05 Мамыр, 2016

Шыңғыс шуағы

452 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
ілия жақановнемесе «Даниярдың әні» ашқан даңғыл жол Қалмақтың аса көрнекті ақыны Давид Кугультинов Бішкекте өткен Шыңғыс Айтматовтың жетпіс жылдығында сахна төрінде тұрып, «Шыңғыс прозасы музыкалы прозаға айналды» деп тебірене сөйледі. Осы бір салтанатты сөз бізді еріксіз елең еткізіп, тұла бойымызды иітіп жібергендей болды. Ал енді, Шыңғыстың өзінің де «Прозадан музыка чығат. Кандай укумуш, а? Гениально!» дегені және бар. Бұл сөз сол торқалы тойда Шыңғыс прозасына жазылған Ілия Жақановтың әндеріне байланысты айтылып, бізді ерекше бір мақтаныш сезіміне бөледі. Осындайда қилы-қилы толғанысқа түсесің. Ой кеңістігі кеңейе берсе екен деп, қиялың шартарапқа самғай жөнеледі. Үнемі ой мен сезім теңізіне шомылып жүретін, күйсандыққа отырса болды «ақ клавиштер көзіне ақ селеулі боз дала» болып көрінетін Ілия Жақановтың ең алдымен өз әлеміне бір аялдап алып, қырғыз кеңістігіне сонан кейін атбасын бұрсақ құпиясы мол тұңғиық сырды ашқандай болар едік. Ол жылдар бойына халқының рухани жоғын іздеп үнсіз еңбек ете берді. Кешегі стахановшылар идеалға айналып, «төк жырды Алексейдің көміріндей» деп әндетіп жатқан заманда да ешбір ағымның аясында кетпей, күні бүгінге дейін өзінің бәз қалпынан айнымай халқының ең аяу­лы қасиеттерін тек өз жүрегінің лүпіліне ғана салып толғаған таланттың бірі де осы Ілия еді. Сірә, Құдайдың өзі әу баста қабілет, талантты әркімге өлшеп-пішіп берсе керек. Тәңірінің де бұған деген алабөтен сыйы мен оң қабақ танытуын халқының кәдесіне жұмсап келе жатқан Ілия Жақанов шын мәнінде бақытты жан. Таланттың ең үздік баламасының бірі – бекзаттық болар. Ендеше, оның шығармаларындағы кісі баурағыштық қасиеттің сырына үңілгенде ең алдымен осы бекзат болмыстың түп-төркініне ден қойған жөн-ау... Қадыр Мырза Әлі: «Мен жақсы ақын болма­ғанда, жақсы оқырман болар едім», деуші еді. Сол кісі айтпақшы, жақсы оқырман, жақсы тыңдаушы болсаң Жақанов туралы жазу қиынға соқпайды. Өзі сені жетелеп отырады. Содан кейін басыңды анда-санда сілкіп қой да жаза бер. Жақановтың ерекшелігі сол, оны жазу үшін оқырман да, тыңдаушы да болуға тура келеді. Өйткені, ол екі ананы – сөз бен сазды тел емген талант. Бір заманда «Аққулар қонған айдын көлді» жазған Ілекеңнің өзі қазір сол шалқып жатқан айдынға айналды. Жатқан бір шалқар кеңістік. Жазуы­ның өзі де жатқан бір саз. Сөзде саз болады дегенді Ілекеңді оқығандар растайтын болар. Сон­дықтан, оның ұшы-қиырына көз жетпейтін байтақ әлеміне ену биік өре, деңгейді, пайым-парасат­ты қажетсінеді. Мына пақырыңыз да сол өре биігінен көрінуге әлденеше рет талпыныс жасап, кішкентай ғана сәттіліктермен шектелген. Эссе, новелла, элегия дегендерді Ілиядай құйрық-жалы төгілген жүйріктей жұтындырып жазатындар сирек. Әсіресе, өнердің өзін өнерге арқау етудің қанша азап екенін жаның жәннатта болғыр Әбіш аға, Ақселеу мен Әшірбек, Ілекеңнің осы бір болмысын тебірене жазып еді. Әлгі жанрларды қомсынсаңыз роман, повестердің небір нәзира үлгілерін де осы кісіден табасыз. Ал, енді Қазақ радиосының мұра­ғатынан арагідік берілетін радионовелла, эсселерді жайбарақат тыңдау мүмкін емес. Кей-кейде жол үстінде келе жатып, машинаны тоқтатып қойып тыңдайтын жағдайға жеттік. Халқымыздың рухани алтын бастауларын былай қойғанда, сонау Моцарт, Шопен, Бах, Бетховен, Чайковскийдің өзін сол заманда жүргендей дәйекті толғаныспен жаза­­ты­нын айтсаңшы. Небір диалог, монологтарды тың­­дағанда таңдайыңыздың суын жұтып, тамсана бересіз. Қысқасы, бүгінде бір өзі бір рухани университетке айналған аңыз адамның әлеуетін біз қалай пайдаланып жүрміз деген сауал да осындайда тіл ұшында тұрады. Баяғыда Алматыдағы Әуезов үйінде халық университеті деген қоғамдық мекеме болушы еді. Онда әр кез әдеби-музыкалы қоңыр кештер өтіп жататын. Оның қонақтары: бір күні ғұлама ғалымдар Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, тағы бір күні, сонау Созақтан келген күйші Төлеген Момбеков... тағы басқалар... біздің тәрбиеміздегі осы университеттің орны ерекше болды. Білімге тойымсыз кезімізде соған баратынбыз, білімпаздарды тыңдайтынбыз. Ал, қазір сол университеттің рөлін неге Ілиялар атқармайды? Ұлт өресін биіктету үшін мұндай ұсынысқа Ілекең бір тиын сұрамай қуанып барар еді. Сонда біз де қазіргі қаптап жүрген адам танымайтын, мәселен, Меруерт Өтекешоваға барып: «Сіз қандай киноға түстіңіз?» дейтін ұрпақтың алдын алған болар едік. Ілиялардың лекциясын тыңдау ғажап қой. Егер осы үрдіс қолға алынатын болса, Ілияны «бір кісідей білеміз» деп жүрген біздің өзіміз «біршама білеміз» демес едік. Оны үзбей тыңдаған қазіргі ұрпақ енді он-он бес жылдан кейін біршама білеміз деп айта бастаса, жетістік деген осы емес пе?! Ілиялар кешеден гөрі бүгінге көбірек керек. Интеллектуалды ұлт тәрбиелеудің төте жолы осы емес пе? Тіпті, әлгі жыпырлаған «жұлдыздардың» бәрін бір жерге жинап, Ілекеңді тыңдатса солардың талайы жерге түсіп, талайы өшкен болар ма еді?! Өзі үнемі қайталайтын Шопеннің: «Сөз біткен жерден музыка басталады», деген құдіретті сөзін Ілия қалай сабақтар еді дейсің. Бойындағы бар болмысын сөзбен де сомдауға қабілетті Ілекең бір сәт сөздің қадірін ойлағанда музыкаға ауысып, сөз бен сазды қатар шапқан қас жүйріктей шалқытар еді. Осыдан біраз уақыт бұрын Қарағандыда көзіне сәтті жасалған операциядан кейін ахуал сұрап, арасында Атырауға бір жолымыз түсіп, ағыл-тегіл әңгімелесіп, сол баяғы қазақ өнері мен мәдениеті туралы ұзақ-ұзақ ойға берілгеніміз және еске түсіп отыр. Сол жолы бір құшақ кітап алып қайттым. Ғажайып қолтаңбалар берді. Ғажайып дейтін себебім, Ілекеңнің қолтаңбасының өзі шағын тәмсіл секілді оқылады. Алыста жүрген ағамыз рухани ағалары мен інілерін де қатты сағынады екен. Сағынышпен өмір сүру шын өнер адамына ғана тән шығар. Сол жолғы атақты Әшірбек Сығайға жазған қолтаңбасының өзі бір тақырып. Атырау дегеннен еске түседі. Қайсыбір жылы қазақ руханиятының жанашыры Иманғали Тасмағамбетовтің шақыруымен Тиыш апамызды қолтықтап, бір чемоданы мен тіс щеткасын ғана алып Атырауға бет түзеген