05 Мамыр, 2016

Гастелло ерлігін қайталаған қазақ

690 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
9-май-логотипӘр ғасырдың әй бәрекелді, дегізетін жақсылығы да, жаңалығы да, озық ойлы азаматы да, келбетті кемел ұлдары да, сонымен қатар, залалды запыраны да болмай қоймаған. Жылдар жылжып, уақыт өте келе оның бәрі тарихқа айналады. Жақсысы ұрпақтардың жадында жаңғырады. Залалдысы құмға сіңген судай құрдымға кетеді. Оған арғы-бергі тарихты зердеңнен өткізсең, көзің жетеді. Оны көрген, куә болған толқын-толқын ұрпақтың ізін кейінгі жас басады. Сонымен, өмір арқауы үзілмей әлгі толқын-толқын алдыңғының жолын кейінгілер үзеңгі қағыстырып жүріп, алға қойған мақсаттың арнасында армандарын табыстырып, сән-салтанатты жалғайды. Өмір дамуынан, қоғам жаңғыруынан қалмайды. Бұл – әлімсақтан келе жатқан дәстүр. Ондай дәстүрдің өнегелісін де, өріссізін де қазақ бастан өткерудей өткеріп келген. Талай шаттықтың шарапатын біліп, тағдыры тәлкекке түсіп, тарыдай шашылған шаққа да, шарасыз күн кешірген шатаққа да ұрынбай қалған жоқ. Бірақ қайсарлығымен бәріне төзді, төтеп берді. Ұлттық рухын жоғалтпады. туғанбаев-1Сөйтіп, тәу етер тәуелсіздігіне Қазақ елі ға­сыр­лар тоғысында қолын жеткізді. Содан бері де ширек ғасырға таяу уақыт өте шыққан екен. Бүгінгі қазақ үшін осы тәуелсіздіктен асқан шың да, шынар да, бақыт та, байлық та, кие де жоқ. Тек бар қазақ осыны ұқсақ, түсінсек, түйсінсек болғаны. Бұлай дегенге не себепке келсек, өткен ғасырдағы өзгелердің қа­тарында халқымыздың басынан өткерген бір қилы кезеңі – Екінші дүниежүзілік соғыс еді. Сол сұрапыл соғыстың үні өшкелі де 70 жылдан асты. Әйтсе де, қалдырған қасіретінен әлі толық арылдық деп айта алмасақ керек. Биылғы Ұлы Жеңіс күні қар­саңында қазақ­тың тағы бір арыс ұлы туралы тың дерек қолға тиіп, соны қалың жұртқа жеткізбек ниеттеміз. Осы арада, осы сұрапыл соғыс туралы кейде ұшқары пікір айтылып қалып жатады. Дегенмен, төрткіл дүниені ашса алақанында ұстауды мақсат еткен үстем күштен қайыр күтуге бола ма? Ондай ниетін құдай қарақтағанды ордасында талқандамаса, араны ашыла берері сөзсіз. Ондайлар алыс-жақынды басып-жаншуға, құл етіп ұстауға құлшынбай тұра алмайды. Бұл айтқанымызға сабақ болар бір дәлел келтіре кетсек дейміз. Ұлты мен жұртының тілекшісі болған айтулы қазақ Мұстафа Шоқай неміс басқыншыларының қолына түсіп, лагерьге қамалғанда оған жендеттер Кеңес әскеріне қарсы күрес деген көрінеді. Сонда ол тек Түркістанды ғана білетінін айтыпты. Неміс билігі басып алған Шығыс елдері туралы арнайы министрлік құ­рып, тұтқындармен айналысатын комиссия жасақтағаны белгілі. Соның құрамына ұлтына қарай жеті адамды тартыпты. Мұсылман және түркітектес тұтқындармен байланыс жұмысы Шоқайға тапсырылған. Мұстафа сонда жүріп нацистердің Орта Азияға деген көзқарасын білмек болғанда олар «төменгі сатыдағы азиаттар тобы», славяндардан да төмен нәсіл, тіпті, «мақұлық» деп білетінін сездіргенде халқымыздың арысы тәуелсіздігін алмаған халық қай кезде де үстемдіктен құтылмайтынына көз жеткізіп, ұлтты мұратқа жеткізетін тек тәуелсіздік деген өсиет қалдырыпты. Зайыбы Марияға жазған хатында: «Мына сұмдықты көргенше өлгенім артық еді», депті. Сол қайсарлығы жұмбақ өліміне себепкер болғандай. Алдағы жүрер жолыңды межелей отырып, артыңа көз салу, жақсыңды көрсетіп, жоғыңды түгендеу, қилы тағдырда дерексіз кеткен асылың болса үміттің отын өшірмей, із кесіп іздеу, өзің оны орындай алмасаң ұрпағыңа аманат етіп тапсыру – тектіліктің белгісі. Осының бір әдемі үлгісі төменде баяндалады. Бұл жолғы әңгіме белгілі қоғам қайраткері, кісілігі мен кішілігі әр кез тең түсетін, менмендіктен ада, кеудем­соқтығы кем, алдыңғы толқынға ізетті іні, кейінгіге ілтипаты мол аға, алдына келгеннің бетіне жел болып тимейтін, қолынан келгенше көмек беріп көңілін табатын, аталы сөзді ұғып, баталы сөзге ұйитын Серік Үмбетовтің 70 жылдан кейін дерегі табылған нағашы ағасы жайлы еді. «Нағашы атам Ысқақбай мен нағашы апам Сәбипа, артында қалған жалғыз қарындасы менің шешем Көкен: «Кебенек киіп кетіп еді, келер», деп үміттерін үзбей жүріп өмірден озды. Біз де қарап жатпадық. Бірақ нағашымыз туралы деректерді, жерленген жерін табу – немересі Дәуреннің еншісіне тиіпті. Бұған да тәубе келтіреміз. «Бар жақсы» деген сөз осындайда шыққан-ау, шамасы», дейді Серік Әбікеұлы толқынды үнмен толқып отырып. 70 жылдан кейін атақ-даң­қы дәуірлеп, рухы сағымнан ары­лып, ақиқаттың ақ желкенін жел­біретіп жеткен сол арыс ұл – Нұрман Ысқақбайұлы Туғанбаев болатын. Ол Алматы облысы, Жамбыл ау­да­нының Аққайнар ауылындағы орта мектептен кейін  Ал­маты қаласындағы ұшқыштар дайын­дайтын училищеге түсіп, оны үздік бітіріп шығады. 1939 жылы об­лыс­тық әскери комиссариаттың шақыруымен Отан алдындағы аза­маттық борышын өтеуге аттанады. Онда да алғырлығымен алғы шептен көрініп, көк жүзінің апшысын қуырған темірқанат әскери ұшақты тізгіндеп, сынақтан сүрінбей өтіп жүреді. Сөйтіп, шыңдала береді. Үкілеген үмітіне, аңсаған арманына жету жолында талпынған талантты жастың сол ұмтылысын бұрқ ет­­кен сұрапыл соғыс өрті бұзады. Ал­ғашында бұл алапат жұрттың үрейін ұшырғанмен, артынан «Намыс ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жет­кізер» (Бауыржан Момышұлы) деп қайратына мінген азаматтар жі­герленіп, «Таяқтан тайсалмасаң, семсерден сескенбесең – жеңдім дей бер» (Бауыржан Момышұлы) деген үлкен-кіші ес жиып, бой тіктеп, жұмылып жұдырық болады. Ел басына сондай сын туған сәтте 21 жастағы Нұрман Ысқақбайұлы «Май­дан етіп дүние төрін, Темір гүрзі қақтап отқа, Жекпе-жек кеп өмір, өлім, Соққыласып жатқан жоқ па?» деп Қасым ақын (Аманжолов) тап басып айтқандай, аласапыран майдан шебінен табылады. Бұл 1941 жылдың шіліңгір шілдесі екен. 2-ші гвардиялық Чернигов-Речицск Қызыл Тулы шабуылдаушы авиа­ция дивизиясына қарасты 79-шы Мо­зырьск гвардиялық шабуылдаушы авиация полкінің әскери ұшқышы ретінде көкке қырандай қалықтап шығып, иірген ұршықтағы шүйкедей жұмырланып, шүйілгенде жаудың зәре-құтын ұшырғаны туралы деректер мұрағаттарда молынан екен. Айталық, орталық майданның 23-ші гвардиялық авиациялық полкінде У-2 ұшағымен түнде 145 рет әуеге көтеріліп, дұшпан нысандарын бомбалапты. Күндіз де, түнде де ұшу техникасын үздік меңгерген қайсар жан Отан алдындағы әскери тапсырманы мүлтіксіз орындап отырған. Соның нәтижесінде 1944 жылы жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты. Талай рет ентелеген жаудың есін аударыпты. Бір жолы қарсыласты 15 рет бомбалағанда фашистердің әртүрлі жүктер мен қару-жарақтар тиеген 18 автомашинасын, екі теміржол вагонын жойып, тұтқиылдан ұрған бомба жарықшақтары тілсіз өртке ұласып, немістерді қатты әлсіреткені жайлы мағлұматтар да ерекше есте қалады. Ондаған жау солдаттарын жер жастандырғаны және бар. Мәселен, Беларусь майданының Бобруйск бағытындағы шайқастар кезінде 29 бомба тиелген ИЛ-2 ұша­ғымен әуеге көтеріліп, тиісті тапсыр­маны тиянақты да мүлтіксіз орындаған екен. Сондай қайсарлығы мен қаһармандығы үшін командирлері тарапынан бірнеше алғыстарға ие болып, мәртебелі атақтарды да алыпты. Аш қасқырдай анталаған жауды қарыс қадам бастырмай, қадамын аштырмай, жайратып жүрген жалын жүрек жігіт 1944 жылдың 5 тамызында ұшағына қарсыластың зенитті артиллериясынан атылған снаряд тиіп мерт болады. Отқа оранған әуе кемесі тапсырманы аяғына жеткізіп барып, жерге құлапты. Бұл туралы ЯО-000001 №59065 куәлікте тайға таңба басқандай көрсетілген. Оның ерлікпен қаза тапқаны жайлы №032050 цифрімен белгіленген қаралы хабар кіндік қаны тамған, бұ­рынғы «Новая жизнь» колхозында тұратын Сәбипа Туғанбаеваға тапсырылған. Бұл туралы қарындасы Күлмәрия Ысқақбайқызымен ой бөліс­кеніміз бар еді. «Ысқақбай атамнан бір ұл, бір қыз болған екен. Ұлы Нұрман қарға­дайынан қажырлы болып өсіпті. Ұшқыш болуды армандапты. Мек­теп бітірген жылы бір ауылдан 30 бала ұшқыш боламыз деп училищеге барыпты. Жалғыз өзі оқуға қа­былданыпты. Өжет бауырым оны да үздік аяқтапты. Ұшқыш мамандығын еншілепті. Атам мен әжем айтып отыратын. Қаралы қағаз келгенде біздің Нұрманымыз Гастеллоның ерлігін қайталапты дейтін. Жаумен тайталасып жүріп ұшағы отқа оранғаны туралы деректі жиі еске алушы еді. Кейде өздерінің сондай ержүрек ұл өсіргенін мақтан ететін, – деп анасы Көкен Әбі­ке әкесіне тұрмысқа шыққаннан кейін көрген өзін нағашы атасы мен анасының бауырына үш айлығында апарып салғанын тілге тиек етіп, сол қасиетті жандардың шаңырағын шайқалтпай, отын жағып, ұрпақ өсі­ріп жатқанын алған тартып: «Мен ұлдың орнында өстім. Атаммен бірге жаз бойы шөп шабыс кезінде шалғы тарттым. Ол кісілер мені еңбекке бау­лыды. Әкем иман жолындағы иманды адам еді. Бар жиған-тергенін алып, Меккеге бет алып, оған жете ал­майтынына көзі жеткен соң киелі Түркістанға барып, 40 мың сомды ұлының аруағына садақа етіп таратып қайтқанын айтып отыратын. Сол ниеттен бе екен бауырым рухы­ның орта­мызға оралып жатқаны. Аққайнар­лықтар атамның бойында бір қасиет бар дейтін. Араб­ша хат танитын. Қайғы мен қуаныш өмірдің бірі – төрі, екіншісі – табал­дырығы деп отыратын. Ол кісінің бойындағы сопылықты Ке­ңес заманында бүркемелеп келсек, қазір ол киелі қасиет туралы аңыз­ға бергісіз ақиқаттарды айтып жүр», – деген Күлмәрия Ысқақбайқызы Нұрман бауыры туралы мынандай бір мағлұматты да ортаға салды. «Әжем­нен естіген мына бір сөз әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Соғыс­тан жаралы болып елге қайтқан Әб­діқайым деген туысымыз Мәскеудегі Қа­зан вокзалына аялдап: «Осында қазақ бар ма екен?» деп сұрау салыпты. Сонда бір азамат Нұрман Туғанбаев деген жігіт осында жүр десе керек. Іздеп барса, ол майданға кетіпті. Бір бала көтерген әп-әдемі келіншекпен тілдесіпті. Жарымын депті. Қолында көтерген қызы бар екен. Кейін бір әйелден біздің ел­ге хат келіпті. Ол хатты Шайқыз де­ген жеңгеміздің атасы анама оқып берген. Хатпен бірге Нұрман ағаммен әйелдің қол ұстасып тұрған суреті де жеткен. Таныссам, біліссем депті. Соғыстан кейінгі қиын кезең ғой. Жалғызынан айрылған ата-анам оған көп мән бере қоймапты. Бірақ менің көз алдымнан сол сурет, әйелдің Анна деген есімі құлағымның кетпейді. Уақыт өте келе, заман ты­ныш­талғанда анам тағы бір майдангер азамат Нәбиге сол туралы әңгімелеп еді. Бауырымнан келген хат пен суретті ешкімге ұстатпай сақтап жүруші еді. Амал не, соның көбінен ажырап қалдым. Бір тәубе, дейтінім, жалғыз ба­уырымның дерегі табылды. Рухы қайта оралды. Армансыз адам бар ма, хат жолдаған әйел өмірден озған шығар. Ал оның қолындағы қыз, одан өрбіген ұрпақ бар ма екен де­ген бір сұрақ көкейімнен кетпейді. Бауы­рымнан кейін ұрпағы табылып жатса ғой. Хат жазған Анна қызына Нұр­­ман­ның атын берген шығар», дейді. image-03-05-16-12-07-4 image-03-05-16-12-07-7 image-03-05-16-12-07-8Нұрман Туғанбаевтың Мәскеу архивінен табылған дерегі бойынша оның немересі Дәурен Серікұлы жерленген жерін іздейді. Ақыры, ол да табылып отыр. Польшаның Вар­ша­ва қаласы Жвирки және Вигуры көшесінінің қиылысында орналасқан Кеңес әскерлері мен әскери тұтқындар жерленген бауырластар зиратындағы 115-ші бейітті тауып, соған арнайы барып, атақонысынан топырақ апарып, қабіріне салып «Туғанбаев Нұрман Ысқақбайұлы (1920 – 05.08.1944)» деген жазулы тас қойып, оны гүлмен көм­керіп, Құран бағыштап, баба рухы алдында азаматтық борышын адал ат­қарып қайтыпты. Нағашысының ба­сынан алған топырақты елге әкеліп, әке-шешесінің қасындағы орынға қо­йып, асыл бейнесін тасқа салып, ер­­лі­гін қашап жазып, әдемі ескерткіш қой­­­ғанын да атап айтсақ, артық болмайды. Біз Нұрман Ысқақбайұлының немерелері Дәурен, Русланмен ой бөліскенде олар өз аталарының да, наға­шы­ларының да Ұлы Жеңіске үлес қосқандарын мақтанышпен айтып, небір құнды деректерді алға тарт­ты. «Біз ендігі жерде Нұрман атамыз туралы осы ізденістерімізді жал­­ғастыра береміз. Ол  кісінің әскери ұшақты тізгіндеу кезіндегі ерліктері туралы мәліметтерді зерделеулі жалғастырамыз. Ал өз атамыз Әбіке де майданда болған. Жаса­ған ерліктері үшін І және ІІ дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Жыр алыбы Жамбылдың Алғадай баласымен майданда бірге болғанын жиі айтып отырушы еді. Алғадайға снаряд тиіп, қайтыс болғанда өз қолымен жерлепті», деп жыр жампозы Жам­былдың: «Алатауды айналсам, Алғадайды табам ба? Сарыарқаны сандалсам, Саңлағымды табам ба?» деген өлең жолдарын еске түсірді. Иә, өткен ғасырдағы алапат соғыс­тан алар тағылым аз емес. Бұрын қан майданға аттанған боздақтарын артында қалған жары, баласы ағайын-туысы іздесе, енді ондай міндет олар­дан тараған ұрпаққа жүктелуде. Соның бірі, алда айтқан майдангер өмірі мен немерелерінің игі ісі дер едік. Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі осындай қасіретті алдағы уақытта болдырмау үшін ұсынған құжаты деп білеміз. Бейбіт өмірді сүйген, небір қиын кезеңдерді бас­тан өткерген жұрттар оны құптап жатыр. Сөз соңында айтарымыз, әңгіме Отан қорғаған солдат туралы болған­дықтан ақиық ақын Мұқағали Мақа­таевтың үлкен философиялық ойлардан тұратын «Солдат сөзі» деген өлеңімен түйіндеуді мақұл көрдік. «Адамдар дос. Досты кеп дос атпасын! Оқ сындырып егіннің масақ басын, Сәбилерді бесікте қырау шалып, Кемпір-шалдың көзінен жас ақпасын! Арулардың самайын ақ шалмасын, Асыл мұра – махаббат тапталмасын! Ер-тоқымын шопанның тышқан тонап, Диқаншының күрегі даттанбасын! Соғыспаймыз. Соғысқа қарсылармыз, Тыныштыққа жаралған жаршылармыз. Бір кезде сел боп аққан қызыл қаннан, Өмір үшін қал­ған бір тамшылармыз...». Сондай тамшылар майданда қа­һарман­дық көрсеткен аталарының рухын тірілтіп, қабірінің басына тас қойып, туған жеріне ескерткіш тұр­ғызып отыр. Ендеше, Гастелло ерлігін қайталаған қаһарман немерелерінің мұндай азаматтық тірлігі өзгелерге де үлгі болары ақиқат. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Жамбыл ауданы