Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде бүгінгі күнде қоғамды алаңдатып отырған жер сатылымы жөніндегі негізсіз әңгіме, можантопай мәселеге байыпты пікір, байламды сөзбен нүкте қойды. «Тағы да айтқым келеді – ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да», – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы осылайша мәселенің басын ашып берді. Ендігі кезекте ел арасында біздің мемлекеттің жер туралы саясатын егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек деп санаймын. Бұл бағытта кешеуілдеуге болмайды. Жерге қатысты заң талаптарын терең және жан-жақты ұғындырмайынша, халықты жалаң сөзбен алдарқату ақылға сыйымсыз шаруа. Бұл жерде таяқтың екі ұшы барлығын естен шығармау керек. Мұндайда сауатты һәм салиқалы саясат қана өз жемісін береді.
Мысалы, «Қарағанды облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп келеді.
Өңірдегі ауыл шаруашылығы бағытындағы пайдаланылмай келе жатқан жерлерді айналымға қосу шараларын орындау бойынша 2015 жыл мен биылғы жылғы бірінші тоқсанда жер көлемі 360 мың гектар болатын 166 ауылшаруашылық субъектілеріне тексеру жүргізілді. Шара барысында жалпы аумағы 333 мың гектар болатын ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдаланбай келген 156 шаруашылық анықталып, оларға 3 млн. 740 мың теңге айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, барлық аудандардағы жергілікті газеттерге жерін мақсатты пайдаланбай жүрген жер иелерінің тізімі жарияланып, олардың жер туралы заң баптарын бұзып отырғандығы қатаң ескертілді. Әлбетте, мұндай жұмыстар болашақта да жалғасын таба бермек.
Қазіргі таңда облыстың қалалары мен аудандарында пайдаланылмаған жерлерді анықтау және пайдаланылмаған жердің жер салығының арқаулық төлемін көтеру туралы мәслихаттардың шешімін қабылдау жөніндегі жұмыс топтары құрылып, іске кіріскен.
Енді пайдаланылмаған жерлерге қандай жер телімдері жататынына тағы бір мәрте зер салайық. Мысалы, ауылшаруашылық дақылдарын егуге арналған жерлер өңделмесе, мұндай егістік жерлер және ауыл шаруашылығы жануарлары жайылмаған немесе саны жағынан жалпы аумаққа жүктелген жеткілікті норманың 20 пайызынан аз болған жағдайдағы жайылымдық жерлер «пайдаланылмаған» деген санатқа жатқызылады.
Бұл бағытта басқарма тұрақты негізде түсінік және ескерту жұмыстарын жүргізіп отырады. Мысалы, бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары мен фермер шаруашылығының басшылары қатысқан 20-дан астам дөңгелек үстелдер отырысы, семинарлар мен мәжілістер ұйымдастырылып, жер заңнамасының нормалары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарындағы ауылдық округтердің әкімдіктерінде осы мәселе бойынша тұрғындарды қабылдау жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, мемлекеттік бақылау мекемесінің міндеті пайдаланып келе жатқан жерлерді алып қою емес, керісінше, жерді ауылшаруашылық айналымына жіберу мақсатында жерді пайдалану бойынша шараларды қабылдау керектігін ескерту. Жалпақ тілмен айтқанда, жер бос жатпай, нағыз жер иесінің қолында игеріліп, адамдардың игілігіне жұмыс істеуі керек.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы және тұрғын үй-коммерциялық бағыттағы пайдаланымай келе жатқан жерлерді анықтап, оларды айналымға қосу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатындағы жұмыстар жалғасуда. Басқарманың міндеті – бұл бағытта қолданыстағы заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалау.
Саяш АХМЕТОВ,
«Қарағанды облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы»
ММ басшысы
ҚАРАҒАНДЫ