05 Мамыр, 2016

Игеру мәселесі жете зерделенген

272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
коммуниуация-кішіҚазақ ұғымында адамзаттың атасы да, анасы да – жер. Себебі, жер адамның бірден-бір асыраушысы. Сондықтан оның игілігін тиімді пайдалану әрбір адам баласының бас­ты парызы. Кеше Орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрлігі Құры­лыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы Самат Сәрсенов ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­дағы жерлерді ұтымды пайдалану тақырыбында әңгіме қозғады. Ол елі­міз­де ауыл шаруа­шылығы мақса­тын­дағы 98,6 млн. гектар жер бұрыннан ұзақ мерзімге жалға берілгенін айтты. «2015 жылдың соңында Жер кодексіне енгізілген өзге­ріс­тер ауыл шаруа­шы­лығы мақ­сатындағы жер­лер­ді ұтым­ды пайдалануды көз­дейді. Мұндағы негізгі мәселелерге тоқталып өтсем, қазіргі күнде осы мақсаттағы жерлердің 98,6 млн. гектары ұзақ мерзімді жалға берілген. Оның 1,3 млн. гектары ғана жекеменшікте. Мұны пайызға шақсақ бар-жоғы 1,2 пайызды ғана құрайды. Жалпы, Қазақстан аумағында 272 млн. гектар жер бар. Ал оның 101 млн. гектары ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылады», деді басқарма басшысы. Осы 100 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жатқан жерлер туралы әңгімелей отырып, жер заңнамасындағы соңғы өзгерістер осы алқаптарды тиімді игеріп, инвесторлар тартуды көздейтініне тоқталды. «Елімізде бос жатқан егістіктердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Оның ішінде 24 млн. гектар егістік, 2 млн. гектар ша­бын­дық, 80 млн. гектарға жуық жайы­лым жер бар. Бұрын айналым­да болған 2 миллион гектардан астам жер тіркеліп отыр. Жер заңнамасындағы негізгі мақсат осы жерлерді айналымға енгізу, қаржысы бар инвесторларды осы жерлерге тартуды көздейді», деді ол. Ал «Агрохимиялық қызмет­тің рес­пуб­ликалық ғылыми-әдістемелік орта­лығы» мем­лекеттік мекемесінің жетекшісі Ербо­лат Базылжанов елімізде жердің тиімді әрі мақсатты пай­далануына қатысты мемле­кеттік бақылау барынша күшей­тілетінін жеткізді. «Қазіргі уақытта Қазақ­стан жерді мақсатты пайда­лану үшін мемлекеттік бақы­лауды күшейтті. Өте жүйелі жұ­мыс­тар атқарылып жатыр. Егіс танабын агрохимиялық зерттеу – мол өнімнің кепілі. Сол себепті агрохимиялық зерттеулердің көлемі 1,5 млн. гектардан 3,5 млн. гектарға ұлғайтылды», деді ол. Оның сөзіне илансақ, суармалы егістік жерлерге агрохимиялық зерттеулер жүргізіп, топырақтағы ауылшаруашылық дақылдарының өсіп-жетілуіне ең қажетті эле­менттердің мөлшерін анықтап, әр танаптың паспорты жасалса, жоғары өнім алу мүмкіндігі ұлғайып, жер құнарлылығының кемуіне жол берілмейді екен. Өнімнің өнімділігін және сапасын көтеруде топырақтың құнарлығын арттырып, минералды тыңайтқыш берудің жүйелерін жетілдірудің маңызы зор көрінеді. Бұл үшін әрбір шаруашылық ауыспалы егістіктегі дақылдардың кезектесу тәртібін сақтап, дақылдар егілетін танап топырағының механикалық, химиялық құрамын жете біліп, сол табиғи құнарлылықтың мөлшеріне қарай минералды тыңайтқыштарды берулері қажет. Сондықтан, егіс егетін әрбір шаруашылық өздерінің егістік жерлеріне агрохимиялық зерттеулер жүргізіп, әр танаптың паспортын жасатулары қажет. Осындай зерттеу нәтижелерін басшылыққа алған ұжым­дар жақсы көрсеткіштерге қол жет­кізеді екен. Маманның айтуына қарағанда, суармалы егістік алқаптарда зерттеу әрбір 5 жыл, ал суарылмайтын аумақтарда әрбір 7 жыл сайын жүргізіліп тұрады. «Әлемдік тәжірибеде бар. Гумус үдерісі өте ұзақ жүретін құбылыс. Сондықтан, 5-7 жылда топырақ құрамында болатын гумустың көлемі қатты кеміп кетпейді. Бұл мәселе кәсіби мамандарға белгілі. Егер қажеттілік болса, бізде одан да жиі тексеріс жасауға материалдық мүмкіндіктер жетеді. Жер кодексінде де анық көрсетілген. Егер жергілікті органдар қайсыбір жер аумағына жиірек тексеріс жасату керек деп шешсе, ол алқаптарда агрохимиялық тексерістер жиірек жасалып тұрады. Бұл шешілетін мәселе. Егер шаруалардың өздері жыл сайын жасап тұрамыз десе, онда өз еріктері. Оған біз келісеміз. Қазіргі уақытта елімізде тексеріс жасайтын 24 ұйым бар. Бірақ жер құнарын жиі тексеріп тұру, меніңше, бос шығын. 5-7 жыл сайын жүргізіп тұрса да жеткілікті», деді Е.Базылжанов. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»