06 Мамыр, 2016

Есеп беру – уақыт талабы

482 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ком-үлкеніОрталық коммуникация­лар қызметінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясында ашық және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру мәселесі бойын­ша брифинг өтті. Оған Парла­мент Мәжілісінің депутаттары Гүлжан Қарағұсова мен Татьяна Яковлева, сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігінің стра­тегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Жан­дос Шаймарданов қатысып, 91, 92 және 94-қадамдарды жүзеге асыру­дың тетіктерін талқылады. Сөз басында Г.Қарағұсова Мем­лекет басшысының экономиканың өсуін қамтамасыз ету және қазақ­стан­дықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған Үкімет қызметін ба­ғалауға арналған 7 түйінді кешенді индикаторды бекіткенін айтып: «Жыл басынан бері 91-қадамды орындау барысында Премьер-Министр 13 министр және барлық облыс пен Астана, Алматы қалаларының әкімдерімен меморандумдар жасады. Осындай құжаттар Президент Әкімшілігінің басшысы мен Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін 8 мемлекеттік органның басшылары арасында да бекітілді. Одан бөлек, аталған қадамды жүзеге асыру бойынша әкімшілік көздер мен респонденттердің деректерді нақты әрі уақтылы ұсынуы үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталған Кәсіпкерлік кодекске, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске және «Мемлекеттік статистика туралы» Заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілді», – деді. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Статистика комитетінің ақпараттық жүйелері мемлекеттік органдардың 21 ақпараттық жүйесімен интеграцияланғанын атап өтті. «Соның нәтижесінде есептерді қабылдаудың ақпараттық жүйесі онлайн режімінде де жұмыс істейтін болды. Осындай тиісті шаралардың арқасында деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге, әкімшілік көздердің жауапкершілігін және нәтижелерге қол жеткізу бойынша мемлекеттік органдардың қызметін бағалаудың объективтілігін күшейтуге мүмкіндік туды», – деді Г.Қарағұсова. Өз кезегінде Ж.Шаймарданов 92-қадамда айтылған басым бағытты жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттарына ревизия және оңтайландыру жүргізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, 2015 жылы мемлекеттік бағдарламалардың саны 10-нан 8-ге дейін қысқартылып, үкіметтік бағдарламалардың тізімі бекітілген. «Сондай-ақ, бүгінде 11 салалық бағдарламаның күшін жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан басқа, жаңа мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды әзірлеуге қойылатын талаптар күшейтілді. Қолға алынған шаралар аталған бағдарламалардың санын шектеу жолымен мемлекеттік басымдықтарды реттеуге және бюджет қаражатын нақты істерге шоғырландыруға мүмкіндік береді», – деді Ж.Шаймарданов. Ал 93-қадам бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берген Т.Яковлева: «2017 жылдан бастап мемлекеттік аппарат жұмысын бағалау жүйесінің жаңа моделі енгізіледі. Ол үш бағытты, яғни стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуді, азаматтармен өзара байланысты және мемлекеттік органдардың ұйымдасып дамуын бағалауды көздейді. Бұл жүйеге қоғамдық кеңестердің өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар тартылады. Ал сыртқы тәуелсіз бағалауды құрамында Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің, Парламент палаталарының, Есеп комитетінің және қоғамдық кеңестердің өкілдері бар Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау жөніндегі комиссия қамтамасыз етеді. Бұл бағалаудың қорытындылары туралы мәліметтер арнайы интернет-порталда жария­ланады», – деді. Сонымен қатар, брифинг барысында 93-қадамды жүзеге асыру арқылы мемлекеттің транспарентті және есеп беретін моделін қалыптастыруға, мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауға тәуелсіз сарапшылардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге және аталған органдардың бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік туатыны айтылды. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар тексеру органдарының функция­лары мен міндеттерін жүйелеу мақсатында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң қабылданғанына назар аударып, оның тиімділігін тілге тиек етті. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан»