Қаңтардың сақылдаған сары аязында жұртты әбігерге салған Шарын өзені бүгін өз арнасына түсіп, жайлана ағып жатыр. Әрине, ауыл тұрғындары жапа шекті, «өз үйі, өлең төсегін» тастауға мәжбүр болды. Десек те шарындықтарға көмек дер кезінде көрсетіліп, құтқару шаралары жұмылдырылды.
Шарын ауылына 21 қаңтар күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев келіп, апаттың орын алуына себепкер болған Шарын өзеніндегі темір жол көпірі құрылысы жүргізілген қосалқы арна жұмысымен танысты. Елді мекенді мұздан тазарту, жағаны бекітуге облыс бюджетінен бөлінген 30 млн. теңгеге қосымша ауданнан 60 млн. теңге қаржы қарастырылған. Үкімет басшысының орынбасары жасалып жатқан дамбаны көріп, апаттың себеп-салдарын таразылады.
Су шайған тұрғын үйлерді аралап, халықпен пікірлескен Өмірзақ Шөкеев, республикалық комиссия мүшелері, облыс әкімі Серік Үмбетов, жергілікті тұрғындардың қатысуымен кеңес өткізіп, оқиға егжей-тегжейлі тексеріліп, айыптылар жазаланатынын, басқа да өтініш-тілектер өңір басшысымен бірлесе шешілетініне сендірді.
Жиында осы оқиғаның басында жүрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов 7 үй ағымдағы, 1 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Су кірген шеткі көшелердегі 243 үйдің ауласы мен көшелері мұздан толық тазартылса, тұрғындарға 104 тонна көмір, 40 текше метр отын, 118 қап ұн, 400-ге жуық етік, күртеше, 2 тонна құс еті мен тағы басқа қажеттіліктер берілген.
Бұдан кейін Ө.Шөкеев Балқаш ауданындағы «Динара-Ранчо» ЖШС-дегі асыл тұқымды мал шаруашылығының етті бағыттағы герефорд тұқымы мен қазақтың ақбас сиырын өсірудегі тиімді жобаның іске асырылуымен танысты.
Мұндағы бір бұқаның салмағы 1 тонна 200 кило. Өндірістік кооператив ауыл халқын жұмыспен қамтумен қатар құс өсіруді де қолға алған. «Динара Ранчо» кооперативін аралаған жұмыс тобы ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру тақырыбында аймақтық семинар өткізіп, асыл тұқымды мал өсіру, етті экспорттау, қаржыландыру жөніндегі түйінді мәселелерді ортаға салды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.