Сыртқы есікті күйеу баласы ашты. Сырттан кірген маған аңтарыла қараған ақсақал көрмегелі көп жыл өтсе де жазбай таныды. Отырған орнынан тұрып маған қарсы жүрген ол:
– Қарағым, қызым-ау, қайдан жүрсің? – деді қолын ұсына беріп.
– Сізге сәлем берейін деп әдейі іздеп келдім.
– Сені де көретін күн бар екен-ау! Тура Әсілхан бопсың да қойыпсың. Дауысың да айнымайды екен, – деп бірден бұл күнде әлдеқашан бақилық болған анамды еске алды. Ол кісіге қарап мен де іштей таңырқағанымды жасыра алмадым.
Соңғы рет ол кісіні 60-тың бел ортасына кеп қалған кезінде көргенмін. Ол кезде жап-жас біздің өзіміз егде тартқанда, бұл күнде тоқсанның екеуіне келген әкейге қарап, содан бері аз-ақ уақыт өткендей сезінеді екенсің. Орта бойы сәл ғана шөгіп, тұлғасының сылыңғыр тартқаны болмаса, әжімді жылтыр қара өңі сол баяғы қалпы. Есте сақтау қабілеті мұқалмаған. Сөз саптасы, ой ұшқырлығы тап бұрынғыша. Сірә, асыл сүйекті азаматтар осындай-ақ болса керек! Мені жарқын жүзбен қарсы алған ақсақалдың сөз саптасы мен бітім-болмысына қарап, бір кездегі әкемнің:
– И-и-ә, Әшір-бек! – деген үні құлағыма келгендей болды. Әшірбек құрдасына деген бар ыстық ықыласы, сый-құрметі үнінен байқалып, осы бір ауыз сөзге сыйып кететін. Тегін емес екен-ау деп ойладым.
– Жазған кітабыңды алдым. Аз-аздан шамам келгенше оқып жатырмын, – деп әңгімесін бастаған әкей, бірте-бірте өз өмірі жайлы баяндай бастады.
Бірінші күйеуі Ықыластан Найзабек, Әбиірбек, Аманбек атты үш ұл және үш қыз – барлығы алты баламен жесір қалған жас ана Нұрбаланы ағайындары сол кездегі әдет-ғұрып бойынша қайнысы Сәрсенбіге қосады. Қайнысынан Әмірбек, Әшірбек, Жүнісбек атты үш ер бала дүниеге келеді. Найзабек пен Әбиірбек Фин соғысында хабарсыз кетеді. Аманбек пен Жүнісбек кішкене кезінде шетінейді. Әмірбек Ұлы Отан соғысына қатысып, қара қағаз келеді. Ал 1924 жылы дүниеге келген Әшірбек 1942 жылдың тамыз айында бір топ ауылдастарымен бірге әскерге шақырылады.
Бұларды бірден соғысқа жөнелтпей, іріктеп, алдымен Ферғанада кіші командирлер даярлау курсында 4-5 ай соғыс өнеріне үйретіп, жаттықтырады. Бұлардың орнын келесі оқу-үйрену легі басады. Сонымен, Саратов даласында соғысқа кірген әскерлер, талай қиындықты бастан кешіріп, от пен оқтың ортасына еніп жүре береді. Бірде жеңіп, бірде жеңіске бергісіз жанқиярлық ерлікпен түгелге жуық қырылса да шегінбей, алға ұмтылған Кеңес жауынгерлері бір қарыс та жерді жау қолына қалдырмауға тырысады...
Сондай күндердің бірінде Әшірбек әкей бірден оң жақ қолы мен аяғынан жараланады. Алғаш дала жағдайында үздіксіз аққан қанын тоқтатып, жарасын таңып, көмек көрсетіледі. Біраз уақыт өткенде госпитальға жөнелтіледі. Жарасы ауыр болғандықтан, дала жағдайындағы көшпелі госпитальда қалдыруға болмайтыны себепті ол кісіні орайлы сәтте Саратов қаласындағы №4080 госпиталіне жөнелтеді. Бұл бұрын санаторий болған жер екен. Онда екі рет ота жасалған соң қолы толық жазылады да, аяғы аса тәуір бола қоймайды. Емдеп жүрген дәрігер үшінші реткі отада аяғын кесуге тура келіп тұр деп шешім жасайды. Бірақ, бақытына орай, үшінші реткі отаны госпитальдің бас дәрігері Нина Восковская өз қолына алады.
– Әлдене сіңірілген бір уыс мақтаны мұрныма тақап бірден жиырма беске дейін санағаны есімде. Әрі қарай ештеңе сезбей, наркоздың әсерімен ұйықтап кетіппін. Алғашқы жараланған кезде де, одан кейінгі екі рет жасалған ота кезінде де снаряд жарықшағы тиген жерім толық, жақсы тазаланбаған. Сонымен қоса, қоң етке тереңдеп кірген снаряд жарықшағының қалдығы қалып қойған. Соны алып тастап, тиісті емдерді жасаған соң-ақ аяғым құлан-таза жазылып жүре берді. Бірақ оң қолымның қары сол қолымнан жіңішке болып, ал оң жақ санымда ұзындығы 17 см тыртық қалды. Бұған дейін маған ота жасаған дәрігер қатаң сөгіс алды.
Содан Ростов облысында тағы соғысқа кірдім. Сол соғыста күні бүгінгідей есімде сақталып қалған бір оқиғаны айтып берейін. Қазан айы болатын. Біз позиция ұстаған жер егіс даласына жақын еді. Үлкен қара жолдың біршетінде біз соғысып жатырмыз. Екінші шетінде 4-5 гектардай пісіп тұрған жүгері егісі еді. Бір кезде аспанда бомбалаушы ұшақтар қаптап кетті. Жер-дүние күңіреніп, маңай тегіс астан-кестен болды да қалды. Жан-жаққа қарау мүмкін емес. Маған соғысқа алғаш кіргенде бұрындары талай ұрысқа қатысып үлгерген ұлты орыс Соловьёв деген кісі жауынгерлік күрек берген. Соғыста қару-жарақ қандай рөл атқарса, күрек те аса маңызды. Сол күрек маған соғыстан қайтқанша серік болды. Жотаның сайдан көтеріле беріс жағында әрқайсымыз өзіміз қазып алған шұқыршақта тырп етпестен жатырмыз. Әлден уақытта бомбалап болған ұшақтардың ұзай бастағаны білінді. Артынша біз жатқан жақты, әсіресе, жүгері даласын жау артиллериядан атқылай бастады. Шамасы, біздің әскерлер сол жүгері даласына жасырынған деп ойлаған-ау.
Бірталай уақыт өткенде бет қаратпай тұрған артиллерияның да үні өшті. Айнала адам төзгісіз әлем-тапырақ жағдайда. Қаза тапқандар көп. Тірі қалғандар әрі қарай соғысуымыз керек. Есімізді жинап, жан-жағымызға қарасақ, әлгінде ғана төгіле пісіп тұрған жүгері даласы қап-қара болып күйіп кеткен. Еш болмаса саусақтың бір буынындай да сау қалған жүгері паясы жоқ. Ойпырым-ай, осындай жағдайда да әлгі егіс даласынан екі-үш адам орындарынан тұра салып біз жатқан жаққа қарай жандәрмен жүгіріп келе жатты. Неміс снайпері оның да екеуін атып түсіріп, үшіншісі ауыр жараланып, бізге жақындап келіп құлады. Осы кезде біздің жауынгерлердің бірі неміс мергенінің көзін жойды. Міне, осы сұмдық жай ешқашан көз алдымнан кетпейді. Сол күні бас көтеріп жауға оқ атуға тура келген мен де жараландым, – дейді қарт жауынгер.
...Біздің жауынгерлер Берлинді алып, Эльба өзенін босатқан соң америкалықтармен кездескен 8 мамыр күні Шпрэ өзенінің жағасында жеңісті тойлапты. Содан кейін Берлинге келіп, 496-артиллерия полкінің құрамында тұрған. Осы екі арада екі-үш ай тазалау операциясына қатысқан. Тазалау деген кез келген немісті ұстап алып, «Ерекше бөлімге» әкелу екен. Олар тексеріп-тексеріп құжат беретін көрінеді. «Осылайша талай неміс генералдарын, майорларын, т.б. офицерлерін ұстадық. Олар жай адамдар сияқты киініп алған... Ақыры 1947 жылы қыркүйекте елге қайтарды. Қуанышымда шек болмады. Бір ай жол жүріп, қазан айының ішінде елге келдім. Келсем, ел іші қатты күйзеліп кеткен. Халық аш. Бір уыс дән тапса, соны қуырып, тулақтың бетіне шашып тастайды екен. Ашыққан балалар әлгіні теріп жеп, күнімен ермек қылып отырады. Біздің үйдің де хал-ахуалы өте мүшкіл. Анам көрген бейнет, шеккен уайым өз алдына, аштықтан жүдеп-жадап, қатты қартайып кетіпті. Құрсағынан туған алты ер баладан жалғыз қалған менің аман-есен келгенімді көргенде, сенер-сенбесін білмей, есі ауғанша жылап көрісті», – дейді майдангер әкей.
Әкей 1948 жылғы күзде ауылындағы ұлты қарашай, 15 жасар Берберіпқызы Байдыматқа үйленіпті. Ол бесінші сыныпты ғана бітірген екен. Бірақ бұл қадамының қырсығы мен қиындығын талай жылдар тартыпты. Кәмелетке толмаған қызды алды деп сотталып та кете жаздаған. Бұл жайт отбасының берекесін алып, күн көрсетпеуге айналыпты. «Ағайыннан өткен жау, табалдырықтан өткен тау болмайды деген осы екен, – дейді әлі де көзі тірі майдангер қария. – Ақыры мені бір мың болғыр кісі аудан орталығына шақырып, неше жылдай, бірде сонда апталап қонып, бірде ауылға қатынап жүріп, тұтынушылар одағында есепшілік қызмет атқардым. Ауданға көшейік десем, «қартайған шағымда кәрі сүйегімді қайда сүйремексің, өлсем, ел ішінде өлейін. Мен өлген соң қайда көшсең, онда көш» деп анам көнбейді. Өстіп жүргенде бірнеше балалы болдық. Ондаған жыл талай жерге сандалып табанымнан тозып жүргенде, ауыл басшылары ауысып, мені қайтадан ауылға қызметке шақырды. Міне, содан бері зейнеткерлікке шыққанға дейін ауылдық кеңес басшысының хатшысы, одан кейін есепшілік қызмет атқардым», – дейді.
– Қандай марапаттарыңыз бар?
– «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі, «Берлинді алғаны үшін» медалі, т.б. көптеген мерекелік медальдарым бар, – дейді Әшірбек әкей.
Соғыста өткізген әрбір күні ерлік, бейбіт өмірде өткізген әрбір сәті өнегеге толы қарт жауынгерге әлі де ұзақ жасап, арттағы жас ұрпаққа көрсетер өнегеңіз, айтар өсиетіңіз көп болсын деп тіледік.
Ұлдана Молдабаева
Жамбыл облысы