Ілия аға қазір осы жердің тұрақты тұрғынына айналды. Әу баста: «Мынау батыста шашылып жатқан мол рухани мұраға ие болсаңыз, бір жүйеге салып берсеңіз», деген Имекеңнің ізгі мақсаты, игі мұратын қазір бұл кісі асыра орындаған күйде. Оған дәлел ретінде батыс өлкенің тұмадай тұнып жатқан ән-хикаясы шертілген «Зәуреш» атты толымды еңбегін атасақ та жетіп жатыр. Ол кешегі ғұлама Ахмет Жұбановтардың қолы тимеген, назарына ілікпеген беймәлім тарих. Қазақтың жер асты байлығы қанша болса, оның төрт бұрышы, бар алабы да өнерге тұнып тұр. Әзелден осы тақырыпқа түрен тартып, алдына қара салмаған Ілекең осынау байтақ әлемге құныға кірісті. Қазақтың дәстүрлі музыкасының, оның ішінде ән өнерінің асқан білгірі, қадірін бірде біліп, бірде білмейтін, үнемі жоқ іздеп жүретін Жақанов­тың соңғы жылдары тапқан асылдарын жүйе­леп жазып айтатын адам табылса бұл заманда бір бақыт сол болар еді. Біреу арғы-бергі тарих­тан бірдеңе тауып алса, жанын қоярға жер тап­пай безілдеп кетсе, Ілекең үн-түнсіз, аспай-тас­пай, өзін-өзі жарнамаламай, өзін де, өзгені де таңғал­дырып, тамсандырып еңбек ете береді. Іші толған тол­ғанысқа, қазынаға айналған бірінен бірі өтетін кітап­тар шыға береді. Бірақ, солай екен деп қарап жат­пай, тіпті, демін алмастан келесі бір сырлы әлем­ге соқа салады. Мұндай рухани тойымсыз адам­ды көрмедім. Алматы мен Астанадан алыста жүрсе де, сол Атыраудың өзінде де мұның бағасын білетіндер жетіп-артылады. Рухани шежіре дәл қасына келіп жантайып жатса жұрт неге қуанбасын, неге баға­лама­сын?! Ілекеңді әр жерде кездесуге шақырып жатады. Сондай кездесудің бірі мұнай ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен өтеді. – Сол кездесуде кең тынысты, биік әндерді көп айттым. Әр кездесуден бір әсер алып қайтасың, иә, өзің күтпеген керемет жайға тап боласың ғой. Осы кездесуде бір еңселі, көркем жігіт, елулер шамасындағы грек пішіндес бір азамат соншалықты ынтызар, ойлы күйде отырды. Бір кезде әлгі азамат: «Мен италиялықпын. Мәскеуде оқыдым. Мұнайшымын. Біздің Италияда да әнді осылай шырқап салып айтады. Кең тынысты, биік әндерді жақсы көреді. Сіз ән шырқағанда өз халқымды ойлап, кеудемді қуаныш сезімі кернеді. Сіздің соншалықты жүрекпен айтқан әндеріңіз өз халқыңызды қалай сүйетініңізді байқатып кетті. Сіз, сірә, «музыканың динозаврысыз» деп қатты толқыды», – дейді Ілекең сол кездесу туралы. Көкірегі ояу, көзі ашық адам қашанда байқампаз, талғампаз келеді. Әлгі, шетелдік азамат Ілекеңнің болмысын қалай тап басып таныған. Бір бойына бірнеше өнер жиғанын қалай бағамдаған?! Шіркін, осындай тыңдаушысы, бағалаушысы бар ел екі есе бақытты ғой. *** Ілекеңмен болған сұхбаттарды былай қойғанда, «Бекзат болмыс», «Шыңғыс пен Ілия» («Өнер-өмір», «Қазығұрт» баспасы 2004 ж.) атты портреттер жазған едім. Сондықтан бұл жолы ол дүниелерде көп қамтылмаған тұстарды айтуға талпындым. Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны, Ойылды келіп алғаны – ойдағысы болғаны, – деп жырлаған Мұрат ақынның мұң-зары жылдар бойына жүрегінде жүретін Ілекең үшін сол зар заман сарыны қазір бүкіл ел тік тұрып айтатын «Еділ-Жайық» атты рухты ән-панорамаға айналды. Бұл керемет жанкешті Жұбан аға мен табанды Ілекең тандемінің арқасында мүмкін болды. Кезінде Ілекеңнің әбден илеуіне түскен Жұбағаң кейіннен: «Әу баста осы әннен азап көріп едім, енді рахатын көріп жүрмін», депті. Рас. Бұл әнді бейжай тыңдау мүмкін емес. Жеке адам өз алдына, ал хор мен оркестр қосылғанда алапат. Әсіресе, бозторғайдай шырылдап бір топ қарадомалақ айтқанда («Ертөстік» балалар хоры) жаныңды қоярға жер таппай, тыпыршып кетесің. Осындай ән жазып та «тірі жүруге» болады екен. Өзіңізді былай қойғанда бұл туындының өзге елдердің, әсіресе, орыстың тарихындағы И.Дунаев­ский­дің «Широка страна моя родная», М.Блантердің «Катюшасы», В.Соловьев-Седойдың «Подмосковные вечера», М.Фрадкиннің «Течет река Волга» тәрізді әндерімен қатар тұратынын қалай мақтан етсек де жарасады. Ілия Жақанов шығармашылығының шоқтығы биік бір саласы – қырғыз тақырыбы. Задында кітап әсерімен ән жазу дүниелік руханият тарихында сирек кездесетін құбылыс. Бұл ретте Шыңғыс Айтматов Ілекеңнің ішкі сезім қуатының жаңа көз­дерін ашуда үлкен қозғаушы күшке айналды. Ұлы суреткердің шығармасын оқыған сайын ком­позитордың алдынан ұдайы бір көгілдір кеңіс­тік ашылғандай болатын. Өткенге сәл шегініс жасайық. 1963 жылдың 10 қазанында Ш. Айтматовқа «Тау мен дала хикаялары» кітабы үшін Лениндік сыйлық берілді. Радиодан дәл осы бір қуанышты хабарды естіген күні теледидарда редактор болып қызмет ететін кезі, Ілия түскі ас кезінде «Жәмила» повесіне қайта бір беріле үңілді. Сол сәтте «Даниярдың әні» туды. Арада бір күн өткен соң Алматы теледидарында Шыңғыс Айтматовпен тікелей баспасөз мәслихаты өтті. Осы оқиғаның үстінде әнші Мәдеш Ниязбековтің орындауында «Даниярдың әні» шырқалды. Сол күннен бастап, бұл құдіретті ән дүниені шарлап кетті. Арада бір жыл өтер-өтпесте «Жәмиланың әні» өмірге келді. Осы арада Ықылас заманын көктей шолуға тура келеді. Қазекем көше берген ғой. Қанша көшсе де бір жақсысы қырғыздан қашық кетпеген. Бұл тағдыр екі халықтың басын амалын тауып өзі қосып отырған. Ілгеріде Талас бойы, Тоқмақ, Бішкекке дейін (күні бүгінге дейін солай ғой) қоңсы қонған қазақ-қырғыздың арасындағы құда-құдандалық, бауырмалдықты одан әрі тереңдеткен Ықылас пен қырғыздың атақты күйшісі Күренкей заманынан бері қайырсақ, бұл ойымызға мысал көп. Сол жарықтықтардың көзін көрген Ілияның туысы Садық атаның жары Жәмила (қырғыз қызы) деген үлкен шешеміз екі елдің арасына алтын көпір салды. Әлкен әкеміздің қосағы Сәбиға, одан кейін келін болып түскен Бәтима сынды қырғыздың көркем қыздары Алатау мен Қаратауға сыбызғыдай сызылған қырғыз әнін алып келді. Бұл Ілияның бес- алты жасар кезі. Ауыл-аймақ таңның атысы мен күннің батысы қырғыз әнін айтады. Бала Ілия соның бәрін өз әніміз деп қабылдай берген. Бүгінде ойлап отырсақ, қырғыз әні мен Шыңғыс әлемі Ілияның шығармашылығына табиғи түрде ықпал етуі сол кезден бастау алған екен. Демек, мәселе – негізде. Хас өнер осындай негізден туады. Бұдан кейін «Даниярдың әніне» жауап ретінде «Жәмиланың әні» тууы да заңдылық қой. 1964 жылы қырғыздың «Алатоо» журналында Гүлсайра Момынованың аударуымен Ілияның «Қайта оралған ән» атты повесі жарияланды. Ол кезде басылымның бас редакторы – Төлеген Қасымбеков, жауапты хатшысы – Жәлел Садықов. Қырғыз бауырлардың бұл шығармаға ынтызар болғаны соншалықты, тіпті, парақтап, бір-бірінен қызғанып, жыртып алып оқыған да жағдай кездескен. Қырғыз әдебиетінің жыл қорытындысында Түгелбай Сыдықбеков ақсақал: «Біздің қырғыз әдебиетіне бір талантты жас келді», деп шаттанған. Ілия қырғыз екен деп қалыпты, жарықтық. Жыл өткен сайын Шыңғыспен арадағы байланыс Ілияның өмірінде бетбұрыс жасай бастады. Санасын сәулелендірді, жанын жадыратты. Шыңғыс шуағына шомылып, шапағатына бөленді. Арада «Қош бол, вальс» деген повесть туды, қырғыз­дар оны «Қайран, вальс» деген атпен жария­лады. Содан көп ұзамай қырғыз тілінде «Қайра таң­шыған обон» деген кітабы жарық көрді. Ілияның көңілі бұған да көншімеді. Сол аралықта сөзін Жұбан Молдағалиев жазып, қырғыз тақырыбына «Айнагүл» деген әні шықты. Бұдан кейін Арқаны жайлаған қырғыздардың бірсыпырасының Ыстық­көл жаққа... елге көшуіне себепші болған атақты «Әсел», одан соң «Асылым» өмірге келді. Ендігі жерде қырғыздар оны Шықаңның «Шынарым менің, шырайлым» туындысындағы Хадишаның әні деп атап кетті. Осынау үздік үрдіс тереңге тар­та берді. Ілия Ықылас пен Күреңкей, жалпы қазақ пен қырғыздың көркем тарихына арналған «Ықылас» атты әсем роман жазды. Бұл роман Шың­ғыс­тың көмегімен ең алдымен қырғыз тілінде «Қыр­ғызстан» баспасынан 1988 жылы «Кертолғау» деген атпен жарық көрді. Сол жылы қырғыздың әдеби жыл қорытындысында ең үздік шығарма аталды. Кезінде Шыңғыс Айтматовқа Қазақстан Президентінің арнаулы сыйлығы берілді. Осы салтанаттың алдында Ілекеңе телефон шалған қырғыздың даңқты дирижері Асанхан Жұмахматов: «Бүгін Республика сарайында жаңа әннің премьерасы болады», деді. Ілекең аң-таң. Қайдағы ән. Бірақ, іші бірдеңені сезді. Қырғыздардың әйтеуір ойламаған жерден жақсы істің бастаушысы болып жүретінін білетін. Салтанатты кеш соңындағы концертте қырғыздың халық әртісі Дариға Жалғасынова «Жәмиланың әнін» орындады. Бұл ән араға 25 жыл салып келіп Алматыда тұңғыш рет шырқалды. Ғажайып ән осыншама жылдар айтушысын күтіп жатқан екен ғой. Осынау бір сәтті сабақтастықты, ғажайып үндестікті жүрегімен түсінгені сондайлық Президент жүзіндегі нұрды, бауырға деген ақ, адал махаббатты айтып жеткізу қиын еді. Ән де сұлу, Дариға да сұлу. Араға 25 жыл салып барып тыңдаушысымен қайта табысқан әсем әнмен бірге даланың махаббатын жазған Шыңғыс та шат-шадыман күй кешіп тұр еді. Ән тағдыры деген де кейде осылай болып келеді. Сол күннің ертесіне Нұрағаң бастап қасында Шыңғыс пен Әбіш бар игі жайсаңдар Алатау ауданында тігілген үйге қонаққа келді. Сол кездесуде Ілекең «Әселден» кейін «Қош бол, Гүлсарының» әсері­мен туған «Бибіжанды» шырқады. Композитор осының алдында ғана Кельнде тұратын Еуропа мұсыл­мандары одағы лидерінің орынбасары Мұртаза деген кісіден Шыңғысқа осы әннің таспа­сын беріп жіберген. Егер ұнай қалса осы әнмен елге, жерге деген сағынышын бассын деп сәлем жол­да­ған. Бұл жолы да Шыңғыстың разы көңілін көрді. Орыстар: «Как никогда», дейді ғой. Ілекеңді қат­ты қы­сып құшағына алды Шыңғыс. Ол рухани інісіне деген көңілін ұдайы осылай білдіруді әдетке айнал­дыр­ған еді. «Ілия, жүрегімді ұйытып жүрген бір лири­ка­лық повесті бітірдім. Соған музыка жазасың»,  деді. Ықылас пен Күреңкей, Жамбыл мен Тоқтағұл, Мұхтар мен Шыңғыс, Ыдырыс пен Сүйменқұл... Қазақ пен қырғыздың рухани дүние кеңістігін осынау тұлғаларсыз көзге елестете алмайсың. Бұл тізім айта берсең таусылмақ емес. Шықаңның рухани інісі Ілиямен арадағы байланысының осынау бір үзік-үзік сәттері де соның дәлелі. Бұл өзі алдағы табандатып жазуды қажет ететін қызық та күрделі тақырып. «Қырғызстан Республикасының мәдениетке еңбек сіңірген қайраткері» Ілекеңді бауырлас қырғыз елімен байланыстыратын сабақтастықтың бір үзігі осы. 1965 жылы, күзде ол Ыстықкөлдегі қайнағасы Рыбачье қаласында прокурор болып істейтін Қарпулланың үйіне барып демалады. Алматыға қайтар сәтінде жол үстінде келе жатқан Ілия ғажайып бір көрініске тап болып, көңілі алай-дүлей күйге түсіп, іле машинаны Ыстықкөлге бұрғызады. Қырғызда кәдімгі қара желдің «Ұлан» деген бір сүйікті аты бар. Ол сол жолы Ыстықкөлдің буырқанған мінезін, тулағанын, шулағанын, «ұланның» уілдегенін көрді. Көз алдына Айвазовский де, Хемингуэй де емес, Шыңғыс келді. «Прощай Иссыкуль! Прощай Асель! Прощай песня моя недопетая» – деген Ильястың сөзі жүрегін толқытып жіберді. Ән туды. Іле Бішкектегі композитор досы Алтынбектің үйіне жетті. Әнді нотаға түсірді. Содан арада алты жылдан кейін әбден ой сүзгісінен өткен соң барып, ән 1973 жылы эфирге шықты. Ән жұртшылыққа тез тарап кетті. Әдеттегідей қуанышын жасыра алмай қырғыз еліне телефон шалды. Шықаңды саяжайдан тапты. Жазушының қоңыр даусы естілді. – Шыңғыс аға, көптен бері толғандырып жүрген бір ән туды. Жаңа ғана эфирден берілді. – Ооба, ооба, қандай болды, ырдап қойшы. Ілекең қоңыр дауысымен жайлап қана ыңылдады. – Уқмуш боп шыққан екен, абдан жақшы, сен, Ілия бір есебін тауып келсеңші, – деді жазушы. Үнінен тілеулес інісін сағынғандық сезіледі. Осы бір әнде тек сүйген жарға ғана емес, адам жүрегін қозғайтын елге, жерге деген рухты сүйіспеншілік жатыр еді. Ән құдіреті деген осы. Бұл атақты «Әсел» әні еді. Осыдан соң-ақ қазақ-қырғыз арасында Данияр мен Әсел, Жәмила есімді балалар көбейді. Осы аралықта сағынышты жүректен «Асылым» туды. Ендігі жерде қырғыздар оны әлгінде айт­қаны­мыздай, Шықаңның «Шынарым менің, шырайлымдағы» Хадишаның әні деп атап кетті. Жылдар өткен сайын ұлы суреткермен кездесу осы­лайша жалғаса берді. Шыңғыс қазақтан жанына жа­қын тағы бір іні таптым деп қуанды. Бірін-бірі ұзақ көрмесе сағынысып қалатын жағ­дайға жетті. * * * Енді «Ықылас» романының туу себебіне байланысты кеңірек толғасақ деймін. 