05 Мамыр, 2016

Аға ұрпақ жолы – жастарға үлгі

365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Гүлшара ӘбдіқалықКеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында болып, ондағы Әскери-тарихи мұражайдың экспозицияларымен танысты. Сондай-ақ, ол орталықта жоғары оқу орындарының студенттерімен, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің және әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен, Астана қаласы орта мектептерінің оқушыларымен кездесу өткізді. Отан қорғаушы күнін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараға мемлекеттік органдардың басшылары, еңбек ардагерлері, Қарулы Күштердің офицерлері қатысты. Кездесуде елімізді одан әрі дамыту және өркендетуге ба­ғытталған «Мәңгілік Ел» пат­риоттық актісін іске асыру аясын­да өскелең ұрпақты әскери-пат­риот­тық бағытта тәрбиелеудің өзек­ті мәселелері талқыланды. Өз кезегінде Г.Әбдіқалықова өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде ата-бабаларымыздың ерлік істерін үлгі етіп көрсетудің маңызды екеніне тоқталды. «Біздің бүгінгі кездесуіміз еліміздегі қастерлі мерекелер – Отан қорғаушы күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын атап өту қарсаңында өтіп отыр. Жас ұрпақтың Отанды қорғау деген қасиетті ұғымды бойына сіңіруі мемлекеттіліктің негізін қалыптастырады. Қазақ­станның қуатты ел болуына негіз қалайды. Сіздер білесіздер, Ұлы Отан соғысы кезінде 1 миллион 300 мыңнан астам қазақстандық со­ғысқа аттанды. Оның ішінде 500 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты. Қазіргі кезде қарт майдангерлерден 3662 адам қалды», – деді Мемлекеттік хатшы. Сонымен бірге, Мемлекеттік хатшы заман талабына сай құрылған әскеріміз еліміздің айбыны әрі абыройы екеніне тоқталды. «Қазіргі таңда елдің қор­ғанысында жоғары білікті, технологиялық және мобильді Қарулы Күштер тұр. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты мен Қарулы Күштерімізді мықты етіп құру мақсатының нәтижесі. Бүгінде бейбіт күнде Қарулы Күштер ерлік пен қайсарлықтың үлгісі. Нағыз батырлар өз халқы мен еліне адал еңбек етіп жатыр», – деді Г.Әбдіқалықова. Оның айтуынша, Айдын Айымбетов, Азамат Жұмаділов сынды ба­тыр­ларымыздың қатары толыға түсуі тиіс. «Жақында ғана Қайрат Үм­бетов тарихи ерлік жасап, 19 жас­тағы жас сарбаздың өміріне араша түсті. Офицер мемлекеттік наградаға ұсынылды. Осы сынды нағыз патриоттар біздің елде әрқашан болады. Біз олардан үлгі алып, оларды мақтан тұтуымыз керек. Кез келген елдің қорғаныс саласы әскерилердің рухани қайсарлығына тәуелді», – деді ол. Басқосу сәтінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғам­дық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясының өзек­тілігіне, оның жастар тәр­бие­сіндегі рөлі­не екпін берді. Сондай-ақ, ол елі­мізде қазақ­стандық пат­рио­тизмді насихаттауда, жас­тар­ды отансүйгіштікке тәр­бие­леп, ерлікке баулуда көп­теген шаралар қолға алынып келе жатқанын, мұның барлығы «Мәңгілік Ел» идеясымен үнде­сетінін жеткізді. Ал «Жас Ұлан» мектебінің тәр­биеленушісі Сұңғат Жұман қазіргі таңда жас өскіндерді елін, жерін сүюге шақыратын тәр­биелік мәні зор көптеген жұ­мыстар атқарылып отырғанын, соның нәтижесінде қазақстандық патриотизмнің туы биікке кө­теріліп келе жатқанын сөз етті. Оның айтуынша, әрбір азамат Отан алдындағы борышын терең түсініп, ел бірлігі үшін қызмет етуі тиіс. «Мен өз еліммен, оның айбынды әскерімен мақтанамын. Бұл маған Отаныма деген сүйіс­пеншілігімді арттыра түседі. Бізге ұстаздарымыз «Мәңгілік Ел» идеясының мәнін, маңы­зын айтудан жалыққан емес. Пре­зидентіміз ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын әрбір қазақстандық азамат түсінуі керек», – деді «Жас Ұлан» мектебінің тәр­бие­ленушісі. Оның айтуынша, жастарды Қа­зақстанның нағыз патриот­тары етіп тәрбиелеу үшін осындай кездесулердің жиі-жиі ұйым­дастырылуы өте маңызды. Бұдан кейін кездесуге қа­тысушылар Қорғаныс министр­лігінің ардагерлермен, жас­тар­мен және Жаңа қазақ­стан­дық пат­риотизмге тәр­биелеу жөніндегі құзырлы мем­ле­кет­тік органдармен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету тұрғысында пікір алмасты. Жиын барысында өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін дамытуға, Қарулы Күштердің имиджін одан әрі нығайта түсуге бағытталған 62 936 адамды қамтитын 2 229 әс­кери-патриоттық клубтар, үйір­мелер мен секциялар жұмыс істейтіні атап өтілді. Кездесу соңында Мемле­кеттік хатшы жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін же­тілдірудегі басымдықтарды айқындап, жұртшылықты Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтады. Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығын 2015 жылғы 1 желтоқсанда аш­қан болатын. Орталық құры­лы­мына Әскери-тарихи мұражай, Орталық әскери оркестр және Орталық ансамбль кіреді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»