Ел ішінде көпшілікке елене бермейтін қарапайым ғана жұмыс қолының бірі – моншашылық кәсіп. Және жұмыстың бұл түрін меңгере білу де, оны іске асыру да оңай емес.
Жымпиты ауылының тұрғыны, зейнет демалысындағы Гүлпан Хамзина болса, осы кәсіпті, яғни, моншашылықты меңгергендігіне әсте өкініп көрмепті.
Гүлпан Хамзақызы – Бұлдырты ауылының тумасы. Әкесі Хамза – Ғалиев Ұлы Отан соғысының ардагері. Елге аман-есен оралған соң, Хамза аға ұстаздық салада, одан соң шикізат дайындау кеңсесінде қызмет атқарды.
Хамза аға жұбайы Орынаймен бір ұл, жеті қызды өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Тек бір өкініштісі, Хамза аға соғыс жарақаты зардабынан 60 жасында өмірден өтсе, Орынай әже 80 жасында бақилық болды.
Адалдық, еңбекқорлық дегеннен шығады, осы Ғалиевтер әулетінен тараған ұрпақтар шүкіршілік делік, ауылдастарын, ағайын-туманы жерге қаратып көрмепті. Мысалы, әңгімеміздің басты кейіпкері Гүлпанның өзі Бұлдырты орта мектебін бітірген соң, ауылдағы поштаға хат-хабар, басылымдар тасушы ретінде қызметке алынып, бұл салада жеті жылдай тер төге білді.
Бәлкім осы салада жүре берер ме еді, пошташы қыз Гүлпанға жымпитылық шопыр жігіт Хайдар кездесіп, ақыр соңы екі жас 1975 жылы шаңырақ құруға уәделерін байласпағанда?!
Сөйтіп, Жымпиты ауылына келін болып түскен Гүлпан апа орталықтағы шұжық өнімін дайындау цехына қызметке орналасып, Алматы қаласынан арнайы мамандықта оқып келген соң, осы кәсібінде табан аудармастан 15 жыл істеді. Бірақ, кеңестік заман тоқырауға ұшыраған соң орталықтағы шұжық цехының да жұмысы 1995 жылы тоқтап, мұндағы адамдар да ендігісін өз күндерін өздері көруге мәжбүр болды. Солардың бірі Гүлпан Хамзақызы еді.
1997 жылдары Гүлпан апа үйден пешке нан пісіріп, тары, талқанды сатуға шығарып отырды.
Қазандықтағы шоқтың қызуы Гүлпан апаның беті-қолын күйдіріп, қиналған сәттері де осы кездер еді. Әйтсе де, «Еңбектенсең – бәрі бар» дегендей, қайсарлық көрсете білген Гүлпан апа ауладағы ескілеу моншаны балаларымен жөндеп, ретке келтірген соң, көрші-көлемдердің талғамына сай пайдалана білулеріне қалыпты жағдай жасады.
Байқап көрсе, монша қызметін пайдалану жағы өте тиімді көрінді. Тіпті, моншаға жекелей де, ерлі-зайыпты ретінде де тапсырыс берушілер қатары ендігі жерде молая түсті.
Гүлпан апа енді мықтап ойланды. Балаларымен ақылдасып, әбден кеңесіп, көрді. Отағасы Хайдар ағаның да марқұм болғанына 9 жылдың жүзі бопты. Өзі болса, зейнеткер. Бала-келіннің де алатын жалақылары мардымсыз. Не істеу керек?
Ақыр соңы балалардың ұйғарымдарымен мемлекет тарапынан несиелік қаражат алып, ауладағы үйді де қазіргі заманауи тұрғыда күрделі жөндеуден өткізіп, ескі моншаның орнына жаңа моншаның құрылысын салуға белдерін бекем буды.
Шешім қабылданды, іс осылайша жүзеге асырылатын болды.
– Шүкір, балаларымның арқасында үй де күрделі жөндеуден өтті, жаңа монша да салынды. Өзім жеке кәсіпкер ретінде заңды түрде тіркеліп, салықтық төлемді уақытылы төлеп отырамын. Қазір аудан орталығындағы тұрғындар өз қалауларымен моншама тапсырыс беріп, соған сай қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған жайым бар, – дейді Гүлпан апа әңгіме арасында.
Шынында, «Хамзина Г» атты жеке кәсіпкерлік иегері Гүлпан Хамзина қазіргі мамандығы моншашылыққа әбден берілген. Өйткені, кәсіпкер Г.Хамзинаның айтуынша, бұрынғы кездері моншаға суды шелектеп, бөшкемен құдықтан тасымалдайтын болса, ендігісін «Ақбұлақ» бағдарламасы іске асқаннан бері су мәселесі әбден шешілген көрінеді.
Ал, моншаға отын-су әзірлеуде ұлдары Қайырбек, Бердібек үлкен қолқанат болса, монша ішінің тазалығы, хлорлы ерітіндімен жуып-шаю жағын Гүлпан апа өзі атқарады.
– Монша қызметін жаз кезінде үнемі тұрғындарға көрсете білсек, қысқы уақытта сенбі, жексенбі күндері тапсырысқа сәйкес белгілі уақытпен жүзеге асырудамыз. Аудандағы салық комитеті арқылы 6 айға орта есеппен 3000 теңгедей негізгі төлемді төлеп отырсам, күніге тұрғындарға (әр адамға 250 теңге) монша қызметін көрсетуден 5000 теңгедей қаржы отбасы қазанына түседі. Сондай-ақ, ауламыздағы ұсақ мал, 3-4 ірі қара, тауықтарым да күнделікті табыс көзіне айналып отыр, – дейді Гүлпан апа.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ғалиевтер әулетінен тараған жеті қыз бүгінде Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Орал қалаларында бір-бір отау иелері атанып отырса, жалғыз ұл Қуаныш неміс қызы Екатеринаға үйленіп, Бұлдыртыда ұрпақ қызығына бөленуде.
Ал, осы ұрпақтардың ортасындағы Гүлпан Хамзақызының өзінің еңбекқорлығымен әуелден көзге түсіп, кезінде ауылдық, аудандық, облыстық, кеңестің депутаты болғандығын, тегін жолдамамен шетелге дейін барғандығын, бірнеше марапаттың иесі атанғандығын халықтың бірі білсе, енді бірі білмесі де анық.
Десек те, бүгінде зейнеткер болса да еңбектен қол үзбей, халықтың алғысына бөленіп отырған «Хамзина Г» жеке кәсіпкерлігінің иесі Г.Хамзинаның бұл тірлігі үлгі етуге тұрарлық. Бүгінде ұрпақтары, немере, жиендерінің қызығына бөленіп отырған моншашы Гүлпан апа жөнінде ой толғап, айтарымыз да осы еді.
Мүсірбек АЙТАШЕВ
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы
Суретті түсірген
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