Қазір елімізде кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетудің кемдігі жоқ. Шағын және орта бизнестің бағын ашатын мемлекеттік бағдарламалар бар. Төмен пайызбен несие алуыңа болады, керек десең, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша инфрақұрылымды да жергілікті билік жүргізіп береді. Тек істі ілгері апаратындай қайтарымды жоба-жоспарың болсын. Осындай игілікті тиімді пайдаланып, ісін ілгері алып келе жатқандардың бірі «А.С.Ар.Аз.Г» шаруа қожалығы деу орынды болмақ. Біз мұны шаруа қожалығының басшысы Абыл Гасановпен әңгімелесу барысында айқын аңғардық.
Ол көптен бері кәсіпкерліктің тізгінін ұстап келеді. Қарашай селолық округінде оның отбасылық бизнесі бар. 400 гектарға егіс салады, мал өсіреді. Кәсіпкерлікке Абылдың отбасы мүшелері – жолдасы Саида, ұлдары Арзу мен Азер де белсене араласады. Шаруа қожалығының солардың аттарының алғашқы бас әріптерінен құралып, «А.С.Ар.Аз.Г» деп аталуы да сондықтан.
Шаруа қожалығының шаруасы жүріп, табыстың көзі ашылған соң ол кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуді қарастырды. Әр істің ұтымды болуына ұмтылатын Абылдың ауылдық жерде аяқ асты рәсуа болып жатқан теріні көріп көңілі құлазитын. Кәдеге жаратса, тері де байлықтың көзі-ау деген ойда жүретін. Ауылдық жерде тұратындықтан шаруа қожалықтарындағы теріге байланысты проблеманы бір кісідей білетін де. Алайда, күшіміз жетер ме екен деп қобалжуы да жоқ емес-ті. Көптен көкейде жүрген ойдың тәуекелге бел будырғанын да жасырмайды. Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін тері өткізу нарығына, өңдеу технологиясына ден қойды. Қай іске де «Жеті өлшеп, бір кеспей» кірісудің пайдаға шығармайтынын салмақтады. Өз қаржысын шотқа қақты, отбасы мүшелерімен ақылдасты, жергілікті биліктің қолдайтындығына көз жеткізді. Сонан кейін барып, тың шаруаға түбегейлі бет бұрды. Сөйтті де тері өңдеу цехын ашуды шындап қолға алды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, бұдан екі жыл бұрын Мәртөк селосында бөлінген жерге жаңа тері өңдеу цехының жалпы алаңы 216 шаршы метр ғимаратын тұрғызуды бастады. Өз қаржысына Түркияның және Италияның өндірістік қондырғыларын сатып алып, орнатты. Қондырғыларды орнатуға шетелдік мамандар көмектесті. Оның өндірістік қуаты айына 180 тонна теріні алғашқы өңдеуге мүмкіндік береді. Бастапқыда қолдан келмейтін іске бел буған жоқпын ба деп іштей қобалжыды да. Алайда, ашатын тері илеу цехы аймақтың ірі инвестициялық жобалары қатарына енгізілген соң көкірегіне ұялаған сенім іске серпін берді. Сөйтіп, «шешінген судан тайынбас» дегендей, алдымен кәсіпорынға газ жүргізді, скважина бұрғылап, су келтірді, лизингке автотиегіш алды.
Қазір теріні алғашқы өңдеу цехы ырғақты жұмыс істеп тұр. Біз де көгілдір теріні алу процесімен таныстық. Әрқайсысында 5 тонна тері кететін үш барабан, шелдейтін, сығатын және өлшейтін станоктар жұмыс істейді. Жартылай фабрикат, яғни көгілдір тері алмас бұрын ол барлық технологиялық өңдеуден өтеді. Қазіргі таңда кәсіпорында өндірілетін «Вед-блю» деп аталатын былғары аяқ киім тігуге арналған.
– Мұндай ірі жобаны ойластырғаныммен, бір өзімнің күшім жетпес еді. Осындай кәсіпорынды пайдалануға беру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған сарабдал саясатының арқасында мүмкін болғанын айту орынды. Облыстық және аудандық әкімдіктер кәсіпорынның жылдық қуатына шығуына қолдау-көмек көрсетіп келеді, – дейді Абыл Гасанов.
Айтса атқандай, мемлекеттік бағдарламалар аясында «Ақтөбе-агросервис» ЖШС берген 3326 мың теңгеге жүк тиегіш техника, ал, «Ақтөбе ауыл шағын несие» АҚ бөлген 14 миллион теңгеге химреагенттер сатып алған. Өткен жылы «Агронесие» корпорациясы» АҚ шаруа қожалығына 30 миллион теңге ұсынып, шаруасының аяғынан тұрып кетуіне қолдау көрсетті. Цехта 35 адам еңбек етеді. Барлығы да «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастырылған жергілікті тұрғындар. Олар өндірістің базасында оқытылып, тәжірибеден өтті, – дейді цех бастығы Павел Воля.
Абыл Гасанов әзірге теріні жартылай өңдеп жатқандарын, бәрі халықаралық стандарттарға сай өңделетінін, бас технологты Түркиядан шақыртқандарын айтып өтті. Мұнда болашақта теріден дайын өнімдер шығару да ойластырылуда. Әрине, теріні бояу тым қымбатқа түседі екен. Сондықтан мемлекеттің қолдауымен жаңа қондырғылар алу қарастырылуда.
Сондай-ақ, тері бояу цехын ашуды да көздеуде. Қазір дайын өнімдер сақтайтын қойма салынуда. Ал, цехты шикізатпен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын өкілдері ауылдарға шығып, теріні өздері дайындайды. Облыс орталығындағы мал базарынан тері қабылдайтын арнаулы орын да ашып қойған. «Сондай-ақ, «Айбек» ауылдық тұтыну кооперативінен де тері сатып алады
– Жергілікті ірі қараның терісі шағындау. Терінің бір килосын 250 теңгеден қабылдаймыз. Біз шетелден ірі қара терілерін әкеліп өңдеудеміз. Былтырдан бері Башқұртстан мен Ресейден ірі қара мал терісін әкеліп, өңдеп жатырмыз. Голландық асыл тұқымды ірі қараның терілері сапалы да көлемді болып келеді. Ал, бізге керегі де сапалы өнім шығару, – дейді ол.
Бұл кәсіпорын өздерінде өңделген тері өнімдерін Италия, Испания, Түркия және Қытай елдеріне экспортқа шығаруда. Өткен жылы қараша және желтоқсан айларында Италияға 30 тонна, Испанияға 30 тонна жартылай өңделген тері өнімдерін өткізген. Еліміздің батыс өңіріндегі тері өңдейтін бірегей кәсіпорынның айына 180 тонна тері өңдеуге қуаты жетеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Мәртөк ауданы