04 Мамыр, 2016

Асыраушымызды құндай білейік

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
УшкемпировБіздің ұлан-байтақ жерімізде жайылым да, шабындық та, суармалы алқап та жетіп-артылатыны баршаға мәлім. Бұл жердің бар­лығын ауылдықтар ғана игеріп егін егіп, түрлі дақылдар сеуіп, тыңайтып, өнім алып отбасыларын асырайтыны анық емес. Қол күші және тағы басқа қажеттіліктерді кез келген тұрғын тауып, қамти ала ма? Сондықтан да болар фермерлік және шаруа қожалығы жұмыстарын жүргізетін жердің басым бөлігі бос жатыр, тіпті тұрғын үй құрылысын жүргізуге өткізіліп кеткені де жасырын емес. Жерді өз мақсатында пайдалану проблемасы баяғыда пісіп-жетілді. Егер мемлекет осы мәселеге назар аудармаса ауыл шаруашылығы саласы дамуын тоқтата ма деп те күдіктенемін. Мұның арты шетелдік азық-түлік өнімдеріне базарларымыз бен дүкендеріміз толып, мемлекеттің азық-түлікпен қамтамасыз ету қауіпсіздігіне тірейтін бе еді. Жер – біздің ата-бабаларымыздан мұра болып қалды. Жер – біздің байлығымыз, асыраушымыз. Сондықтан ауыл шаруашы­лығы қажеттілігіне пай­далану үшін жерді рынок­тық айналымға түсіру жөнінде қара­латын заңнаманы отандық ауылшаруашылық құры­лымдары қолдар деп ойлаймын. Алаң­дайтын ешнәрсе жоқ. Заңға сәйкес, жерді тек қазақстандықтар ғана жекеменшігіне алып, пайдаланады. Жер кодексіне енгізілетін өзгертулер ауылдықтардың ғана емес, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ниет еткен қалалықтардың да бизнесін өркендететініне сенемін. Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтының 1995 жылғы түлегі ретінде өзімді мысалға алсам, спорттағы жетістіктерге жеткен соң жаттықтырушылық жұмысты да тоқтатып ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатымен Алматы облысы, Балқаш ауданына келдім. Алғашында шағын ғана жерде шаруа қожалығын ашып, оны кеңейтіп, қосымша жер телімдерін сатып ала жүріп 2000 жылы менің меншігімде 5 мың гектар жер болды. 2007 жылы Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылына ауыстым. Сол кезде ауыл толықтай құлдырап, жолы тозып, дұрыс инфрақұрылымы да болмаған еді. Өз есебімнен электр желісін, газ құбырын тартып, астық сақтау қоймасын қалпына келтірдім. Мал қораларын салып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз еттім. 2010 жылы 500 бас қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын және 500 бас әулиекөл асыл тұқымды бұзауын әкелдім. Бүгінде біздің шаруа қожалығымызда 4500 бас ірі қара, 1500 бас жылқы бар. Мұның сыртында біз жасөспірімдер спорт мектебін салдық. Бүгінде ауыл балаларының сүйікті орнына айналған бұл мектепте самбо, дзю-до, бокспен 300-ге жуық бала жаттығады. Былтырғы жылы уақыт талабына сай балабақша және отбасылық жатақхана салып, пайдалануға бердік. Міне, бұл ауыл бизнесінің бір жемісі.  Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Мәскеу олимпиадасының чемпионы, «Жақсылық» шаруа қожалығының төрағасы  Алматы облысы