04 Мамыр, 2016

Жарыстар жаңғырығы

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ауыр атлетика.  Таш­кент қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды. Чемпионатқа Қазақстаннан екі спортшы қатысып, екеуі де алтын медальды жеңіп алды. 85 килоға дейінгі салмақта Денис Уланов пен 94 килоға дейінгі салмақта күш сынасқан Владимир Седов Азия чемпионы атанды. Дзюдо. Германияның Берлин қаласында Еуропа кубогы үшін жарыс өтті. Бұл сын­да  Дамир Болатбеков 50 кило салмақта күміс медальды иеленді. Қол күресі. Ташкент қа­ла­сында армрестлингтен жас­өс­пірімдер, жастар және ересектер арасында Азия чемпионаты болып өтті. Оған 21 мемлекеттен 770 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 20 алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынды иеленді. Бокс. Павлодарда жас­тар арасында Азия чемпионаты басталды. Оған 18 елдің спорт­шылары қа­тысуда. Чемпионат Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) ере­жесіне сәйкес  10 салмақ дәре­жесі бойынша өтеді.  Жарысқа 15 адам төрелік жасайды. Қазақ күресі. Осы күндері еліміздің әр аймағында «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу жарыс­тары өтіп жатыр. Алматыда  Вик­тор Демьяненко «Алматы ба­рысы» атанса, Қызылордада Ела­ман Ерғалиев «Сыр барысы» тур­­нирін жеңіп алды. Маңғыстау облысында Ербол Игілік «Ақтау барысы» атағын иеленді.  Енді олар «Қазақстан барысы» турни­ріне қатысады. Велоспорт. Қызылордада жасөспірімдер арасында велоспорттан қазақтан шыққан тұң­ғыш әлем чемпионы, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Марат Сатыбалдиевтің жүлдесіне ар­налған республикалық веложарыс аяқталды. Биыл жетінші рет өткен жарысқа еліміздің 10 облысынан 17 команда, 150-ге жуық спортшы қатысты. 57 шақырымдық топтық жарыста Глеб Брусенский (Талдықорған қаласы) жеңімпаз атанды. Қыздар арасында 24 шақырымдық топтық жарыста Ақтолқын Әбдіжаппар (Қызылорда облысы) бас жүлдені жеңіп алды. Футбол. Қазақстан премьер-лигасының 8-туры өтті. Осы турдың басты ойыны «Астана» мен «Қайрат» командаларының арасында болды. Бұл матчта алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Басқа кездесулер мынадай есеппен аяқталды: «Ордабасы» (Шымкент) – «Ақжайық» (Орал) 1:0,  «Тобыл» (Қостанай) – «Тараз» (Тараз) 1:0,  «Жетісу» (Талдықорған) – «Ертіс» (Павлодар) 0:3,  «Шахтер» (Қарағанды) – «Атырау» (Атырау) 0:0, «Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 1:0. «Егемен-ақпарат»