25 Қаңтар, 2011

Оңды істер де, шешімін күткен мәселелер де бар

455 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісі Төраға­сы­ның орынбасары Жәнібек Кәріб­жа­новтың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын- үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің 2010 жылғы жұмысының қорытындылары және 2011 жылға арналған міндеттері туралы» деген та­қы­рыпта Үкімет сағаты өтті, деп ха­барлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Онда аталған тақырып бойынша Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин баяндама жасады. Агенттіктің басты міндеті – құрылыс саласын және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту мен реформалау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады. Тұрғын үйді іске қосу жоспары 103% орындалған және нақты 6,4 млн. шаршы метрді құрайды. Барлық қаржыландыру көздері бойынша тұрғын үй құрылысына 317 млрд. теңге инвестиция, неме­се 2009 жылдың деңгейіне қа­ра­ғанда 97,9% қаржы бағытталған. 2007 жылдан бастап, Үкімет үлестік құрылысты аяқтауға 433,4 млрд. теңге бөлген. Нәтижесінде, 389 объекті бойынша 53 мыңнан астам үлескердің проблемалары шешімін тапты. Республика бой­ынша қалған 58 объектіні (13650 үлескер) ағымдағы жылы пайда­лануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде Астанада 25 объек­тіні (5 944 үлескер), Алматы қала­сында 19 объекті (3 376 үлескер), басқа өңірлерде 14 объектіні (4 330 үлескер) іске қосу жоспар­ланған. Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына Жолдауына сәйкес 2009 жылдан бастап, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын да­мы­ту және жаңғырту» бағыты бой­ынша «Жол картасы» іске асы­ры­лып, өткен жыл ішінде осы мақ­сатқа 51 млрд. теңге бөлінген, 672 жоба іске асырылған және 41 мың­нан астам жұмыс орны ашылған. Мемлекет басшысының тап­сыр­маларын орындау үшін Қазақ­станда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің әлеуетін пайдаланумен қатар, тұрғын үй құрылысының жаңа схемасы іске асырылуда. 2011 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», жергілікті атқару­шы органдар қанатқақты жоба­лар­ды іске асыру үшін 20,8 млрд. теңге бөлуді қарастырған. Сонымен бірге, 6 өңірде «Нұр­лы көш» бағдарламасы бойынша кредиттік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Осы мақсатқа 2011 жылы 7,3 млрд. теңге көзделіп отыр (Ақтөбе, Шығыс, Батыс, Сол­түстік, Оңтүстік Қазақстан, Маң­ғыстау облыстары). Агенттік төрағасы Мәжіліс де­путаттары алдында басқа да ат­қарылған жұмыстардың негізгі бағыттары бойынша есеп беріп, бар күш-жігерлерін қазақстан­дық­тардың әл-ауқаттарын артты­ру және тіршілік сапасын жақсар­ту жолына бағыттайтындықтарын мәлімдеді. Баяндамадан кейін депутаттар Серік Нокинмен сұрақ-жауап рәсіміне көшті. А. Бекенов, Ш.Өтемісов, В.Нехорошев, Е.Ома­ров, Ү.Медеуов, Ж.Дүйсе­ба­ев, Г.Сейітмағанбетова, т.б. депутаттар сұрақ беріп, пікір білдірді. Жәнібек Кәрібжанов Үкімет са­ғатын қорыта келе бірқатар қол жеткен жетістіктермен қатар, әлі де қолға алынатын мәселелер ба­рын айтып өз ұсынысын білдірді. Біріншіден, салынып жатқан үй­лер­дің құрылысының сапасы­ның төмендігі, осы объектілердің са­па­сын, қауіпсіздігін қадағалау жүйе­сінің әлсіздігі, қолдануға берген үйлердің талапқа сай болмауы алаңдатады. Сонымен бірге, ең басты мә­селе – 2007-2008 жылдары Үкі­меттің тікелей қолдауымен бас­талған үлестік құрылысқа қатыс­қан үлескерлердің мәселелерін көп созбай шешу керек. Тағы да бір айта кететін жәйт – көп пә­терлі үйлерді күтіп ұстаудағы комму­нал­дық қызмет көрсету дең­гейінің төмендігі, әсіресе, жаңадан салын­ған үйлердің тез арада күрделі жөндеуді талап етіп жататындығы, ал ескі, апатты деп танылған үй­лердің мәселесі де жетерлік. Жергілікті жерлерде тұр­ғын үй инс­пек­циясының жұ­мы­сын жүргізу қажет. Екіншіден, халықты таза сумен, электр қуатымен, газбен, от­ынмен жабдықтау керек, әсіресе, жылумен қамтамасыз етуді мемлекеттік тұрғыдан қатаң түрде, айрықша қадағалау міндет. Ол үшін қосымша инвестициялар тар­ту, жаңа технологиялар мен инно­вацияларды енгізу қажет.