04 Мамыр, 2016

Жер игерілсе – игілікке жұмыс істейді

315 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
АхметовЕлбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессия­сын­да сөйлеген сөзінде бүгінгі күнде қоғамды алаңдатып отыр­ған жер сатылымы жөнін­дегі негізсіз әңгіме, можан­то­пай мәселеге ба­йыпты пікір, бай­ламды сөзбен нүк­те қой­ды.  «Тағы да айтқым келе­ді – ауыл шаруашылығы жер­лерін шетел азаматтарына және ком­па­ния­ларына сату туралы мәсе­ле жоқ, талқыланбайды да», – деді Мемлекет басшысы. Елбасы осылайша мәселенің басын ашып берді. Ендігі кезекте ел ара­сында біздің мемлекеттің жер туралы саясатын егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек деп санаймын. Бұл бағытта кешеуілдеуге бол­майды. Жерге қатысты заң талаптарын терең және жан-жақты ұғындырмайынша, халық­ты жалаң сөзбен алдарқату ақыл­ға сыйымсыз шаруа. Бұл жерде таяқ­тың екі ұшы барлығын естен шығар­мау керек. Мұндайда сауатты һәм салиқалы саясат қана өз жемісін береді. Мысалы, «Қарағанды облысы­ның жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп келеді. Өңірдегі ауыл шаруашылығы бағытындағы пайдаланылмай келе жатқан жерлерді айналымға қосу шараларын орындау бойын­ша 2015 жыл мен биылғы жылғы бірінші тоқсанда жер көлемі 360 мың гектар болатын 166 ауыл­шаруашылық субъектілеріне тексеру жүргізіл­ді. Шара бары­сында жалпы аума­ғы 333 мың гектар болатын ауыл­шаруашылық жерлерін тиім­ді пайдаланбай келген 156 шаруа­шы­лық анық­та­лып, оларға 3 млн. 740 мың теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, барлық аудан­дар­дағы жергілікті газеттерге жерін мақ­сатты пайдаланбай жүр­ген жер иелерінің тізімі жарияланып, олар­дың жер туралы заң бап­тарын бұ­зып отырғандығы қатаң еске­р­тілді. Әлбетте, мұндай жұмыстар бо­ла­шақта да жалғасын таба бермек. Қазіргі таңда облыстың қала­лары мен аудандарында пайда­ла­нылмаған жерлерді анықтау және пайдаланылмаған жердің жер салығының арқаулық төлемін көтеру туралы мәслихаттардың шеші­мін қабылдау жөніндегі жұмыс топтары құрылып, іске кіріскен. Енді пайдаланылмаған жерлерге қандай жер телімдері жататынына тағы бір мәрте зер салайық. Мы­салы, ауылшаруашылық да­қыл­дарын егуге арналған жерлер өңде­л­месе, мұндай егістік жерлер және ауыл шаруашылығы жануар­лары жайылмаған немесе саны жағы­нан жалпы аумаққа жүктелген жеткілікті нор­ма­ның 20 пайызынан аз болған жағ­дайдағы жайылымдық жерлер «пайдаланылмаған» деген санатқа жатқызылады. Бұл бағытта басқарма тұрақ­ты негізде түсінік және ескерту жұмыстарын жүргізіп отыра­ды. Мысалы, бүгінгі күн­ге дейін кәсіпкерлер, шаруа қо­жалы­қ­тары мен фермер шаруа­шы­лы­ғы­­ның басшылары қатысқан 20-дан астам дөңгелек үстелдер оты­рысы, семинарлар мен мәжі­ліс­тер ұйымдастырылып, жер заңнамасының нормалары егжей-тегжейлі  түсіндірілді. Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудан­дарын­дағы ауылдық округтердің әкімдіктерінде осы мәселе бойынша тұрғындарды қабылдау жұмыстары жүргізілді. Жалпы, мемлекеттік бақылау мекемесінің міндеті пайдаланып келе жатқан жерлерді алып қою емес, керісінше, жерді ауылшаруа­шы­лық айналымына жіберу мақ­сатында жерді пайдалану бойынша шараларды қабылдау керектігін ескерту. Жалпақ тілмен айтқанда, жер бос жатпай, нағыз жер иесінің қолында игеріліп, адамдардың игілігіне жұмыс істеуі керек. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы және тұрғын үй-коммерциялық бағыттағы пайдаланымай келе жатқан жерлерді анықтап, оларды айналымға қосу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатындағы жұмыстар жал­ғасуда. Басқарманың міндеті – бұл бағытта қолданыстағы заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалау.  Саяш АХМЕТОВ, «Қарағанды облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ басшысы ҚАРАҒАНДЫ