05 Мамыр, 2016

Әбігерленген әлем, қарбаласқан халық

274 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
дагдарыс-1Обаманың мәлімдемесіне наразылық білдірді Өткен дүйсенбі күні АҚШ президенті Барак Обама «Вашингтон пост» газетінде Транстынықмұхиты әріптестігіне арналған бағдарламалық мақаласын жариялады. Онда Мемлекет басшысы АҚШ конгресін келісімшартты ратификациялауға көндіруге тырыса отырып, халықаралық сауда ережесін Қытай емес, біздің ел жазуы керек дегенді айтты. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Обаманың бұл мәлімдемесі ескерусіз қалған жоқ. Ресми Пекин америкалық лидердің сөздерін сын тезіне алып та үлгерген. Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хун Лэй жаһандық сауда ережесін бір ел емес, барлық елдер белгілеуі тиіс деп мәлімдеген. Өзінің мақаласында Обама халықаралық сауда ережелерін белгілеуде Қытайға көш­басшылық бермеуге шақырып, Транс­тынықмұхиты әріптестіктігі туралы ке­лі­сімді ратификациялауды тездетуді айтады. Бұл аудандағы сауданың бел­сенділігін арттыру аталған келісімнің арқа­сында америкалық бизнес пен амери­калық жұмысшылар үшін игіліктер әкеліп, басты бәсекелесі – Қытайдың алдында ба­сым­дыққа жеткізер еді, деп атап көрсеткен АҚШ президенті. Әлем өзгерді. Сонымен бірге, ережелер де өзгеруде. Сондықтан, оларды Қытай сияқты елдер емес, Құрама Штаттар жазуы тиіс. Қанеки, осы мүмкіндікті пайдаланып, Транстынықмұхиты әріптестігі туралы келісімді бекітейік, деп үндеу тастаған Обама америкалық конгрессмендерге. Сонымен бірге, америкалық лидер өткен аптада Қытай мен өзге де 15 ел өкілдерінің Жан-жақты өңірлік экономикалық әріп­тестік туралы келісімді әзірлеу үшін Авс­тра­лияда кездесу өткізгенін еске салған. Оба­маның пайымдауынша, бұл келісім үкі­мет субсидиялайтын мемлекеттік кәсіп­орындардың қатысуымен орын алатын адал емес бәсекелестікке кедергі келтіре ал­майды. Ол америкалық жаңашылдар мен кә­сіпкерлер өз өнімдеріне лайық баға алуы үшін еркін және ашық интернетті де, интеллектуалдық меншік стандарттарын да қорғай алмайды, деп толықтырған өз ойын АҚШ президенті. Сонымен бірге, ол Жан-жақты өңірлік экономикалық әріптестіктің америкалық жұмысшылар үшін жоғарғы стандарттарды сақтауды, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ете алмайтынына да өзінің сенімді екенін айтқан. Айта кетейік, үстіміздегі жылғы 4 ақ­панда Азия-Тынық мұхиты өңірінің 12 елі Жаңа Зеландия астанасы Окленде Транс­тынық­мұхиты әріптестігін құру туралы келісімге қол қойған болатын. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызына дейіні тиесілі аталмыш келісім шеңберінде еркін сауда аймағы құрылмақшы. Сонымен бірге, ол бойынша баж салықтарын және та­уар, қыз­меттер мен капитал қозғалысы жолын­дағы басқа да кедергілерді біртін­деп төмендету немесе толықтай жою қарастырылған. АҚШ, Жапония, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Мексика, Перу, Чили, Малайзия, Бруней, Сингапур және Вьет­нам келісімнің қатысушылары болып табылады. Қатысушы мемлекеттердің парламенттері келісімді екі жылдың ішінде ратификациялауы тиіс. Ол кем де­генде алты елдің парламенті ратифи­кациялағаннан кейін ғана күшіне енеді. Дегенмен, бұл келісімге әлемнің бірқатар елдері қауіпті бастама ретінде қарап отыр. дагдарыс-2Босқындарды қабылдамаған елдерге санкция салынбақ Еуропалық шенеуніктер босқындарды қабылдаудан бас тартып отырған Еуроодақ елдері үшін жазалау шараларын енгізбек. Төрт бірдей мәліметтер көзіне сілтеме жасаған және Еурокомиссияның дайындап жатқан қаулысы жобасының егжей-тегжейімен таныс The Financial Times журналистері әңгіменің қабылданбаған әрбір мигрант үшін 250 мың еуро айыппұл туралы болып отырғанын растауда. Басылымның ақпараты бойынша, талқылану барысында қорытынды сомаға түзетулер енгізілуі де мүмкін. «Сандардың өзгеруі мүмкін, дегенмен мәселе ол төлемдердің санкциялық сипатқа ие болуында». Басылым қаулының жобасынан хабардар болу мүмкіндігі бар ресми адамдардың бірінің сөзін осылайша келтіріп отыр. Қалай болғанда да, әңгіме жүздеген мың еуро туралы болмақ деп атап көрсеткен дипломатиялық топтың тағы бір өкілі. 4 мамыр күні жариялануы тиіс құжат Еуропа одағы елдеріне баспана беру мәселесін реттейтін Дублин келісімін қайта қарау бо­йын­ша Брюссельдің күш-жігері арқылы қа­былданбақ. Еуроодақ бірқатар мемлекеттерді аса ауыр жүктемеден босату үшін босқындарға квоталар жүйесін енгізуді талап етуде. Ми­грант­тардың әр елге шаққандағы ең үлкен саны сол елдің халқының саны мен ұлттық табысына қарай қалыптасуы тиіс. Егер ол мемлекет өзінің жыл ішіндегі кво­тасының 150 пайыздық табалдырығына жетсе, қалған босқындар Еуроодақтың былайғы елдеріне таратылуы тиіс. Қазіргі таңда Шығыс Еуропадағы Польша мен Венгрия мемлекеттері Брюссель тарапынан қатаң сынға ұшырауда. Осыған байланысты Варшава мен Будапешт қазіргі жүйені алмастыратын кез келген балама жағдайға дайын, бірақ дәл осындай жоғары айыппұлдар төлеуге тіптен де дайын емес. Егер құжат қазіргі күйінде қабылданар болса, онда Польшаның төлейтін санкциялық төлемдері 1,5 миллиард еуроға жетпек деп есептейді жо­ғарыда аталған басылым журналистері. Миграциялық дағдарыстың шиеленісуі аясында, журналистер мен сарапшылардың болжамынша, Еурокомиссия Түркия үшін Шенген аймағында визасыз режім ұсыну бойынша ұсынымдар бермек. Дегенмен, еуропалық сарапшылардың бағалауынша, Анкара визасыз режім алу үшін қажетті жағдайлардың тек жартысына жуығын ғана орындаған. Сонымен бірге, Еурокомиссия мен ЕО-ның бірқатар елдері үкіметтерінің миграциялық дағдарысты талап еткен жұртшылықтың қысымында қалып отырғанын да айта кету ләзім. Оның өзі кәрі құрлықты қалыптан тыс қадамдарға баруға мәжбүрлеуде. дагдарыс-3Америкалық әскерилер Молдовада оқу-жаттығулар өткізбекші Румыния шекарасынан Кишинев қаласынан 40 шақырым жердегі Негрешты полигонына жоспарланған Dragon Pioner 2016 оқу-жаттығуларына бару үшін АҚШ-тың әскери техникалар колоннасына молдовалық полицияның көмегі қажет болған. Америкалық әскерилердің жолын оппозициялық социалистік партия өкілдері бөгеп тастаған. Молдова полициясының бас инс­пек­торатына сілтеме жасай отырып ТАСС-тың хабарлауынша, полицияның араласуының соңы қақтығыстарға соқ­тырған. Ереуілшілер «Тоқта НАТО!», «НАТО жойылсын!», «Молдова – бейтарап ел!», «НАТО-ға жол жоқ!» деп ұрандатып, НАТО әскери қызметшілерінің осынау бейтарап елде болуына құқық беретін құжаттар көрсетуін талап еткен. Сонымен бірге, «Интерфакс» агент­тігінің атап өтуінше, Скулень шекара пункті маңайында қолдарында гүл шоқтары мен Молдавияның, АҚШ-тың және НАТО-ның туы бар альянсты жақтаушылар да сапқа тұрған. Олар қолдарына «Қош келдіңдер!», «НАТО керек!», «НАТО – қауіпсіздік кепілі!», «Молдова – НАТО-ға!» деген жазулары бар плакаттар ұстаған. Осылайша Солтүстікатлантикалық альянс­ты қолдаушылар мен оған қарсылар арасында сөзбен салғыласулар орын алған. Социалистік партиядан сайланған депутат Владимир Односталкоға сілтеме жасай отырып «Блокнот Молдованың» хабарлауынша, НАТО солдаттарында рұқсат беретін құжаттар болмаған. Басылымның атап көрсетуінше, НАТО-ға қарсы акция ұйымдастырушылар кеуде­леріне георгий ленталарын таққан көрінеді. «Омега» басылымның ақпаратына қарағанда, қалай болғанда да бронетехникалар колоннасына оқу-жаттығу болатын орынға өтудің сәті түскен. Сонымен бірге, Молдова қорғаныс министрлігі алдын ала хабарлағанға қарағанда шекараны екі есе көп танктердің кесіп өткені де белгілі болып отыр. Әуелде оқу-жаттығуларға 58 техника қатысады деп жоспарланған болатын, іс жүзінде Румыниядан 100-ден астам техника келген көрінеді. Біз АҚШ әскери қызметшілерінің қатысуымен Молдово аумағында әс­кери оқу-жаттығулар өткізуді елдің бейтараптығы жөніндегі конституциялық қағидатты өрескел бұзу деп есептейміз. Осыған байланысты Социалистер пар­тиясының депутаттары бірқатар проце­дураларға бастамашы болды, оның өзі мамыр айында үкіметтің отставкаға кетуі жөніндегі бастаманы енгізуге елеулі себеп­­терінің бірі болып табылмақ, деп атап көрсеткен социалистер лидері Игорь Додон журналистерге берген сұхбатында. Оның айтуынша, әсіресе, Кишиневте «Бессмертный полк» атты акция өтетін 9 мамыр қарсаңында америкалық әскерилердің елде болуына жол беру үлкен өрескелдік. Топтаманы дайындаған Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»