Тағы да жеңіс! Қазақ елінің мерейін тасытқан, қарсыластардың жігерін жасытқан тағы бір жарқын жеңіске қол жетті. Бұл жеңіс жалғыз келген жоқ. Ауыр салмақ бойынша әлем чемпионы алтын медалімен қатар, абсолюттік әлем чемпионы алтын медалін де қоса алды. Ол – астаналық спортшы Қуаныш Қабылдин.
Сәуір айының 17-сі мен 22-сі аралығында БАӘ астанасы Абу-Дабиде джиу-джитсудан әлем біріншілігі өтіпті. Онда жаттықтырушы Қанат Әлин бастап барған қазақстандық спортшылар командалық жарыста үшінші орынды жеңіп алған. «Бразилиядан шыққан бұл спорт түрі қазір бүкіл әлемге кеңінен жайылып барады. Нағыз ерлер шайқасатын алаң. Әсіресе, БАӘ-де джиу-джитсу қатты дамып келеді десек болады. Бұл спорт түрімен біздің елдің азаматтары көп таныс болмауы мүмкін. Сондықтан, қысқа қайырып түсіндіргенде, джиу-джитсу жалпыға мәлім дзюдоға көп ұқсайды», деді чемпион.
Әуежайдағы абыр-сабыр да джиу-джитсу спортының анық-қанығына бәрібір қаныға алмаған соң интернетке жүгінгеніміз рас. Онда көргеніміз бойынша, бұл спорт түрі дзюдоға қарағанда әлдеқайда күрделі әрі қауіпті екенін байқадық. Себебі, басы кәдімгі шығыс жекпе-жегі сияқты басталып, аяқпен теуіп, қолмен ұрудың неше түрін қолданады. Сәті түскенде қоян-қолтық белдесе кетіп, қарсыласын алып ұрады екен де, тұрғызбай тастауға әрекет етеді. Ал жерде жатып болатын айқаста бір-бірін барынша тұншықтырып, қол-аяғын бұрап жеңілгенін мойындатуға аямай мәжбүрлейді екен.
Ал енді бүгінгі батырға қайта оралсақ, ол ауыр салмақта алты қарсыласын алып ұрып, талассыз күш иесі екенін мойындатып барып жеңіс тұғырына көтерілген. Нәтижесінде абсолюттік чемпионатқа қатысуға ұсыныс түскен. Ұйымдастырушылар мен көрерменнің қызу қолдауына ие болған қазақстандық спортшы өз келісімін беріп, бұл жарыста 12 алыппен жекпе-жекке түсіп, бәрін де тізе бүктіреді. Сөйтіп, бір жарыста екі бірдей алтын медальды иеленіп, ел мерейін тасытады.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»