04 Мамыр, 2016

Бейбіт күнде де ерлікке орын бар

656 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DSC_0098Ерлік – майдан шебінде, ұрыс даласында ғана жасалмайды. Шынтуайтында, ерліктің түрі көп. Соның бірі – бейбіт өмірдегі ерлік пен батырлықтың үлгісіне бас имеу, құрмет тұтпау мүмкін емес. Әсіресе, күнделікті өмірі тәуекелмен тығыз байланысты әскери қызметшілердің әрбір батыл әрекеті, табанды іс-қимылы қоғамның тікелей назарында болары даусыз. Осыдан бірер жыл бұ­рын Оралдағы «Батыс» өңір­лік қолбасшылығының аға офицерлері, майорлар Салауат Қабдықұлов пен Ринат Жұма­лиев тілсіз жау – өрттен бір­неше адамды құтқарып, ерлік жасады. Әрине, олардың өздері бұл қадамдарын ерлік емес, Отан алдындағы, халық алдындағы әскери, азаматтық борышымыз деп түсіндіреді. Дейтұрғанмен, сын сағаты туғанда көзді жұмып көмекке ұмтылатын ерік-жігер, ба­тылдық баршаның бойына берілмеген қасиет екендігін де мойындауымыз қажет-ақ. Енді қос сардардың басынан өткен сол бір төтенше оқиғалардың қалай өрбігендігіне тоқта­лайық. Жер-Ана жасыл желегін жамылып, тіршілік атаулы түлеп сала берген мамыр айының орта шені болатын. Осы бір жай­машуақ, жайдары қалыпты аяқ астынан шыққан ащы айқай бұзып жібергендей болды. «Өрт! Өрт! Үй өртеніп жатыр!» деген жандәрмен дауыстар түстік ішуге үйіне келе жатқан Салауат Қабдықұловты да селт еткізді. Ойлануға, толғануға уақыт жоқ. Бұған дейін де талай оқыс оқиғалардың ортасында болып, әбден шыныққан  әскери офицер дереу дауыс шыққан жаққа жүгіріп жетті. Бес қабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтердің терезесінен жалынның қызыл тілі сумаңдайды. Будақтаған түтіннен тыныстары тарылған тұрғындар көшеге қашып шық­қан. – Үйде кім қалды?! – Бәріміз шықтық...Жоқ, тұра тұрыңыз, өртеніп жатқан пә­тердің иесі үлкен кісі еді. Сол көрінбейді. Шамасы іште... Соңғы сөзді жүре тыңдаған майор баспалдақ бойымен бесінші қабатқа ұмтылды. Пә­тер­де шынымен де 77 жастағы егде кісі қалып қойған екен. Қол­қаны қапқан иіске уланып, талықсып кеткен үй иесін Салауат көтеріп сыртқа алып шықты. Іле-шала жеткен өрт сөндірушілер алапат­ты ауыздықтап, «жедел жәрдемнің» дәрігерлері құтқарылған адам­ның өмірін аман сақтап қалды... Арада тура екі  ай уақыт өткенде дәл осыған ұқсас жағдай тағы қайталанды. «Батыс» өңір­лік қолбасшылығына қарас­ты 5517 әскери бөлімі штабының бастығы, майор Ринат Жұма­лиев түзеу мекемесінен келе жатқан жолында Чагано-На­бережная көшесіндегі үйлердің бірі отқа оранғанын байқайды. Жүргізушісіне қызметтік көлігін тура үй жанына тоқтатуға бұй­рық берген сардар тез арада жалын шарпыған үйден 12 адам­ның дін аман шығуын сауатты ұйымдастырды. Өрт сөндіру бөліміне шұғыл хабар беріп, көрші үйлерден тұрғындардың мүлкін шығаруға жәрдемдесті. Қос офицердің қысыл-таяң шақта көрсеткен ерлігі, аспай-саспай жасаған батыл әрекеті мемлекет тарапынан жоғары баға­ланғандығын айтуымыз керек. Нақты айтқанда, Са­лауат Қабдықұлов пен Ринат Жұмалиев өрт кезінде адамдарды құтқарғаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 4 мамырдағы №7 Жарлығы негізінде «Жауын­герлік ерлігі үшін» медалімен наградталды. Майор С.Қабдықұлов жо­ғары награданы Ақордада Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өз қолы­нан алса, Р.Жұмалиевке ме­далді Ұлттық ұланның бас қол­басшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов тапсырды. Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, журналист Батыс Қазақстан облысы Суретте (солдан оңға қа­рай): С.Қабдықұлов және Р.Жұ­малиев