05 Мамыр, 2016

Чехияда білім алуға мүмкіндік мол

638 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сыртқы істер министрлігіКеше Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Жаңа мүмкіндіктер» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Сержан Әбдікәрімовтің отандық БАҚ өкілдерімен кездесуі болып өтті. Онда екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бүгінгі жай-күйі және болашақтағы бағыт-бағдары сөз болды. С.Әбдікәрімов алдымен Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасқа тоқталды. Оның айтуынша, Чехия біздің экономикалық әлеуетімізге жоғары баға беріп, 2009 жылы Қазақстанды өзінің басымдыққа ие 12 сауда серіктесінің қатарына қосқан. «Содан бері қос мемлекеттің тауар айналымы тұрақты түрде өсіп отырды. Мәселен, 2009 жылы аталған көрсеткіш 206,6 млн. АҚШ долларын құраса, 2014 жылы 1,190 млрд. АҚШ долларына жетті. Алайда, жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарынан өткен жылы бұл сала айтарлықтай ақсап, тауар айналымы екі есеге дейін төмендеп кетті. Соңғы мәліметтер бойынша бүгінде Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-саттық құны 666 млн. АҚШ долларын құрайды», – деді елші мырза. Соған қарамастан, қазіргі таңда екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, тауар айналымын бұрынғы қалпына келтіру бо­йынша жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын айтқан С.Әбдікәрімов: «Бүгінде бұл мәселені екі мемлекет үшін де тиімді шешу мақсатында үкіметаралық комиссия жұмыс істеуде. Ол негізінен сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты күшейтуге күш жұмсап келеді. Комиссияның соңғы отырысы былтыр Астанада өтті. Енді келесі басқосу алдағы уақытта Прага қаласында ұйымдастырылады. Бұл жиындардың жемісті болуына екі жақ та мүдделі. Біздің тарап негізінен машина жасау, ауыл шаруашылығы, энергетика, фармацевтика сынды салаларға қызығушылық танытса, Чехия мемлекеті Қазақстандағы көптеген жобаның жүзеге асуына қатысуға мән беріп отыр. Одан бөлек, екі елдің бизнес саласын дамытуға көңіл бөлініп, 2014 жылы Прагада Қазақстан-Чехия сауда палатасы құрылғанын атап өткен жөн», – деді. Сонымен қатар, С.Әбдікәрімов білім берудегі екіжақты байланыстың көңіл қуантатынын жеткізді. «Бүгінде Чехияда 2 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Ол елдің білім сапасы жоғары және дипломдары әлем бойынша мойындалады. Тағы бір артықшылығы, оқу ақысы Батыс Еуропа мемлекеттері және АҚШ-пен салыстырғанда, айтарлықтай арзан», – деген елші Чехия үкіметінің оқу грантын қалай иеленуге болатынын айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бір жыл өз қаржыңа чех тілін меңгерсең, жергілікті үкімет университетке қабылдану үшін грант бөледі. Яғни, қалған 4 жылды тегін оқуға мүмкіндік бар. Бүгінде осы бағдарлама бо­йынша бірқатар қазақстандық азамат Чехияда білім алуда. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы бойынша мамандықтарды таңдаған. Жалпы, соңғы 6-7 жылдың ішінде Чехия университеттерінде 5 мыңнан астам қазақстандық білім алған екен. Жиын барысында елші мырза бұл студенттердің екіжақты экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін тартылатынын айтып, олардың қос мемлекеттің одан әрі жақындаса түсуіне өз үлестерін қосатынына сенім білдірді. Тағы бір назар аударар жайт, кейінгі жылдары чехиялық кәсіпкерлерге берілген визалар санының өсуі байқалады. С.Әбдікәрімов атап өткендей, 2013 жылы – 2300, 2014 жылы – 2418, ал былтыр 2866 Чехия азаматына виза берілген. «2009 жылы біз чехиялықтар үшін визалық тәртіпті жеңілдеттік. Соның нәтижесінде Чехия тарапы да бұл мәселені оңтайландыру тетіктерін қарастырып, Астана, Алматы қалалары мен еліміздің батыс және оңтүстік аймақтарынан визалық орталықтар ашты. Келешекте бұл мәселені тағы да жеңілдету үшін жұмыстар жүргізілетін болады. Себебі, екі ел арасында кәсіпкерлерден бөлек, туризм саласы бойынша байланыс нығайып келеді», – деген елші 2015 жылы Чехия 12 мың қазақстандық туриске виза бергенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, С.Әбдікәрімов Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени және рухани байланыстың да қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқының Чех  Республикасындағы мәдениет күндері аясында «Елім-ай» қазақ мәдени орталығының ұйымдастыруымен бірқатар іс-шара өткен. Алдағы уақытта осы бағытта тағы бірнеше бастама қолға алынбақ. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан»