Шарайна
АҚШ президенттігіне Республикашыл партиядан түсуден кандидат Тед Круз Индиана штатындағы партияішілік дауыс беру кезінде жеңіліс тапқан соң сайлау бәсекесінен бас тартты.
Т.Круздың бас тартуы миллиардер Дональд Трамптың Республикашыл партия атынан президенттікке кандидаттыққа ұсынылуына нақты жол ашады. Индиана штатында Круз жеңіске жететін болса, Трамптың съезде Республикашыл партиядан президенттікке ұсынылуына қажетті 1238 дауыс жинауына кедергі келтіретін еді. Д.Трамптың тағы бір қарсыласы, Огайо штатының губернаторы Джон Кейсик сайлауға түсу күресін әрі қарай жалғастыра беретінін мәлімдеді. Бірақ, оның мүмкіндігі өте төмен. Ал Демократиялық партияның Индианадағы партия ішіндегі дауыс беруінде Берни Сандерс жеңіске жетті. Дегенмен, бұл партиядан Хиллари Клинтонның мүмкіндігі жоғары.
Бітім мәселесі тағы талқыланады
БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласында бітімнің бұзылғанын талқылайды. Өйткені, соңғы апталарда бұл қалада БҰҰ әрекеттеріне қарамастан, үкімет күштері мен оппозицияшыл көтерілісшілер арасында кескілескен ұрыс жүрген еді.
Франция мен Ұлыбритания осы мәселеге қатысты жиын өткізуге шақырса, Ресей тарапы Алеппода бұзылған бітімді қалпына келтіруге күш салып жатқанын алға тартады. Францияның БҰҰ-дағы елшісі Франсуа Делаттр Алеппо қаласын Сирия басшысы Башар Асадқа «жанкештілікпен қарсылық көрсетіп жатқан орталық» деп атап, қаланы Босния соғысы кезіндегі Сараевоға теңеді. Кеңесте БҰҰ-ның жоғары саяси мәселелер жөніндегі өкілі Д.Фельтманның Алепподағы соңғы апталарда болған шабуылдар, оның ішінде әуе соққылары мен одан құрбан болғандар туралы есебі тыңдалады.
Контрабандамен айналысқанын мойындады
Финляндияда «Finnair» әуе компаниясының бұрынғы стюарды елдің Вантаа округтік сотында адам контрабандасымен айналысқанын мойындады. Бұл ақпаратты осы елдің агенттіктері таратты.
Ақпаратқа қарағанда, Финляндияның ұлттық әуе компаниясының мердігер фирмасының қытайлық қызметкері әуежай арқылы Хельсинки – Вантаа бағыты бойынша 33 жерлесін заңсыз өткізген. Оның осындай қылмыстық әрекеті 2013 жылы басталған екен. Оған Еуропа мен Қытайдағы қылмыстық топтың мүшесі деген күдік те келтіріліп отыр. Бірақ, ол ондай қылмыстық топқа өзінің ешқандай қатысы жоқтығын айтуда. Ал Финляндия заңы бойынша бұл қылмыстық әрекетке алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қысқа қайырып айтқанда:
- Қытайдың Хунань провинциясында дүниеге келген нәрестеге дәрігерлер полидактилизм деген диагноз қойды. Сәбидің екі қолында 15 саусақ, ал аяқтарында 16 бармақ бар.
- АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы жағалаудан аты аңызға айналған «Индевор» кемесі табылды. Бұл кемемен саяхатшы Джеймс Кук 1768-1771 жылдары аралығында саяхаттар жасаған. Одан кейін кеме белгісіз жағдайда жоғалып кеткен екен.
- Кеше Ресей ішкі істер министрлігі өңірлік басқармасының басшысы Сергей Солодовников Тәжікстанда Сызрань полициясының экс-бастығы А.Гошт және оның отбасы мүшелерін өлтірген деген күдіктілердің төртіншісі ұсталғанын хабарлады.
- Канаданың Альберто провинциясының билігі жақындап қалған өртке байланысты Форт-МакМеррей қаласының тұрғындарын шұғыл көшіруді бұйырды. Ол 80 мыңнан астам адамды қамтиды.
Парламентті таратып, сайлау тағайындады
«Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Испания королі Фелипе ІV ел парламентін тарату және осы жылдың 26 маусымында жаңа сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойған.
Бұған дейін Король парламенттен бір шешімге келуді сұрап, келіссөздер жүргізген еді. Оған желтоқсанда депутаттардың жаңа премьер-министрдің кандидатурасы бойынша бір пәтуаға келе алмауы себеп болған. Әсілі, ел конституциясына сәйкес, Король премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады және парламентті тарата алады. Осыған байланысты ол 2 мамырда жаңа үкіметті тағайындау мерзімі аяқталған соң, парламент спикері Пачи Лопестің қатысуымен тиісті құжатқа қол қойған. «Келесі парламент бұдан сабақ алып, үкімет мәселесі бойынша тезірек шешім қабылдайды деген үміттеміз», – деді П.Лопес баспасөз мәслихатында. Айта кетейік, Испанияда бұған дейін сайлау екі рет өтпей қалған еді.
Дағыстанда жиі оқ атылатын болды
Ресейдің құқық қорғау органдары Солтүстік Кавказдағы Дағыстан аймағында полиция үш содырдың көзін жойғанын хабарлады.
Ресей ұлттық антитеррорлық комитетінің мәлімдеуі бойынша, содырлар Дағыстанның орталығы – Кизилюрт ауданында өткізілген арнайы операция кезінде оққа ұшқан. Кейбір деректерге қарағанда, көзі жойылған бұл үш содырдың полицияға қарсы шабуылдар ұйымдастыруға қатысы бар. Осы операцияны жүзеге асырғандар үш содырдың бірі – Умар Сабуев «Кизилюрт» деп аталатын бандалық топтың жетекшісі болғанын айтады. Солтүстік Кавказда «Ислам халифатын» орнатқысы келетін бүлікшілер полицияға, жергілікті билік өкілдері мен исламның дәстүрлі саналатын бағытын ұстанатын дін өкілдеріне жиі шабуыл жасайды.
Қайталану мүмкіндігін жоққа шығармайды
Бельгия қауіпсіздік қызметінің басшысы Яак Раес елде жаңа террорлық әрекеттердің болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл жөнінде «Новости» ақпарат агенттігі хабарлады.
Қауіпсіздік қызмет басшысының айтуынша, террорлық шабуыл бұрынғыдан көбірек болуы ықтималдығы күтіліп отыр. Бұған қоса ол бельгиялық ұлтшылдар тарапынан қысым жасалатынын да атап өткен. Атап өтейік, осы жылдың 22 наурызынан Брюссельдің әуежайында және метрода террорлық әрекеттер жасалды. Салдарынан 35 адам құрбан болып, 300-ден астам адам жараланды. Террорлық шабуылды «Ислам мемлекеті» экстремистік топтары жауапкершілігіне алған еді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді