04 Мамыр, 2016

Бізде іргетасы мықты бірлік бар

355 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ким Роман Ухенович1,1 (3х4) Әр мерекенің өзін­дік ерекшелігі бар. Біз­дің бала кезіміз­де 1 ма­мыр Еңбекшілер­дің халықаралық ын­ты­мақтастығы күні ретін­­де аталып өтетін еді. Бейбіт шерулер өткізу дәстүрі қалып­тасқан-тын. Ал еліміз тәуел­сіздігін алған соң, мейрамдар мен елеулі даталар жаңа тұрғыда алынып, арнайы заң қабылданды. Айталық, 2001 жылғы 13 жел­тоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңның 3-бабында мемлекеттік мерекелер атап көрсетілген. Соның ішінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бір­лігі күні мерекесі екені нақты жазулы тұр. Мен мұны достық пен ынтымақтың, байлық пен берекенің, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің мейрамы деп есептеймін. Өйткені, осы ұғымның бәрі елдің бірлігінен туындайды. Жалпы, әр отбасы үшін Қазақ­стан халқының бірлігі мерекесінің орны бөлек. Бұл – жанымызға шуақ, бойымызға қуат сыйлайтын, әрбір азаматтың патриоттық сезімін арттыратын мейрам. Бірлік күні дегеннің мағынасын қазір тіптен тереңірек ұғына түстік. Өйткені, біз – 130-дан астам ұлт пен ұлысты біртұтас халыққа айналдыра білген мемлекеттің азаматтарымыз. Елбасымыз ел­дің бірлігі барлық бастаманың, жетістіктердің, ерен еңбектердің ең басты негізі, іргетасы екенін үнемі атап өтеді. Негізінен бір ұлттың өкілдері тұратын елдерде көп қиындық туа қоймайтыны белгілі. Сол елдегі халықтың тілі, салт-дәстүрі, діні қалыптасқан жағдайда дами береді. Мысалы, Кореяда солай. Ал бізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өзіндік салт-дәстүрі, діни көзқарастары әртүрлі, ділі басқа, тіпті, өмірдің болмысын қабылдауда өзіндік ерекшеліктері бар, наным-сенімдері әрқалай, мінез-құлықтары да бір-біріне ұқ­самайды. Сондай алуан түрлі ұлтты бір шаңырақтың астына жинап, Қазақ елінің біртұтас халқына айналдыру оңай шаруа емес. Бұл – үлкен еңбекпен, терең зерделенген идеология­ның негізінде қол жет­кізілетін табыс. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсын­ған «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі мақ­саты – болашағы біртұтас елді қалып­тастыру. Бізде бейбітшілік, келісім, бірлік бар, бір отбасындай тату өмір сүріп жатырмыз. Ел тарихы үшін елеулі барлық мерейтойларды, халықтық және мемлекеттік мерекелерді бірге атап өтеміз. Сондықтан біз үшін халық бірлігі күні ерекше мейрам. Мамырдың жаймашуағындай жылылық сыйлайтын осы мерекенің жүрекке қуаныш құятын қасиетін сезіне білуіміз қажет. Қазір жұмыс орнымызда әртүрлі ұлт өкілдері сыйластықпен бірге қызмет жасаймыз. Дастарқанда бірге отырамыз. Балаларымызды да кеңпейілді, үлкенді сыйлауға, адамды құрметтеуге тәрбиелеп келеміз. Ұрпағымыз өркениетті елде бақытты өмір сүргенін қалаймыз. Бірлік, татулық өзінен өзі келе қалмайды. Ел тыныштығын сақтауға бағытталған жұмыстар ай сайын, күн сайын, сағат сайын тоқтаусыз жүргізіле беруі керек. Ол үшін бізде мықты қаланған ынтымақтың іргетасы бар. Сол іргетасымызға ешқашанда сызат түспесін деп тілейміз. Тәуелсіз мемлекетіміздің жар­қын болашағы жолында бір­тұтас халқымыз аянбай еңбек етіп, бірлігі арқылы жасампаздығын дәлелдеп, шын мәнінде 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуына ізгі тілегімізді білдіреміз. Біздің арманымыз да, мақсатымыз да – осы! Роман КИМ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» РҚБ президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі