05 Мамыр, 2016

Омарташы келіншек

635 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Омарташы 1Біздің өңір үшін омарташылық тосын кәсіп екені сөзсіз. Дегенмен, соңғы жылдары әр-әр жерден омарташылықпен айналысушылар шығып жүр. Жақында осындай тың кәсіпке жүрексінбей барып, шаруасын дөңгелетіп кеткен омарташы Дания Рысқұловамен әңгімелесудің сәті түсті. Біз бұл кәсіпке қалай келгенін білмек болып сөзге тартқан болатынбыз. – Мен Жем қаласында тұра­мын. Өзім бұрынғы әскери қыз­мет­шімін. Кәсіпкерлікпен айна­лысуға бел буға­нымда осы омар­та­шылықты таңдадым. Оған аудан­­дық кәсіпкерлік бөлімі Ембі филиалының басшысы Тілек Нақ­паевтың қолдауы себепші болды. Жеке кәсіпкерлікті қалай ашу керектігі туралы, бизнес-жо­с­пар жасау жолдары жайлы ақыл-кеңесін берді. Бұл жаңадан өз ісімді ашуға талап қылып тол­­қып жүрген менің бо­йымда се­німділікті қалыптастырды. Сөй­тіп омарташылық жеке кәсіп­кер­­лігімді 2012 жылы аштым. Бас­тап­қыда өз қаржыма 10 ара отбасын сатып алып, жұмысты бастадым. Ара шаруашылығы туралы көп ізденуге, араларды ұстаудың қыр-сырына қанығуға тура келді. Ара шаруашылығына қатысты көптеген оқулықтарды ақтардым деуге болады. Қателіктерімнен үйрендім, солай жұмыстың қызығына беріліп кеттім. Көңілің қалаған кәсіп болған соң ба, бастапқы қиындықтарына мойымадым, – дейді Дания қарындасымыз. Кейін «Ақтөбестартап» конкур­сы­­на қатысып, 1,5 миллион теңге грант ұтып алған. Оны да өзінің ара ша­руа­шылығын кеңейтуге жұм­сапты. Омарташы келіншек шаруасын жүргізіп, қолындағы ара отбасын қазір 40-қа жеткізген. Кәсіптің дәмін алған ол аралар отбасын 100-ге жеткізуді көздеуде. Аралар отбасы көбейген са­йын табыстың да молаятынын біледі. Оның айтуынша, омарта жұмысы мамыр-қыркүйек айларында қызу жүретін көрінеді. Осы кезеңде түрлі-түсті шөп өсетін алқаптарды іздеп көшіп-қонып жүруге тура келеді екен. Оның себебі аралар нәр тарта ала­тын гүлдер мен шөптер өсетін ша­бын­дықты алқапты іздейді. Оған жолдасы Якуб Абдоллаев көмек­тесетін көрінеді. Өткен жылы сонау Жем қаласынан облыс­тың екінші бетіндегі Мәртөк ауда­ны­ның Родниковка ауылы ма­ңы­на дейін келген. Бұл жер­­лер­де өсім­ді­к­тің түр-түрі өседі. Ара­лар­дың өсімдіктердің гүлдерінен қорек­тенуіне қолайлы. Өткен жылы 1 тон­над­ай бал жинапты. Жинаған бал­ды пластик қалбырға салып, Ақ­т­ө­бедегі сауда орындарына және «Арай» базарында өткізеді. – Біздің өніміміз мамырдың балы деп аталады. Экологиялық таза бал өтімді. Сондай-ақ, про­по­­лисін, балауызын сатамыз. Пай­дасы жаман емес, – дейді ол.  Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы