06 Мамыр, 2016

Ортақ байланыстар орайындағы қабылдау

275 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
05-05-01Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасы Сенатының төрағасы Станислав Карчевскиді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында Қазақстан мен Польшаның экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастығы, сондай-ақ, парламентаралық өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы екі ел арасында тәуелсіздік жағдайындағы жақсы қарым-қатынас орныққанын атап өтті. – Біз Польшада атқарылып жатқан істерге зор құрметпен қараймыз. Сіздің ел Еуропадағы даму қарқыны жөнінен көшбасшы елдің бірі болып саналады. Біз Варшавамен жақын саяси қарым-қатынаста болғымыз келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті былтыр қыркүйекте БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 70-ші сессиясы аясында поляк көшбасшысы А.Дудамен кездескенін еске алды. Сол кездесу барысында Польша Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сапармен келуге шақырған болатын. – Бұл біздің жақсы достық қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдете түсудің жаңа мүмкіндігіне айналады деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде С.Карчевски екі­жақ­ты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Польша басшылығы Қазақстан Президентінің Варшаваға сапарын күтіп отырғанын атап өтті.