05 Мамыр, 2016

«Аяна» бастады, «Жібек» қостады

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
аким 4 фотоАқжайық ауданында мемлекет-жекеменшік әріптестігінің мысалдары мол Ақжайық ауданының нағыз тоғыз жолдың торабындағы орталығы – Чапаев ауылынан кәсіпкерліктің сан түрін көруге болады, ал осында сәбилерді тәрбиелейтін жекеге тиесілі тұң­ғыш мекеме өткен күзде есік ашты. Заманның өткір бір сұра­нысына сай, тәжірибелі педагог, ма­мандығы балабақша әдіскері Жанар Бердәлиева батыл шешімге келген-ді. Жұбайы Мәлік Тұрсынұлымен, ол да мұғалім, жауапты істерде шыңдалған жан, тиісті мекемелердегі мамандармен ақылдаса отырып, бизнес-жоспарын жасап, іске кіріскен оған көпшілік «бәрекелді!» десті. Чапаевта балабақша кезегіндегі бүлдіршіндер қатары ондап-жүздеп саналады, демек, мұны сейілтуге атсалысқандарға жұрт риза болмағанда ше. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына сай өзінің 3 миллион теңге несие­ге қол жеткізуіне аудан әкімдігі, мүдделі басқа да мекемелер қол­дау көрсеткені педагогтың ұмтылысын ұштады. Ауылдың дәл ортасындағы дерлік тұрғын үйін тиісті талапқа сай жабдықтады, қосымша бөлме салғызды. Сөйтіп, 1,5-3 жастағы балапандар үшін 15 орындық «Аяна» бөбекжайы өмірге келді. Өткен азғана уақыт оның кішкентайларды 1,5 жастан қабылдайтыны, 8.00-ден басталатын жұмыс сағатының 20.00-ге дейін болуы, сенбі күні де жұмыс жасайтыны ата-аналарға әбден қолайлылығын көрсетті. Жас ұрпақтың келешек кемел тағдырына мемлекеттен мықты назар күшейе түспесе, ешқашан кемімейтіні мәлім. «Аяна» ие­сінің жоспарына байланысты, бөбекжайдың үлкен ғимаратын тұрғызуға ыңғайлы тұстан жер де белгіленіп, қазір құжаттар ресімделуде. Ал наурызда өткен аудандық мәслихаттың сессиясы бала санына қарай көмек қаржысын бөлді. Енді ата-аналардан осыған дейінгі 15 мың теңге төлем 8 мың теңгеге түседі. Мемлекет пен жекеменшік әріп­тестігінің бір қырынан мысал деген осы. «Жақсылық жақсылыққа ұлас­сын!», – деген жәмағаттың толайым тілегіне орай, жаңа жыл есік қағып тұрған сәтте ауылда та­ғы бір осындай мекеме салта­нат­ты жағдайда өз қызметін бас­тады. Зарина Нұрматова жетек­шілік жасайтын бұл «Жібек» бөбекжайында қазір 1-4 жастағы 20 сәби тәрбиеленуде. Бала санын көбейте түсуге мүмкіндік те жоқ емес. «Жібекке» де аудан бюджетінен демеу қарас­ты­рылған. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдар қызметімен қам­ту жө­­нінде облыс республика бо­­йынша ілгері көрсеткішті ие­ленушілердің бірі болып табылады. Жеке балабақшалар кө­бейе түсетін нышан байқалады. Білім саласындағы мемлекет пен жекеменшік әріптестігі де осыған салмақты үлес қосатыны сөзсіз. Болат ЕСҚАЛИЕВ, журналист Суретте: Ақжайық ауда­нындағы тұңғыш же­ке бө­бек­­­жайдың иесі Жа­нар Бер­дәлиева тәрбие­лену­шілер­мен бірге Батыс Қазақстан облысы