1986 жылдың 29 желтоқсаны. Ілияны Ықылас пен Күреңкей арасындағы байланыс көптен қызықтыратын. Содан материал жинау үшін жолға шығады. Бішкекке келеді. «Арашан» шығармашылық үйіне жайғасады. Сол күні қасында досы – қырғыздың үлкен жазушысы, «Сынған қылыш» дилогиясының (оны қазақ тіліне аударған осы Ілекеңнің өзі еді) авторы Төлеген Қасымбеков бар, екеуі Шықаңмен кездеседі. Әңгіме бірден үйлесе кетеді. Шықаң «Сынған қылыш» романын өте сәтті аударғанын біледі екен. Ілияның жазушылығына қызықты. Әңгіме емін-еркін басталған сәттен: – Шықа, мына Ілия «Кертолғау» деген повесть жазбақшы, – деді Төлеген. Ілия бұл кітап жайында өз ойын кеңінен толғады. Шыңғыс бұл сөзді беріле тыңдап: «Ілия, сен бұл тақырыпты еш жалтақтамай тереңнен толғап, роман етіп жазуға шамаң жете ме? Айтқан оқиғаң кең де терең екен. Біз өзіміздің ел тұтқасы болған асыл арыстарымыздың атын атауға да батылымыз бармайды. Кітабыңа өзек болып тартылатын оқиғаларда біздің ел мен жер үшін жойқын күрестер жасап, еңіреп өткен сол асылдарымызды бір қырдың астында жатып, еліміздің жүрегінде сақталған тарихи жағдайлармен жақсылап тұрып, шындық аясында жазып қойсаң мына Төлегеннің «Сынған қылыш» дилогиясы секілді санамызға сәуле түсер еді», – деп төгіліп отырып тілек етті. Осы әңгімеден кейін Ілия қырғыз өмірін жан-жақты зерттеді. Романды үш айда жазып бітті. Екі халық­тың екі музыканты Ықылас пен Күреңкей арқы­лы көп өмірдің сыры шертілді. Содан бұл роман Шыңғыстың көмегімен тез арада ең алдымен қыр­ғыз тілінде «Қырғызстан» баспасынан 1988 жылы «Кертолғау» деген атпен жарық көріп, сол жыл­дың әдеби қорытындысында ең үздік шығарма атанды. Шыңғыс осы роман туралы сол жолы сүйсініп айтты. Осындай рухани байланыстардың бізді байыта түсетініне қуанып ағынан жарылып ұзақ сөйледі. Сол жылы ұлы жазушының 60 жыл­ды­ғын­да Ілияның «Обон» атты лирикалық эссесі «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Әсел», «Асылым», «Бибіжан» әндерінің жазылу тарихын жыр қылып «Алатоо» журналында жариялады. Жалпы, Ілияның қырғыздың өзі айта алмаған Шың­ғыс өміріне қатысты әлі де беті ашылмаған шын­дық­тарды жаз­ғаны, «Шыңғыс және музыка» атты та­қырыпта фес­тиваль өткізуге мұрындық болға­ны, осы өнер тойы үстінде бұған көрсетілген құрметтің өзі де арнайы әңгімеге арқау болатын терең бір хикаялар. * * * Шыңғыс Айтматов десе, Ілекеңің өнердегі жо­лын ашқан «Даниярдың әні» еске түсе береді. Осы әнге көңілі құлағаны соншалық, ұлы жазушы оны әркез себеп тауып әңгімесіне қосып отырған. Қай­сы­бір жылы жазушы Ташкентке барған бір сапа­рында «Даниярдың әнінің» нотасын өзбектің Науайы атындағы опера және балет театрының бір дири­­жеріне табыс етіпті. Әнді сол театрдың актері, Жұмағұл есімді қарақалпақ жігіті халықаралық әнші­лер кон­курсында орындап, үшінші дәрежелі сый­­­лық алыпты. Міне, сөйтіп, даланың үнін, махаб­­ба­тын әлемге паш еткен ән дүниені шарлап жүр. Ілия Жақановты қырғыз халқына сүйікті еткен әндердің құдіреттілігі сонша, арамызға қылау түспейтін елдігіміздің ынтымағын жарастыра береді. Сол ықылас-пейілдің бір айғағы 1999 жылдың қоңыр күзінде Ілекеңе Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлық берілді. Бұл оқиға Бішкекте екі-үш күн бойы қырғыз жұртын шаттыққа бөлеген ұлан-асыр концерт болып өтті. Егіз елдің осы бір сүйінішті туыстығына Шыңғыстың өзі де мәз-мәйрам болып қуанғаны есімізде. 2004 жылдың маусым айының төртінші жұлдызында Алматының Республика сарайында Ілия Жақановтың үлкен концерті болды. Міне, осы концерттің көркі Шыңғыс Айтматов шығармалары негізінде жазылған әндер, оны орындаған қырғыздың екі бұлбұлы –Дариға Жалғасынова мен Керим Тұрапов қазақ композиторының атағы мен беделін мүлде асқақтатып жіберді. Сол жы­лдың 1 желтоқсанында Астанада «Конгресс-Холл» залында өткен осы концертте де қырғыз бен қазақтың мызғымас туыстығының белгісі ретінде сүйсіне ардақтап отырған әндер тағы да шалқыды. Ілия Жақанов осы қуаныш үстінде қырғыздың «Дәнекер» орденімен марапатталды. Осы жарастықты өмір осылайша жалғасып жатыр. Өте шығар дүние-ай! «Ілия, жүрегімді ұйытып жүрген бір лирикалық повесті жазып бітірдім, соған музыка жазшы» деп үні жан жылытар лебізге толып шығатын ұлы қаламгердің дариға дидарын қара жер жасырғалы да жылдар өтіп барады. Сол «Даниярдың әніне» тенор біткендер әлі күнге жабылып жатыр. Неге жабылмасын?! Көңіліңді шалқытып, асқақтататын бір байтақ әлем ғой ол. Соңғы жылдары жас әнші Қайыржан Бердібаев «Даниярдың әні» деген фильм­ге бергісіз бей­н­е­баян түсірді. Қысқасы, біреу білді, біреу біл­меді, «Даниярдың әнінің» таңғажайып екінші өмірі басталды. Бізді бір ғана «Даниярдың әні» осылай бау­рай береді. Не құдірет бар онда? Ілекеңнің қыр­ғыз тақырыбындағы әр әні аңыз-әңгіме боп жайы­лып бара жатыр. «Даниярдың әні» сол рухани төл­дің көшбасы, арналы бұлақтың мөлдір бастауы еді. ... Таяуда бір үлкен тойда атақты әнші Кенж­е­ғали Мыр­жықбаймен сағынысып қауыштық. Көп әң­гімелестік. Өткен күндер, ғажайып концерттер еске түсті. Кенжеғали тойда ән салды. Сол баяғы жан жүйеңді босатар қоңыр дауыс. Бірақ, «Даниярдың әнін» айтқан жоқ. Айтпағаны да дұрыс болды. Тойдың аты – той. Біреу мас, біреу жас дегендей. Бұл әнді үлкен дайындықпен келіп тыңдаса ғой, шіркін! – «Даниярдың әнін» бір естігім келіп жүр, – деп едім, әншінің жүзі нұрланып кетті. – Алдағы уақытта Ілағаның әндерінен бір компакт диск дайындамақ ойым бар. Соған кіргіземін, өзім де сағынып жүрмін сол әнді, – деді, Кенжеғали. Қазақта «Даниярдың әніндей» ән көп емес қой. Ол сирек орындалады. Сонысы да жақсы. Ондай ән өлмейді, бірақ, әсіресе, мынау тірі дауыстар жұтылып бара жатқан заманда жүрек толы асқақ сезіммен, биік үнмен айтылғаны да керек-ақ! ...Созақ деген қасиетті жер бар, онда Қожа Ахмет Ясауидай мұсылман әлемінің пірін өз қолымен арулап қойған Қарабура әулиенің кесенесінің төңірегі бүгінде құдіретті пантеонға айналды. Осы қауымда мұсылман жұрағатының ұлылары мен асылдарына қара граниттен ескерткіш тастар қойылады. Сондай тастардың бірін Ілия Жақанов Шыңғыс Айтматовтай ұлы ағасының рухына арнап қойғанын жұртшылық біліп жатыр. Бұл –мәңгі достықтың белгісі! Қали СӘРСЕНБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы