05 Мамыр, 2016

Әкем айтқан ақиқат

360 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Агыбаев А.-1Әкемнің соғыс жайында айтқан әңгімелеріне кезінде балалық­пен көңіл бөл­мегеніме бүгінде қатты өкінемін. Ол кісі күллі майданға бетбұрыс жасаған, неміс-кеңес соғысының тағдырын шешкен Сталинград түбіндегі кескілескен шайқаста бір Алланың құдіретімен аман қалғанын айтып отырушы еді... – Ұшы-қиыры кө­рінбейтін окопта жат­қан 500-ге жуық жауынгердің ішіндегі ең ересе­гі мен болдым-ау деп ойлаймын, – деп бас­таушы еді әңгімесін жа­рық­тық. – Жасым 33-ке тол­ған мен едім, қалғандары – көкөрім бозбала­лар. Ко­ман­ди­рі­міз­дің үне­мі жау­ға қарсы бірінші болып «уралап» алға ұмтылуды ма­ған бұ­йы­ратыны да сондықтан ба деп ойлайтынмын. Әсіресе, 17 жасар Кенжебек Сағатов деген бозбала інім кезегі тигенде ұстайтын мылтығын сүйретіп, «көкелеп» қасымнан қалмайтын. Сол Кенжебек дамылдап отырған бір кезде маған: «Жай­сыз түс көрдім, көке! Бауырыңыздан ұшып бара жатыр екенмін», деді кәдімгідей қобалжып. Мен де өзімше жұбатқан болдым. Өйткені, аспаннан снаряд жауғанда бас сауғалаған біздер қайда тығыларымызды білмейтінбіз. Аман қалғандарымызды топырақтың астынан талай рет аршып алып жүрдік. Сол күнгі шайқас таң бозынан басталды... Артымда менен қалмай мылтығын сүйреп, құстай ұшып келе жатқан Кенжебек кенет көзден ғайып болды. Жүрегім «зырқ» ете қалып, кері жүгірдім. Сөйтсем, он метрдей жерде оқ тиіп мерт болыпты. Байғұс баланы окопқа көтеріп әкеліп, оңашалау жерге жатқызып, апыл-ғұпыл білген дұғам­ды оқыдым. Көз жасымды тыя алмай, топпен бірге қайта жүгірдім.., – деп ауыр күрсінетіні де есімнен кетпейді. Әкем ағайын-туыстас екі бауыры Орынбасар, Жұмабай үшеуі соғыстың алғашқы төрт айында Сталинградтың түбінде бірге шайқасқан. Төрт ай бойы ажал оғының астында аман-есен бірге жүрген. Күші басым жауға төтеп бере алмай, оның үстіне қару-жарақ та тапшы екен, екеуара бір мылтық дегендей, біздің әскерлер кейін шегіне бастайды. Бір жолы командирі «Қашанғы шегінеміз, алға ұмтылыңдар!» деп бұйрық береді. Өкініштісі, мұнысы көзсіз батырлық еді. Өйткені, взводта адам да, қару да аз. Жанында екі туысы бар әкем «уралап» алға ұмтылғанда тура ортаға ауыр снаряд түсіп жарылады. Інісінің біреуі аспанға ұшып, сүйегі шашылып кетеді. Екіншісінің басы жоқ, мойнынан қаны атқылап жатқанын соңғы рет көріп, өзі де оңбай жарақат алған әкем де сұмдық көріністен кейін есінен танып құлайды. Өте жақын туыстас бауырлары Орынбасар мен Жұмабайдан осылайша көз алдында айырылады... Есін бір жиғанында бір орыс солдатының арқалап келе жатқанын сезеді. Сосын өлгендер мен жаралыларды қоса лақтырып машинаға тиегені есінде қалыпты. Қатты қансырағаны соншалық, неше күн жол жүргенін де білмейді. Ташкенттегі әскери госпитальде ғана дәрінің күшімен өзіне-өзі келеді. Үстіндегі өрімі шыққан киімін шешіп тастағандықтан, қалтасындағы Кенжебектің үй-ішіне жазған хатынан айырылып қалады. Әкем соғысқа Асқаров болып аттанған. Госпитальде есі кіресілі-шығасылы болып жатып «Атаңның аты кім?» дегенде «Ағыбай» деген болуы керек, содан Ағыбаев болып кетіпті. Кейін өз-өзіне келген соң «Мен Ағыбаев емес, Асқаровпын» десе, «Сіз Әжібек Асқарұлы Ағыбаевсыз» деп аты-жөнін солай жазып жіберіпті. Әкешім соғыстан ІІ-топтағы мүгедек болып оралады. Сталинград түбінде болған сол ақырғы қырғында әкемнің сол қолын білек біткен жерінен оқ жұлып кеткен. Елге оралған соң ұзақ жылдар бойы Оңтүс­­тік Қазақстан облысындағы Жетісай ауданы­ның «Молотов» кеңшарында еңбек етті. 1963 жылы Ордабасы ауданына қарасты «Исаханов» кеңшарына көшіп келіп, мақта шаруашылығымен айналысты. Томаға-тұйық, артық әңгімесі жоқ, өз ісіне тындырымды жан еді. Бала күнімізде әкемнің күректі ұстай алмай қиналып жатқанын көргенде көзімізге жас толып, фашистерге лағнет айтушы едік. Әр кезде әкемнің сау тамтығы жоқ денесіндегі жарақаттарының беті қызарып, ісініп кетуші еді. Бәрі көз алдымда. Бүгінде ойлап қарасам, әкем сұрапыл соғыстағы аласапыраннан аман-сау оралғанына шүкіршілік етеді екен ғой. Екі ұлының атын бірдей етіп Мейрамбек, екеуінің есімін Нұрлыбек деп қайталап қойғаны басынан алған контузиясынан шығар деп те ойлаймын қазір. Бір таңғаларлығы, аттары қайталанып қойылған ұлдары көп тұрмай, жастайынан шетінеп кетті. Ол кісінің кей-кейде көңілі жадырағанда тарта алмаса да сау қолына домбыра алып, әндететін өнері бар еді. Мына бір термелеткені өз жүрегінен шыққан сөздер: Қалам бір алдым қолыма, Қояйын былай басқаны. 41-дің жазында, Фашистер соғыс бастады. Аттандырдық майданға, Елдегі кілең жастарды. Жазылды сөздің дұрысы, Совет пен Герман ұрысып, Ай-жұлдыздай тоғысты. Жаһанға кетті дыбысы... Майдангер әкем Әжібек Асқарұлы Ағыбаев ор­ден-медальдарының ішінде 1944 жылы алған «Сталинградты қорғағаны үшін» медалін ерекше бөле-жарып айтып отыратын. Аждаһаның аузынан қалай аман қалғанына басын шайқай-шайқай дүниеден өтті. Майдан даласында бес танкіні жойғаны үшін I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталғаны тағы бар. 1955 жылы Ұлы Жеңістің 10 жылдығы құрметіне «Ерлігі үшін» медалін, сондай-ақ, Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарын кеудесіне тақты. Анам Күлсін Есімқызы екеуі төрт ұл, үш қыз тәр­биелеп өсірді. Соның бірі менмін... Сара ӘЖІБЕКҚЫЗЫ