіменің желісі осындай. Құдайбердінің қажы баласы да осыған сүйеніп айтқандай әлгі сөзін. Оның үстіне арғы атасы Ырғызбайдың Ақтөбе жақтан ауа көшкені және бар. Сондықтан Алашқа ана болған Сырдың қазақ үшін орны да, жөні де бөлек десек те болады. Қазақ тарих-хаты ежелгі Сейхұнмен етене араласып кеткен. Орынбордан кейінгі астана атағын алуының өзі Ақмешіт аймағының Алаш үшін ардақты мекен екенін көрсетсе керек. Алғашқы театрдың қадасы Сыр бойында қадалып, мемлекеттің бар маңызды шаруасы осы аралықтан бастау алған. Астана атағынан айрылса да, республиканы ауылшаруашылық өндірісімен қамтамасыз етіп, қамбалардың тоқ болуына қызмет етті. Әрі-беріден соң алғаш рет адамзат баласының ғарышқа Қызылордадан ұшуының өзі санғасырлық әңгіменің жүгі болса керек-ті. Қош делік. Алашқа ана, жоқ-жітікке пана болған Сыр бойының бүгіні қандай? Төтесінен қойылған сұраққа тұтықпай жауап беруге болады. Өйткені, Қызылорда өңірінде атқарылған шаруа да, жасалған жақсылық та жетерлік. Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында былай деген еді: «Келер жылы мемлекет тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Жиырма жылдық мерекеге дайындық осы кезден басталуы керек». Ұлт көшбасшысының ұтымды ойын қызылордалықтар бірден іліп кетті. Сөйтіп, «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 әлеуметтік нысан» жобасын бастап жіберді. Әлеуметтік мәселесі шешілген жұрттың әлеуеті зор болатыны бесенеден белгілі жәйт. Сол себепті Сыр жұртшылығы бұл мәселені бірінші орынға шығарып, кезек күттірмес шаруалардың қатарына қосты. Солайша, Қазалы ауданында үлкен форум өтіп, азаттықтың жиырма жылдығына арналған әлеуметтік нысандар бір күнде халық игілігіне берілді. Енді соны жік-жігімен таратып айтайық. Ұлттың ұясы – мектеп Қазақтың құрығы қызылдардың қолында болғанда ұлт талай қысастықты бастан өткерді. Қиырдағы ауылды айтпағанның өзінде мемлекеттің орталығы болған Алматыда қазақ балалары қазақ тілінде біліммен сусындап, туған тілінде тәрбие ала алмады. Шона Смаханұлы сияқты қайраткер-қаламгерлердің жанкештілігінің арқасында ғана Алматыда қазақ мектебі ашылды. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттың ұясындай болған Қызылорда облысында ана тіліміздегі мектептер болмады деп аузымызды қу шөппен сүртпей-ақ қоялық. Дегенмен мына дерекке назар аудармауға болмайды. Кеңес өкіметі салтанат құрған 70 жылдың ішінде облыс бойынша 191 мектеп салыныпты. Бір қарағанда аз емес сияқты. Алматы тәрізді алып қала бір қазақ мектебіне зар болып жүргенде, Сыр өңірінде мұншама оқу ошақтарының салынғаны көңілге медет беретін де секілді. Бірақ Тәуелсіздік тұсында ел игілігіне берілген мектептердің санын көргенде, әлгі ойдан бірден бас тартасыз. Екеуін салыстырып қарағанда көз ұялады. Қазақтың өз қолы өз аузына жеткеннен бері Қызылорда облысында 88 мектеп пайдалануға берілген. Айырмасы айтпаса да түсінікті. Айналасы 20 жылдың ішінде Кеңес өкіметінің 70 жылда жасаған «жақсылығының» жартысы салынып, жеткіншектерге білім берген. «Өзіңнен тумай ұл болмас» дегенді осы арада айтсақ, жарасатын тәрізді. Ақмешіт аймағының Ақтөбе облысымен шектесер тұсы Арал ауданы. Теңіз тартылып, қайықтар қайраңда қалған уақытта балықшылар ауын арқалап елден үдере көшкен заман да болған. Елбасының арнайы бастамасымен құрылған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» (САРАТС) бағдарламасының арқасында Кіші Аралға су толып, балықшы ауылдарына жан бітті. Көреген саясаткердің көрікті ойынан туған бағдарлама ауылдан көшкен ағайынды туған жерге қайтарды. Дәл қазір балық аулау көлемі 400 тоннадан 3600 