05 Мамыр, 2016

«Берекені көктен тілегенше, еңбек еткен жерден тіле»

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
2447_okoЕртеректе ұлы Абай­дың әке­сі Құ­нан­­бай маңайын­дағы ауыл­дардың жерін аға сұл­танды­ғын пайдаланып, өз меншігіне алып қоюға тырысады екен. Соған на­за­­ланған ауылдасы: «Құнеке, бір ба­сың­ыз­ға бәрі жетеді. Атақ та, дәулет те бар. Момындардың же­рі­не неге қызы­ға­сыз?» дегенде: «Әй, сен біл­мейсің ғой. Жан өседі, мал өсе­ді, ал жер өс­пей­ді ғой», депті дейді. Сол Құнанбай ақ­­­сақал айт­қандай, ұлан-ғайыр қазақ даласына басқа жақ­тан жер қосыл­майды. Ол – осы елде тұратын барлық ха­­лық­тардың ырысы. Жерге бай­ла­­нысты өзекті пікірлерін айтып жатқан азаматтарды жақсы тү­сінеміз. Кейбір аран­датушылардың айтып жүргенін­дей, жеріміздің шетел азаматтарына саты­латындығы қисынға келмейді. Жап­тым жала, жақтым күйе ғана. Ал жал­ға берілетіндігі бұл басқа мәселе. Қазір дүние­жүзілік дағдарыстың күшіне мініп тұрған кезі. Көптеген алып кәсіпорындар қаржы жетім­сіздігі, тауарларының нарықтағы баға­сы­ның төмендеуі, сұраныс аздығы себепті жабылып қалып жатыр. Әлемге әйгілі мұнай өңдеу концерндерінің өзі ондаған мың азаматтарын қысқартты. Осындай жағдайлардың өз ішімізде болып жатқандығы жасырын емес. Ал Жер-Ана – адамзат бала­сы­ның асы­рау­шы­­сы. Ауыл шар­уа­­шылығы­на Үкі­­мет үлкен же­ңіл­діктер беріп жатыр. Қазір қа­ла­да кәсіп тауып отбасын асырай алмай жүрген жастар ауылға оралып, егін егіп, мал бағып шаруасын жасап жатыр. Жер кодексіндегі жаңа өзгерістер сол ауыл­дағы ағайынға өте қолайлы. Жер сатылса шетел­діктерге емес, өзіміздің ағайынға ғана сатылады. Өз жері, өлең төсегі болған соң Елбасы айт­қандай, нем­құрай­лы қарамайды, бар ынта-жігерімен жұмыс жасайды. Қазір халыққа жұ­мыс керек. Бос тұрған жер­лер халық игі­лігі­не, әл-ауқатына жұ­мыс жасауы керек. Халқы көп, жері аз дейтін біздің Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде пайдаланылмай жатқан бос жерлер көп. Жер қатынастары басқармасының анықтауы бойынша, облыста 315 мың га бос жер анықталыпты. Олардың 63 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Көптеген ықпалды азаматтар кезінде мыңдаған гектар жерлерді өзіне қаратып алған. Не өзі жұмыс жасамайды, не өзгеге бермейді. Осының бәріне тоқтам керек. Жер кетпенін арқалаған диқан, төрт түлігін өргізген шаруаға берілуі керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақтың даласы – халықтың мен­шігі» деді. Елбасымыз кең-байтақ жерімізге біреу көз сұғын қадамас үшін сегіз жыл көрші елдермен келіссөз жүргізіп, шекарамызды шегендеді. Енді сол жерді игеру шаруаларға оңай болсын деп Жер кодексіндегі өзгерістерді мақұлдады. Ендеше, еліміздің келешегі кемел болуын ойлайық. Боранбек ШҮКІРБЕКОВ, Социалистік Еңбек Ері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Оңтүстік Қазақстан облысы