Ол үшін бастауыш ұйымдардың белсенділігін көтеру қажет
«Нұр Отан» ХДП Көкшетау қалалық филиалы партия ұйымының VІІ есеп беру-сайлау конференциясының негізгі тұжырымы бастауыш ұйымдардың белсенділігі мен жұмыс тәсілдерін жетілдіруге саяды. Бұл – 33 ұйымнан сайланған 165 делегаттың ортақ ойы.
– Атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес, – деді Көкшетау қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұнарбек Бүркітбаев. Мұнда жетекші партия мүшелерінің бастамашылдығы, ұйыстырушы қызметі үлгі боларлықтай. Құрметтілеріміздің басым көпшілігі осы залда отыр.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жасаған баяндамашы жыл ішінде өнеркәсіп өндірісі 32 миллиард теңгелік, яғни бұрын болмаған деңгейге жеткенін мәлімдеді. Бұл 2009 жылдың көрсеткішінен 8 миллиард теңгеге артық. Инвестициялық тартымдылығы артқан қалада көптеген өндіріс ошақтары ашылды. Соңғы айларда ғана индустриялық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасы шеңберінде керамикалық кірпіш зауыты, астық қабылдау және ұн тарту кешені, басқа да маңызды нысандар пайдалануға берілді. Көкшелік 1127 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, желтоқсан айында есігін ашқан 1200 орындық төрт балабақша жұртшылықты қуанышқа бөледі. Астаналық облыс орталығында шағын және орта бизнестің 17 мыңнан астам нысаны игілік төгуде. Жыл ішінде 8 мың жаңа жұмыс орны құрылуы жаңа әрі серпінді жоспарлар түзуге мүмкіндік береді.
Қалалық ұйымның басты жиынында «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Сергей Дьяченко, «Нұрлы көш» ауылы партиялық бақылау бекетінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, «Тыныс» АҚ бастауыш ұйымының жетекшісі Владимир Куляс, қалалық аурухананың бас дәрігері Серік Кәкенов, «Жас саясаткер» клубының мүшесі Әйгерім Уашева толғақты пікірлерімен бөлісті.
Конференцияға «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Иван Сауэр қатысты.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.