Мүмкіндігі шектеулі, яғни зағип қамкөңіл жастардың интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін ескеріп, ақпараттық кеңістікте насихаттап, жүректеріне шырақ, көңілдеріне шуақ сыйлау – біздің кітапхананың басты міндеті. Оларға қоғамда тең екендіктерін сезініп жүрулеріне қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп, өмірде өз орнын тауып, биік белестерге жеткен зағип азаматтардың өмірін арқау ету арқылы көптеген әлеуметтік-сауықтыру жұмыстары жүргізілуде.
Облыста 5 мыңнан аса І-ІІ топтағы көзі кем мүгедектер тұрады. Бұл кісілердің ішінде көптеген зағип жандар жоғары білімді, біреулері өлең жазып, ән айтса, ал біреулері кезінде бірнеше спорт түрлерінен чемпион атанған жандар. Және әлі күнге спорттан қол үзген емес. Түрлі оқиға салдарынан көз жанарынан айырылған азаматтар үлкен күйзеліске ұшырап, тіпті, өмірімен қоштасқысы келіп өз-өзіне қол жұмсап жатқан жағдайлар да жоқ емес. Сондықтан, зағип жандардың рухын көтеру мақсатында кітапхана көптеген жұмыстар атқарып келеді.
Жақында кітапханада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған кеш ұйымдастырылып, келушілер көз мүгедектерінің интеллектуалды қабілеттеріне, спорт ойындарына, қолөнер шеберлігіне, ақындық, әншілік, күй тарту сияқты жан-жақты таланттарына куә болды. Зағип жастар өздерінің патриоттық сезімдерін өнерлері арқылы жеткізді. Кешті облыстық көз мүгедектері балаларына арналған «Үміт» мектеп-интернаты оқушыларынан құралған «Сұңқар» домбырашылар оркестрі «Күй тартыс», «Тепеңкөк» күйлерімен ашты. Көз мүгедегі, жас ақын, «Жас жаным құштар ақ таңға» өлең жинағының авторы Ербек Бакиев, Т.Әбдірәсілов, П.Үйсінбаева, Н.Оралбай, Р.Тайыров, Н.Төребай, М.Ералиева, А.Смандияр, «Самғау» тобы, Асылай мен Нұртілеу, Қ.Басқан, Ж.Барлыбаев өлең оқып, ән шырқады, домбырада ойнады. Сондай-ақ, бұл кеште шетелдерде өткен паралимпиаданың бірнеше дүркін жеңімпазы (жүзуден) М. Ибрашев өз жеңісті сәттерімен бөліскен болса, спортшы жастар арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылды.
Ұлбике ТҰРАНБАЕВА,
облыстық зағиптар кітапханасы директорының орынбасары
Оңтүстік Қазақстан облысы