тоннаға дейін артқан. Елге ел қосылып, адам қарасы артқаннан кейін түрлі әлеуметтік нысандардың қажет болатыны шығар күндей ақиқат. Ал халықтың мұқтажын өтеу жергілікті биліктің бұлжымас міндеті. Осыдан бес жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Сыр өңіріне сапары барысында Арал ауданының «Қосжар» ауылына да ат басын бұрып, елдің тыныс-тіршілігімен танысып, хал-ахуалын көзбен көріп қайтқан. Сол сапардың барысында құндақтағы баласын құшақтаған ана Елбасының алдына келді. Сөйтіп, нәрестеге Президенттің атын бергісі келетінін айтып, батасын сұрады. Аз ғана ойланған Елбасы шарананы қолына алып, оған «Ерсұлтан» деп ат берген. Сол Елбасы есімін қойған Ерсұлтан қазір мектепке барды. Десек те, «Қосжар» ауылындағы мектептің жайы мәз емес болатын. Жақында осы елді мекенде 100 балаға лайықталып салынған оқу ошағы ашылды. Еңсесі биік, іші кең, заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған мектепте Ерсұлтанмен қатар ауыл өрендері білім алып жатыр. Осы арада мына жайтты айтуға тиіспіз: мемлекеттік бағдарламаның аясында былтыр 18 мектептің қабырғасы қаланған. Соның жартысы осы Арал ауданында салынып жатыр. Бұл халық санының артып, бала туу көрсеткішінің көлемі көбейгенін білдіретін бірден-бір дәлел. Ал Арал ауданының орталығында «Мереке» балабақшасы ашылып, іші бүлдіршіндерге толды. Балабақша құрылысына бюджеттен әжептәуір қаржы бөлінген. Нәтижесінде 280 орындық мектепке дейінгі орталық инеден жаңа шыққандай болып аудан орталығында жарқырап тұр. Социалистік Еңбек Ері көптеп шыққан, күріштің Отанына айналған Шиеліде де жаңа әлеуметтік нысандардың тұсаукесері өтті. Біз мойындайық мойындамайық, қазір дүние есігін ашқан нәрестелердің дімкәстігі көбейіп барады. Туғаннан денсаулығы нашар болып, әлсіз жетіліп келе жатқан балалар жеткілікті. Мәңгілік сұрақ: не істемек керек? Ата-ана баласынан еш нәрсені аямайды-ау. Дей тұрғанмен Астана мен Алматыға баласын жетектеп, қайта-қайта баруға қаржы мүмкіндік бермейді. Әрі-беріден соң облыс орталығына барып емдету де қиындық туғызады. Сондықтан интернат типтес емдеу орталықтарын салу күн тәртібіне шықты. Осындай игілікті бастаманың арқасында Шиелі ауданында 50 орындық мүгедек балаларға арналған интернат құрылысы 2009 жылы басталды. Ол осы жылдың басында пайдалануға берілді. Интернаттың құрылысына 496 миллион теңге жұмсалған. Ал ішін жабдықтау үшін 32 миллион теңге бөлінген. Аталмыш нысан 3 бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде балаларға арналған ойын және демалыс, медициналық оңалту бөлмелері орналасқан. Екінші бөлікте тіркеу, киім ілетін орын, аптека, лаборатория бөлімдері орын тепкен. Үшінші бөлім тек медициналық бөлмелерге арналған. Қысқасы, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Осы күні Шиелі кентінің «Көкшоқы» шағын ауданының балалары да қуанышқа бөленді. Тақырда доп теуіп, шаңның үстінде күресіп жүрген шағын аудан балалары үшін 150 орындық стадион пайдалануға берілді. Өткен жылдың тамыз айында алғашқы кірпіші қаланған стадион аз ғана уақыттың ішінде ел қажетіне жарады. 101 миллион теңге жұмсалған стадионда жасанды футбол алаңы, жеңіл атлетикалық сектор секілді орындар бар. Жаңақорған ауданы да жаңа мектептермен жарақтанды. «Сунақата» елді мекеніне қарасты «Еңбек» ауылында 100 орындық су жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Негізі, «Еңбек» ауылында алғашқы мектептің құрылысы 1989 жылы қаланған екен. Алғашында оқу ошағында тек бастауыш сыныптары ғана болған. Кейін ел Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен соң орталау мектеп дәрежесін алған. Бірақ мектеп ғимаратының сапасы сын көтермейтін. Апатты жағдайдың алдында тұрған. «Көп тілегі көл» демей ме?! Биыл ел тілегі қабыл болып, ауылда жаңа мектеп салынды. Сондай-ақ мұндай бақыт «Қожакент» ауылының тұрғындарына да бұйырды. 140 орындық орталау мектептің құрылысы 2009 жылы басталған. Алғашында облыстық бюджеттен 60 миллион теңге бөлінген. Былтыр 266 миллион теңге және берілген. Сөйтіп, мектептің құрылысы дер шағында аяқталған. Сонымен қатар Жаңақорған ауданының орталығында 90 орындық «Алпамыс» санаторийлік балабақшасы ашылды. Ал «Бесарық» ауылында «Талдысу» балалар демалыс лагері биылдан бастап балаларға қызмет жасайды. 350 орындық лагерьде 4 жатақхана, балалар шығармашылығына арналған 1 павильон жұмыс істейді. Балалар денсаулығын сауықтыруға қатысты әрекеттер Жалағаш ауданында да жасалып жатыр. Жақында аталған ауданда №19 санаторийлік балабақшасы ашылып, лентасы қиылды. Оның құрылысы үшін облыстық бюджеттен 179,3 миллион теңге бөлінген. Екі қабатты әсем ғимарат алыстан менмұндалап көзге түседі. Балалардың игілігі үшін ойын, жатын бөлмелер кең әрі жарық етіп салынған. Жеткіншектер жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлініп, аптаның бес күнін бақшада өткізіп, ем-домын қабылдайды. Мемлекет маңдайынан сипаған жұрт Адам – мемлекеттің баға жетпес капиталы. Ал адам өмірі елдің көзінің қарашығындай сақтайтын басты құндылығы. Өмірімізге нарық еніп қарық болған тұста, жұрт ала дорба арқалап кеткен уақытта адам өмірінің де арзандай бастағанын байқадық. Десек те, дамудың даңғыл жолын тауып, әлеуметтің әлеуетін арттырудың кілті қолымызға тигенде мемлекет адам өміріне араша түсетін, денін сау ететін ізгі істі қолға алды. Соның арқасында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы дүниеге келді. Мектеп – жеткіншектердің жанына жылу беріп, білім нәрімен сусындатса, аурухана – адам тәнін емдейді. Екі тізгінді қатар ұстап, бірін-бірінен ажыратпай дамытудың негізгі астары да осы болса керек. Қызылорда облысының экологиялық ахуалы туралы айтқанда етегің жасқа толады. Аралдан ұшқан тұз, Байқоңырдың зардабы, бәрі айналып келгенде аймақтың экологиясын әлсіретіп жатыр. Оған уран өндірісін, мұнай бұрғыларынан ауаға тарап жатқан газды қоссаңыз, тіпті қиын. Осы орайда ел денсаулығын жақсарту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жаңа ауруханалар ашу секілді кезек күттірмес мәселелердің құлағы қылтиып көрінді қоғамда. Мемлекет өз азаматтарынан несін аясын? Бұл іске білек сыбана кірісіп кетті. Солайша, жергілікті жерлерде ауруханалар көптеп салына бастады. Жалпы, Қызылорда облысының басқа аймақтардан бір ерекшелігі бар. Ол – елді мекендердің шойын жол мен тас жолдың айналасына орналасуы. Қармақшы ауданының «Қызылтам» ауылы да темір жол мен тас жолдың қақ ортасына орналасқан ауылдың бірі. Ауылда төрт жүзге тарта тұрғын бар. Бұл елді мекенде соңғы жылдары жол жөнделіп, ауызсудың кәріздері жаңартылып, телефон желілері тартылған-тын. Енді халыққа медициналық қызмет көрсететін орын керек еді. Сол себепті елді мекенде фельдшерлік-акушерлік бекет салу жоспарға енген. Оны соңғы үлгідегі керек-жарақпен жасақтау да көзделген болатын. Осындай мақсаттар үшін облыстық бюджеттен 10 миллион 822 мың теңге бөлінді. Қаржы болса қарап отыратын заман емес қой. Құрылыс қарқынды жүрді. Нәтижесінде ауыл халқына алты айдың ішінде медициналық орталық пайдалануға берілді. Солайша, ауылда адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандар пайда болды. Бүгінде аталған фельдшерлік-акушерлік орталықта үш адам жұмыс жасап жатыр. Биылғы жыл қазалылықтар үшін үлкен қуанышпен басталды. Ауданның «Бірлік» және «Аранды» атты екі ауылында бір күнде 2 медициналық бекет ашылды. Елбасы осыдан біршама уақыт бұрын ел халқына нақты міндет қойған болатын. «2020 жылы 20 миллионға жету керек». Аталған бастаманың ұлт үшін де, мемлекет үшін де қаншалықты маңызды екенін бұл арада тәптіштеп айтып жатудың керегі жоқ шығар. Бірақ мемлекеттің халық санымен қуатты екенін ескерте кеткеніміз жөн. Елбасы бастамасына Қазалы ауданының «Бірлік» ауылы да барынша үлес қосып жатыр. Соңғы жылдары ауылда бала туу көрсеткіші артқан. Ал бүгінде «Бірлік» ауылында 730 адам күнелтіп жатыр. Сондай-ақ ауыл халқының денсаулық жағдайы да біршама жақсарған. Бұған дейін кең тарап кеткен құрт ауруы бәсеңдеп, жұқпалы кеселдердің саны сиреген. Ал ана мен бала өлімі мүлде тіркелмеген. Дегенмен ауыл халқының саулығы саламат, бала туу өсті, қалғаны Құдайға аманат деп қарап отыруға болмайды. Сонымен 11 миллион 500 мың теңгеге медициналық бекет салынды. Ал «Аранда» салынған медициналық бекеттің құрылысы бес айда толығымен аяқталды. Бұл бекеттің де салынуына жоғарыда айтқан сома жұмсалған. Оның 888 мың теңгесіне қажетті құрал-жабдықтар алынған. «Бірлік» пен «Арандыдағы» қос бекет те «Қожабақы» ауылының емханасына тікелей бағынышты. Ондағы емхананы «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі», білікті дәрігер Мирамхан Махамбетяр басқарады. Енді қазалылық ағайындар басы ауырып, балтыры сыздаса үйдің жанындағы бекетке барып, қажетті ем-домын алатын болды. Алматыда жүргенде Аралдың жайын ойлайтын едік. Әлем болып Аралға көмектесіп жатыр. «Бірақ нәтиже қаншалықты» дейтінбіз. Сөйтсек, жоғарыда айтқан «САРАТС» бағдарламасының өзі теңізді жағалай орналасқан жұрт үшін үлкен іс бітіріпті. Елге оралған халықтан бөлек, әлеуметтік жағдайдың дұрысталып, жаңа жұмыс орындарының ашылып, жүйелі тірлік жүріп жатқаны жанды жадыратады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Аралдың «Ерімбетжаға» елді мекені де шат-шадыман күй кешті. Өйткені, көптен күткен медициналық бекет ашылды. Адамның денсаулығы ат басындай алтынға айырбасталмайды. «Оралыңның барында ойна да күл» дейді халық даналығы. Ондағы «орал» біздіңше денсаулық сияқты. Қарға адым жерді аттай алмай шерменде болып, балтырың мен басың қатар сыздаса, ойын да, күлкі де әдірем қалмақ. Ал елді алға сүйрейтін, әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғыда серпін беретін халықтың дені сау, жаны таза, көңілі алаң болмаса, онда мемлекеттің даму жолы даңғылдана түспек. Республика басшылығы нақты тапсырма беріп, облыс атқа мінерлері оны өмірге ендіріп жатқандағы мақсат, яғни алыс елді мекендерде медициналық бекеттердің көптеп ашылуы мемлекет саясатының дұрыстығын көрсетсе керек. ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Мемлекеті маңдайынан сипаған жұрт бақытты. Халқы қуатты елдің таңы арайлап атады. Күні күліп батады. Болашағы да жақұтты. Сыр – сұлуланып келеді. Жұртының көзінен қуаныш көресіз. Ал осының бәрі, атыңнан айналайын, Азаттықтың арқасы! Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.Автор туралы анықтама
Журналист Ержан Байтілес «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызметіне кірісті. Ол 1981 жылы осы өңірдегі Шиелі ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң бірнеше республикалық басылымда тілшілік қызмет атқарды. 2008 жылдың желтоқсан айынан бастап республикалық «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып еңбек етті. Әріптесімізді оқырмандарға жоғарыдағы мақаласы арқылы таныстыра отырып, оған жемісті жұмыс, шығармашылық табыс тілейміз.