04 Мамыр, 2016

«Атлетико» Чемпиондар лигасының финалына шықты

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
04.05.2016 AST-6 АСТАНА. 4 мамыр.  Бүгін Мадридтің «Атлетико» клубы жанкүйерлеріне тамаша сый жасады. Команда УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалында Мюнхеннің «Бавария» клубынан 2:1 есебімен жеңілсе де екі ойынның нәтижесі бойынша финалға шықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұл – Испания клубының үшінші рет Чемпиондар лигасының финалына шығуы. Бұған дейін «Атлетико» 1974 жылы Еуропа чемпиондары кубогының финалына шығып, «Бавариядан» 4:0 есебімен ұтылса, 2014 жылы жерлестері «Реал» командасынан 4:1 есебімен жеңілген  болатын. Дегенмен команда екі рет Еуропа лигасының финалында ойнап, екеуінде де жеңімпаз атанған. Одан қалды УЕФА Суперкубогын да екі рет ұтқан. Расын айту керек, «Атлетиконың» биылғы финалда ойнауға еңбегі сіңді. Аргентиналық жаттықтырушы Диего Симеоненің командасы топтық турнир басталысымен жақсы ойын өрнегін көрсетіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Чемпиондар лигасының жартылай финалы да осыны тағы бір рет көрсетті. Бүгінгі матчта «Атлетико» сырт алаңда «Бавариядан» 2:1 есебімен жеңілгенімен, Мадридте болған матчта өз алаңында соққан жалғыз голдың есебінен финалға шықты. Екінші кездесуде «Бавария» финалға шығуға жанталасып, екі доп айырмашылығымен жеңуге тырысты. Алаң иелерінің Левандовски, Рибери, Мюллер, Видаль сынды ойыншылары қаншама рет қарсыластар қақпасына қауіпті жағдай жасағанымен онысынан ештеңе шықпады. 74 минутта Левандовскидің соққан голы да алаң иелерін құтқара алмады. «Атлетико» матч соңына дейін қорғаныста жатып алып, есепті ұстап тұра алды. Енді бүгін Мадридте екінші финалист анықталады. «Реал» «Манчестер Сити» командасымен кездеседі. Егер алаң иелері жеңсе, Чемпиондар лигасының финалында бір елдің ғана емес, бір қаланың командалары күш сынасады. УЕФА Чемпиондар лигасы 1/2 финалындағы қарсыластардың екінші матчы. 3 мамыр. Мюнхень. «Аллианц Арена» стадионы.   Төреші: Чакыр Джюнейт. «Бавария»:Нойер, Лам (капитан), Боатенг, Мартинес, Алаба, Алонсо, Видаль, Коста (Коман 73’), Мюллер, Рибери, Левандовски «Атлетико»(Мадрид): Облак, Хуанфран, Хименес, Годин, Луис, Ньигес, Габи (капитан), Аугусто (Феррейра-Карраско 46’), Коке, Торрес, Гризманн Голдар: Алонсо 31’, Левандовски 74’– Гризманн 54’, Ескерту алды: Хименес 34’ Дастан Кенжалин. Дерек, фото: eurosport, euro-football.ru, EPA/URG Видео: vkontakte әлеуметтік желісі.