05 Мамыр, 2016

Балалар туризмінің биік белесі

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
фото Халелова Рафхата (109)-1Соңғы жылдары республикамызда Елбасы тапсырмасына сәйкес ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бір сөзбен айтқанда, мұны ересектер туризмі десе де болады. Сонымен бірге, балалар мен жасөспірімдер туризмі деген де ұғым бар. Алдыңғысына қарағанда туризмнің бұл түрін дамыту әлдеқайда жауаптырақ әрі әлдеқайда күрделірек. Өйткені, балалар туризмі жеткіншек ұрпақтарды, еліміздің ертеңін тәрбиелеу мен қалыптастыруда айрықша орын алады. Орал өңірінде аталмыш туризм түрінің ежелгі дәстүрі мен тарихы бар. Мысалы, мұнда балалар туризмін ұйымдастру ісі бұдан елу бес жыл бұрын, яғни өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас кезінде қолға алына бастапты. Сол уақыттан бері облыста бұл істе көптеген оң тәжірибелер жинақталып, батыл бастамалар жүзеге асты. Соның нәтижесінде Ақжайық аумағындағы балалардың ішкі туризмін дамыту мен өркендету жөніндегі өміршең іс-шаралар мен оң тәжірибелер елордамыз Астана мен Алматы қалаларына және республиканың барлық облыстарына үлгі-өнеге ретінде ұсынылды. Тағылым алатын жайт ретінде таратылды. Бұл жөнінде Мемлекеттік хатшының арнайы шешімі де қабылданды. Мұның бәрі, әрине, облыстағы балалар мен туризм орталығы, соның ішінде оның директоры Виктор Фомин үшін үлкен абырой. Сонымен бірге, жоғары жауапкершілік пен мерейлі мін­дет екені кәміл. Өңірде және тұтастай еліміздегі балалар мен жасөспірімдер туризмінің кеңінен өркендеуіне орталық жанынан шығатын және республика көлеміне таралатын «Соқпақ» журналының да тигізген септігі мол. Орталық басшысы В.П.Фо­миннің бастамасымен дәстүрге еніп үлгерген «Хрустальды шоқыр» жүлдесінің орны бөлек. Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға қолдау көр­сетіп, жанашырлық танытып жүрген іс басындағы азаматтар соңғы бес жыл бедерінде осы жүлдемен марапатталып жүр. Талас жоқ, өлке мен ел тари­хын зерделеуге, оны ел-жұрт­тың жүректеріне жеткізіп, саналарына жеткізуге туризм жан­ашырларының қосқан үлесі қомақты. Биылғы жылы «Хрустальды шоқыр» жүлдесі оның иегер­леріне он екі аталым бойынша табыс етілді. Олардың қата­рында саяхаттық-өлкетану қыз­­меті мен қосымша білім беру жү­йесінің үздік ұйымдас­ты­рушылары, таң­даулы әдіс­те­мелік еңбектердің ав­тор­лары, күр­келік және ста­цио­нарлық лагерь­лердің және ту­ристік жорық­тар мен экс­пе­дициялардың көш­бастау­шылары, бірқатар аудан әкім­дері мен олардың орынбасарлары, БАҚ өкілдері бар. Міне, Орал өңірінде балалар туризмінің бүгінге жеткен биік белестері осындай. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы Суретте: «Хрустальды шоқыр» жүлдесі осылай мәреге жетті Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