04 Мамыр, 2016

Қырағы Құрамысов

796 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

парад 16Отан үшін күрес – ерге тиген үлес

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қа­зақ­стан-2050» Стра­­тегиясы – қалып­тасқан мем­ле­­кеттің жаңа саяси бағы­ты» атты Жолдау­ын­да: «Біздің басты же­тіс­тігіміз – Тәуелсіз Қа­­зақстанды құр­ғаны­мыз», дей келіп, Қазақстан халқының ел Тәуел­сіздігі жылдарында алған асуларын, еңсер­ген биіктерін талдап, саралап бер­ген еді. Сондай-ақ, өзінің Жолдауында «Жа­ңа Қазақ­стандық Патриотизм – біздің көпұлт­ты және көпконфессиялы қоғамымыз табы­сының негізі» екенін атап көрсеткен болатын. Алдағы 7 мамыр елімізде мемлекеттік мереке – «Отан қорғаушы күні» деп белгіленгені белгілі. Ал Отанды қорғау ұғымы бірінші кезекте елдің әскери қызметшілерімен байланыс­тырылады. Оның негізінде патриоттық ұстаным – Отанды сүю жатады. Елбасының сөзімен айтсақ, «...Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі».

Қырағы Құрамысов

IMG_1627 Қашанда шекарашылармен әңгіме қысқа. Әскери форма киген осынау сұсты жандар нақты сұрақ қояды, нақты жауап талап етеді. Бәлкім шекара шебіндегі қарбалас жұмыстар, қатал тәртіп бұларды тіптен қатайтып жіберген болар. Содан ба, Тараз қаласына жақын орналасқан «Айша бибі» шекара бақылау бөлімшесінің басшысы Талғат Құрамысов бізді өте жылы қарсы алғанымен, өзі туралы ағылып ештеңе айтқысы келмеді. Қайта еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген өз әріптестерін мақтан еткісі келді. Осыдан-ақ Құрамысовтың өте қарапайым, мәдениетті басшы екенін аңғардық. Талғат Чапайұлы 2014 жылы «Ең үздік шекара бақылау бөлімшесі басшысы» атағына ие болған. Және тыңғылықты жұмысының нәтижесінде ҚР ҰҚК төрағасы қолынан, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшылығы мен «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы тарапынан бірнеше рет алғыс хаттар алған азамат. Жақында ғана бұл бөлімше 29 кило есірткі заттарын тәркіледі. Шекара шебінде жатқан бөлім­шеде жұмыстың дұрыс ұйым­дастырылуынан бұл өткізу пунк­ті бүгінде Бішкек – Талас тасжо­лындағы заң бұзушылар мен жа­сырын жолмен жүк алып өту­шілердің нағыз тосқауылына айналып отыр. Өткен 2015 жылы «Айша бибі» шекара бақылау бөлімшесі қызметкерлерінің қыра­ғылығы арқасында қылмыстық әрекеттері үшін қашып жүрген және террорлық ұйымдарға қаты­сы бар деген 10 күдікті ұсталды. Азаматтық сот істеріне байланыс­ты сырт елдерге шығуға тыйым салын­ған 1000-нан астам адам анық­талды. Және шекарадан қан­шама жасырын жүк алып өт­пек бол­ғандардың жолы кесілді десеңізші... – Біздің қызметкерлер бақылау­ды тәулік бойы жүргізеді, – дейді бұл жөнінде Талғат Құрамысов. – Бөлімше техникамен, қызметтік иттермен, байланыс және тексеру құралдарымен жабдықталған. Тәулігіне біздің пункт арқылы әрі-бері бес мыңнан астам адам, мыңнан астам көлік өтеді. Осы­дан-ақ шекарашылардың қызметі өте ауыр екенін айтпай-ақ түсі­несіз. Соған қарамастан олар жұмыс­тарын адал атқарып, мемле­кет ше­карасынан заңсыз өтпек бол­ғандарға тосқауыл болып жүр. Өткен жылдың ақпан айының жаймашуақ күндерінің бірінде сержант Т.Нұртай «Жамбыл» темір­жол стансасы арқылы келген жүктерді тексеруден өткізді. Түске жақын барлық вагондар тексеруден өтіп, есіктеріне мөрлер басылды. Жүктің барлық құжаттары мұқият қаралды. Ешқандай заң бұзушылық жоқ. Әйтсе де сержант Т.Нұртай вагондардың жанынан өтіп бара жатып рельс­терге көзі түсіп кетіп, қалшиып тұ­рып қалады. Бізге ұсынған құжаттарға қарағанда бұл вагонға мал азығы артылған. Барлық, ба­қылаушы органдардың рұқсат берген мөрлері бар. Бірақ құп-құрғақ жем-шөп артылған вагоннан неге қан тамшылап тұр? Вагон тұрған жер, рельс, шпалдар... бәрі қып-қызыл қан. Сержант тез арада бөлімшеге хабар берді. Нәтижесінде вагонның есігі ашыл­­ды. Сөйтсе оған мал азығы емес, әлі кеуіп те үлгермеген мал те­рілері артылған екен. Жалпы салмағы 70 тоннаны құрайды. Жүкті жасырып алып өтушілер терілерді қаншама целлофан қал­­тамен орап, мықтап буып-түй­­генімен сұйық қан бәрінен өтіп, жерге тамған. Тағы да бұл жүк­­тердің бізге дейін қаншама тек­серуші органдардың сүзгісінен өт­кенін айтсаңызшы. Міне, біз­дің жі­гіттердің қырағылығы арқа­сын­да бұл контрабандалық жүктер шекарадан өтпей қалды. Тағы бірде сержант К.Чума­чевтың жетегіндегі «Гроза» атты иісшіл ит құжаттарды тексеру залына кіргенде кенеттен кезекте тұрған бір азаматқа қарай жүгіріп, бәтіңкесіне шап берді. Иттің бұл әрекеті шекарашылардың күді­гін тудырғанымен, әлгі азамат өне бойында ешқандай тыйым са­лынған заттардың жоқ екенін айтып, қасарысып тұрып алады. Дегенмен де, тексеру жүргізіледі. Нәтижесінде оның шұлығынан марихуана салынған орама табылады. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген, қазір контрабандашылар де әбден қу боп алған. Сондықтан олар көбінесе шекара пунктіндегі қарбалас шақтарды сәтті пайдаланып немесе адам баласы маужырап, қалғи бастайтын жеті түннің ортасында өтіп кетуге тырысады. Әйтсе де шекарашылар ешқашан да босаңсымайды. Кезекті бір тексеру кезінде «Гроза» қырғыз елінен Ресейге кетіп бара жатқан көліктің төбесін тырмалап, өзінен-өзі әбігерге түсті. Сол тұсты арнайы құрылғылармен тексергенімізде гашиш аталатын есірткі заты салынған орама қолымызға іліге кетті. Ал, сержант И.Әміров жаздың ыстық күн­дерінің бірінде шлагбаумға кеп тоқтаған көлікті тыңғылықты тексерудің нәтижесінде жүк сал­ғышқа жасырылған травматикалық тапаншаны тауып алды. Және жүк салғыштың түбіне тереңірек қол салғанымызда 25 жауынгерлік патрон мен мергендер мылтығына арналған 7 патрон тағы табылды. – Біздің мамандыққа тек терең білім ғана емес, түйсік, пси­хо­логиялық дайындық және жа­нындағы әріптестерінің көмегі керек, – дейді бізбен әңгімесінде майор Талғат Құрамысов. – Егер шекарашы бір нәрседен күдік алды ма, тез арада тәжірибелі ма­мандарға айтуы қажет. Яғни, бір адамның қырағылығы бүкіл ұжымның жұмысына оң әсер етеді. Мысалға, сержант И.Супбеков нағыз өз ісінің маманы. Талай мәр­те шекарадан заңсыз өтпек бол­ғандардың жолын кескен бұл ше­карашы қазір жас мамандарды тәрбиелеуде. Сондай-ақ, прапорщик Р.Байділдинов, сержанттар К.Чумаев, А.Тоқаев, И.Амиров, К.Байбатыров және басқалар өз істерін жетік біледі. Міне, шекара шебіндегі әңгіме осылайша өрбіді. Бөлімше басшысы болған оқиғаны еш боямасыз нақты айтты. Осыдан-ақ Тал­ғат Құрамысовтың сөз­ден гөрі іске бейім екені бай­қалды. Бас­шы қандай болса қызмет­кер­лері де соған қарап бой түзей­ді емес пе? Лайым, қырағы шекара­шы­ла­рымыздың еңбектері жана берсін. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы