04 Мамыр, 2016

Бірлік жыры

755 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
– Бірлік, қайда барасың? – Ертеңгі күнін ойлаған, Тойын да бірге тойлаған, Киелі рухын жоймаған, Тату елге барамын! – Бірлік, қайда барасың?! – Санасы таза бұлақтай, «Соғыс» сөзін ұнатпай, Жетім-жесірін жылатпай Жүрген елге барамын! – Бірлік, қайда барасың? – Халқымен барын бөліскен, Бабадан мирас жер үшін, Жан беріп, қан төгіскен, Батыр елге барамын! – Бірлік, қайда барасың? – Жер асты, үсті байлығын, Жейтін ас, ішер шайлығын, Оңды, солды шашпаған, Алпауыттар алдында, Ойланбай жақ ашпаған, Байыпты елге барамын! – Бірлік, қайда барасың? – Адалдық пен тазалық, Үлгілі іспен мақтанған, Жат әдеттен сақтанған, Иманды елге барамын! – Бірлік, қайда барасың? Салт, дәстүрін сақтаған, Ата-баба үмітін, Еңбекпен адал ақтаған, Ерлерін қолдап, жақтаған, Көргенді елге барамын! – Бірлік, қайда барасың? – Ерлері етпей күнде егес, Бірін бірі күндемес, Жан жылуын сыйлайтын, Жамандыққа қимайтын, Ізетті елге барамын! – Бірлік, қайда барасың? Әдепсіз іспен басынса, Тәртіпке салар жасынша, Жақсы іске еріген, Самарқанның тасынша, Ұйымшыл елге барамын. – Бірлік, қайда барасың? – Жарқыраған жұлдызы, Инабатты ұл, қызы, Көңіліндей ашық аспаны, Ойына да алмайтын, Ізгіліктен басқаны, Шаттыққа толы әр күні, Өрлеген даму қарқыны, Тыныш елге барамын! Ұлы Дала елінің, Ынтымақ болған ұраны, Бірлігі кетпей мәңгілік, Таусылмағай жыр, әні! Сенбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ АСТАНА