06 Мамыр, 2016

Ел Президенті Жер кодексіне түзетулерге мораторий жариялады

251 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
05-05-01-01Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төр­аға­лығымен күн тәртібін­дегі өзекті мәселелер жөнінде кеңес өтті, деп хабарлады Пре­зиденттің баспасөз қызметі. Кеңеске Парламент пала­та­лары­ның төрағалары, Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Мемлекет басшысы ел дамуы­ның негізгі бағыттарына, соның ішін­де жер реформасына тоқталып, Үкі­мет қызметіне баға берді және тиісінше бірқатар шешім қабыл­дады.

05-05-02-02Инвестиция тапшылығын  жою жолдары

Нұрсұлтан Назарбаев елде жүр­гізіліп жатқан Бес институттық ре­фор­­ма дағдарысқа қарсы кешенді жос­­­пар болып табылатынын атап өтті. – Әлемде қазір инвестиция тапшылығы орын алып отыр, дамушы нарықтардан капиталдың кетуі байқалуда. Дамушы елдердегі инвестициялар ағынының қарқыны 20 жылда алғаш рет кері сипатқа ие болуда. Егер 2008-2014 жылдары Қазақстанға келетін тікелей инвестициялар көлемі жыл сайын орта есеппен 24 миллиард долларды құраса, былтыр ол 15 миллиард доллардан аз болды. Елдер арасында сыртқы инвестиция үшін бәсеке күшейіп, мемлекеттер инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасап жатыр, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы елдің ауыл шаруашылығы саласында 2 миллион 300 мың адам жұмыспен қамтылғанын айтты. – Сөйте тұра, бұл салада ең­бек өнімділігі төмен деңгейде қа­лып отыр. Отандық фермерлер бір гектар жерден орта есеппен 400 доллардың  өнімін алады. Дәл осы көрсеткіш АҚШ-та 1120 дол­ларды, Германияда – 2800, Фран­цияда 3200 долларды құрай­ды. Ауыл шаруашылығы жаңа тех­ни­каға, жаңа технологияларға, суару жүйелеріне инвестиция са­лу­ға мұқтаж, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы әлем елдері шетелдік ин­вестиция тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатқанына назар аударды. – Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығына салынған қаражат өзін ақтау үшін 10-15 жыл керек. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 10 жылға, соның ішінде шетелдіктердің жалға алуы туралы заң ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Алайда, бұл салаға әлі айтарлықтай инвес­тиция келген жоқ. Шетелдіктер 65 мың гектарда ғана жұмыс істеп жатыр, яғни, бұл жалға алынған жердің 0,06 пайызы ғана. Бірақ жоғары өнімділікті қамтамасыз етіп отыр. Жерді ұзақ мерзімге жалға беру – бүкіл дүниежүзі бойынша инвестиция тартудың амалы. Бельгия, Германия, Грекия, Нидерланд сияқты елдер шетелдік инвесторлардың жерді меншікке немесе жалға алуы мәселесіне қандай да бір шектеу қоймайды. Францияда шетелдік инвесторлар үшін жер ресурстарын жалға алудың  ең ұзақ мерзімі 99 жылды құрайды. Жер кодексі нормаларын әзірлеу барысында бұл тәжірибелер ескерілді. Бірақ жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ, – деді Қазақстан Президенті. Жаңа нормалар жұртқа жетпеді Нұрсұлтан Назарбаев жаңа нор­малардың мән-жайы тиісті топтарға жет­кізілмегенін атап өтті. – Қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы тал­қы­ланбады. Сондықтан көп жағдайда ха­лық­тың алаңдауы дұрыс. Егер қазақ­­стандықтар қабылданған шешім­­ге сенбейтін болса, демек, бұл – дұ­­рыс емес деген сөз. Өйткені, бұл өз­­герістер халық үшін жасалып жа­тыр. Қоғамда жерді жалға алу жө­ніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды, – деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Жер кодексінің қоғам­дық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды. – Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек. Егер талқылаудан кейін Парламент ортақ шешімге келетін болса, мораторий алып тасталады, ал егер олай болмаса, күшінде қалады. Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз. Бұл ретте мораторий сақталған жағдайда ауыл шаруашылығының жағдайы нашарлауы мүмкіндігін түсіндіру қажет. Сондай-ақ, Үкімет жанынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен комиссия құруды тапсырамын. Комиссия барлық мүдделі органдарды және қоғамдық бірлестіктерді тартуы тиіс. Резонанс тудырған ережені кеңінен талқылап, ортақ ұстаным әзірлеп, Парламентке беру керек. «Нұр Отан» партиясына демократиялық күштер коалициясы аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұған барлық партиялар, қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысуы тиіс. Түсіндіру жұмыстарына Үкімет пен Парламенттің қос палатасының депутаттары белсене қатысады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Заңдар кім үшін жазылған? Мемлекет басшысы Қазақ­станда 8 мыңнан астам ауыл шаруа­шылығы кәсіпорны, 178 мыңнан астам шаруа және фермерлік қожалықтар, 1,5 миллионнан ас­там жеке қосалқы шаруашылық бар екеніне тоқталды. – Олар күн ұзаққа алқапта, фермада, жайлауда еңбек етеді, сіздердің жаңалықтарыңызды күтіп, теледидар алдында отыр­майды. Бірақ сіздер өз ұсыныс­тарыңызды әзірлеу барысында министрліктен шықпай отырып, бәрін өз араларыңызда шеше­сіздер. Кімнен жасырынасыздар? Сонда біздің заңдарымыз кім үшін жазылған? Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, Ұлттық эконо­мика министрлігінің де, әкімдік­тердің де бірінің ресми сайтында жер реформасы жөнінде қол­жетімді және көрнекі ақпарат болған жоқ.  Ал мұның барлығы халықтың игілігі үшін, экономиканы дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жасалып жатыр ғой, – деді Қазақстан Президенті. Ұстанымы ұғынықты болмады Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексі жөніндегі жұмысқа жауап­ты екі мемлекеттік орган­ның – Ауыл шаруашылығы министр­лігі мен Ұлттық экономика ми­нистрлігінің өз міндетін тиісінше атқара алмағанына назар аударды. – Бұл министрліктердің жұ­мысы нашар дей алмаймын. Бірақ өздерінің ұстанымы елдің бәріне ұғынықты болып, дұрыс қа­былдануы үшін түсіндіру жұ­мыстарымен айналысқан жоқ. Қазақстан Президенті Ұлттық экономика министрі Е.Досаевтың қызметінде жіберілген кем­ші­ліктерге байланысты отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің қызметіне сәй­кестігі толық деңгейде емес екенін жария етті. Ұлттық экономика вице-министрі Қ.Өскенбаевты қыз­метінен босатуды, Ұлттық эконо­мика министрлігінің салалық комитетінің басшы қызмет­керлері мен басқа да жауапты адамдардың  қызметіне сәйкес­тігі туралы мәселені қарау­ды тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет­ке жер қатынастарын реттеу бағы­тын­дағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру жөнінде тапсырылды. Ақпарат саласының жаңа міндеттері Мемлекет басшысы  ақпа­рат­тық саясат мәселесін де қозғады. – Бүгінде бұл функциялар бейін­ді емес министрліктің құзы­рында. Үкіметте бұл саланы еш­кім үйлестірмейді, мемлекеттің ақ­па­раттық саясатқа бөлетін қаражатын ешкім бақыламайды. Сон­дықтан қазіргі ақпараттық сын-қатерлерді еңсеру үшін, Бес инс­ти­туттық реформаның барысын тиімді қолдау үшін өкілетті орган – Ақпарат және коммуникация­лар министрлігін құруды тап­сырамын, – деді Қазақстан Пре­зиденті. Нұрсұлтан Назарбаев бұл ведомствоға мынадай маңызды міндеттерді жүктеуді ұсынды. Атап айтқанда, мейлінше өткір мәселелерді жедел анықтау және әре­кет ету мақсатымен кез келген меншік формасының, соның ішінде интернет ресурстар мен әлеуметтік желілердің ақпарат­тық кеңістігін мониторингтеу;  барынша өзекті тақырыптар мен мәселелер бойынша қоғамдық пікірді зерттеу, халықтың ақпарат­тық сауалдары мен тілек-қалауын талдау және болжау; мемле­кеттік ақпарат саясатын әзірлеу; барлық мемлекеттік органның ақпараттық қызметі мен бел­сенділігін үйлестіру және бақылау; мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды жоспарлау және мемлекет бөлген қаражаттың тиімділігін  талдау; отандық БАҚ-тарды экономиканың қазіргі заманғы сегменті ретінде дамыту үшін инвестиция және инновация тарту; электронды және баспасөз кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық ақпараттық өнімдердің сапасын арттыру; дағдарыстық коммуникациялардың барынша пәрменді моделін құру; халықпен, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл арналарын қамтамасыз ету. Бұл ретте, жаңа органды қа­жет­ті ресурстармен қамтамасыз ету, қа­ражат бөлу және оған бар­лық міндетті жүзеге асыру үшін ай­рық­­ша өкілеттік беру тапсырылды. Талқылау және үнқатысу тетіктері Қазақстан Президенті ел да­муы­ның өзге де негізгі мәселе­леріне тоқталды. –  Міндетті медициналық сақ­тан­дыруды енгізуге қатысты жұрт­тың күмән-күдігі бар екенін білемін. Сондықтан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл мәселе бойынша іс-әрекеттің жол картасын әзірлеуі тиіс. Бұл реформа барлық қазақстандықтарға қатысты, сондықтан оған ықылас жоғары болады. Білім және ғылым министрлігінің орта мектептердегі оқу жылын  ұзарту, үш тілде білім беруге көшу мерзімі туралы мәлімдемелеріне қатысты да жұрттың сұрақтары бар екенін білемін. Үкімет бұл ретте дәстүрлі тамыз мәслихаттарын пайдалана отырып, қоғамдық пікірге мұқият зерттеу жүргізуі керек. Туындап отырған мәселелерді талқылау және шешу үшін осы мәселелердің барлығына жаңа үнқатысу тетіктерін – Қоғамдық кеңестерді белсенді түрде қатыстыру керек. Олар мемлекеттік органдардың шылауында қалмауы керек, оларда өткен пікірталастар БАҚ-тар мен жұртшылық үшін ашық болуға тиіс. Әрбір министр мен әкімге реформалардың барлық бағыты бойынша қоғамдағы көзқарасты өз құзыреті шеңберінде мұқият талдаудан өткізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев мем­ле­кеттің бастамаларының мұқият тү­сіндірілуі маңызды екенін айтты. – Біз Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымының стандарттарына қарай жылжып, әлемдегі дамыған 30 мемле­кеттің қатарына ұмтылып отырғанымызды айтып жатырмыз. Бұл елдерде тағы бір ең бас­ты стандарт бар, ол – Үкіметтің және оның мүшелерінің қоғам үшін күнделікті ашықтығы. Онда министрлер барлық туындаған мәселелерге қатысты әрдайым жедел пікір білдіріп отырады. Ал бізде ше? Ақпараттық жұмыс тек журналистер алдына брифингке шығып, қағазда жазылғанды оқып беруден ғана тұрмайды. Біздің министрлер тіпті брифингтерде де журналистерден қашқақтап, қарапайым сауалдарға жауап бермейді. Қазіргі кезде біз министрліктерді қандайда бір саладағы саясатты айқындайтын органдарға айналдырдық. Саясаткер жұртпен тілдесуге, өз ұстанымын түсіндіруге, қоғамның сеніміне ие болуға тиіс. Халықпен, ең алдымен жаңа заңдарды қолданатын жұртпен кездесу керек, – деді Қазақстан Президенті. Ресурс іске қосылсын! Мемлекет басшысы тек бірінші тоқсанның өзінде қазақстандықтар «Электрондық Үкімет» порталы арқылы 1 млн.  200 мыңнан астам мемлекеттік қызметтерге қол жеткізгенін атап өтті. – «Электрондық Үкімет» бірыңғай байланыс орталығына күн сайын 700 қызмет түріне қатысты 20 мыңнан астам сұрақ түседі. Бұл ресурс неге іске қосылмаған? Онлайн режімінде бірде-бір түсіндірме немесе кеңес болған жоқ. Халық сауал қоя бастаған кезде ғана «ояндыңдар». Жұртқа барлық нормаларды, оларды қалай қолдануды, кімге жүгінуді түсіндіру үшін Үкімет жанынан бірыңғай колл-орталық – «қызу желі» құруды тапсырамын. Бірде-бір сұраққа біліктілікпен жауап берілмей қалмауы үшін жауапты адамдарды да бекітіңдер. Бұл өңірлерге де қатысты, олардың әрқайсысында осындай кеңес беру орталықтары жұмыс істейтін болсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Тұрақтылығымызға сызат түспесін Соңында Қазақстан Президенті әлемдік дағдарыс біздің елдің дамуына да әсерін тигізгеніне назар аударды. – Одан зардап шегіп, жұмы­сынан немесе табысының біраз бөлігінен айырылған көптеген адам­дардың бар екенін білеміз. Мұндай жандар кез келген қоғамда бар. Барлық қазақстандықтарға қырағы болу қажеттігін, тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген сый-құр­метімізге сызат түсуіне жол бермеу керектігін ескерткім келеді. Өз тарапымнан айтарым, біз ешкім­нің ортақ шаңырағымыздағы тату­лық пен тұрақтылықты бұзу үшін дағдарысты пайдалануына жол бермейміз. Құқықтық тәртіп­ті бұзған әрбір адам заңның қатаң талабына сай жауап береді. Қо­ғамдағы тыныштықты нығайту – әрбір азаматтың, барлық қоғам­дық ұйымның, барша қазақстан­дық­тардың ісі, – деді Мемлекет басшысы. Шара барысында елдің бірін­ші тоқсандағы әлеуметтік-эконо­микалық дамуының алдын ала қо­рытындылары жөнінде Премьер-Министр К.Мәсімов сөз сөйледі. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