06 Мамыр, 2016

Жарбұлақтық жауынгер

712 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
шайзадаШайзада Абылқасымұлының атында көше бар Біздің туып-өскен жеріміз – бұ­рынғы Семей облысы, Мақаншы ау­данының (қазіргі Үржар ауданы) Жарбұлақ (қазіргі Қабанбай) ауылы. Қытай мемлекетімен көршілес жатқан бұл өңірдің бір жағы әлем­де тереңдігі бойынша Байқал кө­лінен кейін екінші орын алатын Ала­көлмен шектессе, бір жағы суы емге шипалы Барлық Арасан тау­лы мекенімен ұштасқан. Осы қасиетті ауыл тұрғындарының басым көпшілігі Қаракерей Қабанбай атамыздың ұрпақтары. Солардың бірі 1924 жылы нау­рызда дүниеге келіп, 2005 жылы өмірден озған, Жарбұлақ ауы­лы­ның негізін қалаушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, әкеміз – Шайзада Абылқасымұлы. Арғы аталарымызға келетін бол­сақ, Қожақұл батырдан Ерасыл (Қабанбай), Ерасылдан Әлі, Әлі­ден Шаған, Шағаннан Жолан, Жоланнан Екежан, Екежаннан Абылқасым ұрпақтары тараған. Абылқасым шаруақор, пысық, сөзге ділмар адам болыпты. Әжеміз Несіпхан екеуі бес ұл сүйгенмен, оның үшеуі шетінеп кетеді. Әке­міздің айтуына қарағанда, ертеректе Жарбұлақ өңірінде Қара­ғаш деген жерде төрт қана үй бол­са, сол төрт шаңырақтың бірі Абылқасым отбасы еді. Шайзада Абылқасымұлы 1942 жылы небәрі он сегіз жа­сын­да майданға аттанады. 1942 жы­лы желтоқсан айында Вла­дивостоктағы 209-атқыштар бө­лімінде жауынгерлік борышын өтейді. Екінші дүниежүзілік со­ғыстың басынан аяғына дейін қатысып, жеңісті Қиыр Шығыста жүргенде қарсы алады. КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Президиумының 1947 жылғы 4 ақпандағы Жар­лы­ғының негізінде 1947 жылы 20 нау­рызда әскер қатарынан босатылады. 1947 жылы майданнан орал­ғанда жалғыз інісі Құбаш ағасын Еміл өзенінің бойынан қарсы алады. Әкеміз оған әскери киімдерін кигізіп, ағайынды екі жігіттің әң­гі­месі таусылмай, үйге екі күннен кейін арбамен жетіпті. Соғыстан аман оралған әкемізді шағын ауыл тік тұрып қарсы алады. Анасы Не­­сіп­хан (әкем анасын «Шөкей» деп атайтын) өз көзіне өзі сенбей, «бұл менің Шайзадам емес» деп оны қайта-қайта құшағына қысып, көз жа­­сын тоқтата алмай жылай бе­ріпті. Соғыстан оралғаннан кейін әкеміз аудандық «Қызыл отаудың» бастығы болып тағайындалады. Орыс­шаға жүйрік, әрі шаруаға пысық жас жігітті партия кеңсе хат­шылығына, соңынан ауылдық кеңеске төраға етіп тағайындайды. Көрші Қарабұлақ жерінен анамыз Сараға жолығып, шаңырақ көтереді. Әкеміз Отан соғысының ардагері болса, анамыз Сара он үш жасынан тылда еңбек еткен ардагер. Соғыстан кейінгі жылдары ау­дандық «Қызыл отауға» қарасты кітапханада жұмыс істеген. Ал, әкеміз сол кездегі ағартушылық ша­раларына белсене атсалысып, ашаршылық жылдары амалсыздан Қытай асқан ағайындардың елге оралуына көп көмегін тигізген кісі. Қазақстанның мәдениет қай­раткері Сейілғазы Әбдікәрімов «Бол­мысы бөлек Болатжан» атты естелігінде біздің әкеміз жайында былай деп жазады: «1962 жыл­ғы 27 сәуір еді. Қайыңды өзенін бой­­­­лай жағалап, «Тасты» заставасына келгенде шаңқай түс болды. Көк қалпақты шекарашылар бізді ті­зімдеп қарсы алды. – Қыдырмолда Әбдікерім­ұлы­ның жанұясы қайда екен? – деп майор шеніндегі офицер мен шашын қысқа етіп қиған адам әкеммен сөйлескен соң құшақ­тасып көрісті. Әкем көзіне жас ал­ды, «Ұдайы хат жазып тұрған жиенім осы Шайзада. Туған әпкем Шө­кейдің баласы» деп бізге таныстырды. Әкемнің сонда қуанғанын көрсеңіз. Соның арасынша болған жоқ, бір жүк машинасы келе қалды. – Мына машинаға оты­ры­ңыз­дар. Жарбұлаққа, әп­кеңіз­ге алып барамын, – деп Шай­за­да жымиып тұр. Барлық туыс­та­ры­мыздың бірін қалдырмай сол Жар­бұлақ ауылына келдік. Мәре-сәреміз. Ағыл-тегіл той болды да кетті». Ал әкемнің жалғыз інісі Құбаш – аңшы, домбырашы, ақындығы бар, ауыз әдебиетіне өте зерек, ше­шен адам еді. Ағайша апамыз еке­уі се­гіз баланы тәрбиелеп өсір­ді. Соғыс кезінде ағасы мен бауы­ры бір-бірімен хатты өлеңдетіп жазысқан екен. Содан бері аттай жетпіс бір жыл өтсе де мұқабасы сарғайған әкеміздің күнделігінен өз қолымен жазылған мына бір жыр шумақтарын сағынғаннан қайталап оқи бердік: Қиыр Шығыс даласы, Шекараның арасы. Күзетте тұр тоңазып, Біздей қазақ баласы.   ...Аяқтағы сұр пима, Жылуы жоқ оның да. Табанымнан сыз өтіп, Автоматым қолымда.   Түннің лебі бөлек-ті, Суық өтіп тоңамыз. Тау ешкідей секіріп, Тастан-тасқа қонамыз.   Қарлы боран соғып тұр, Қаратпайды қиындық. Аруақты шақырып, Бір Аллаға сыйындық. ...Әкеміз ақжарқын, сөзді тауып айтатын шешен адам болатын. Адамдармен тез тіл табысатын. Өзі сексеннен асқан шағында дү­ние­ден озғанмен әке-шешесін, атам мен апамызды бір сәт те ес­тен шығарған жоқ. Қазақтың ма­қал-мәтелдерін бізге байыбына жеткізіп түсіндіретін. Мәселен, «Өзі майлық, өзі сулық жігіт қайдан табылар, өзі жүйрік, өзі мес жүйрік қайдан табылар?», «Қар жауып, қарды басқан бір мұрат, қар кетіп қара жерді басқан бір мұрат», «Қаз орғанға емес, тойғанға семіреді» де­ген сөздерді әкемізден ғана еститінбіз. «Жұмысты сүйіңдер, жұмысты сүйетін болсаңдар ғана жұмыс сендерді сүйеді», «Мен қырық жыл қызмет атқардым, сол қызметімді адал атқардым» дейтін. Түнгі сағат онда жатып, таңғы алтыда тұратын. Өте көп қимылдайтын ширақ адам еді. Көзкөргендер: «Біз сағаттың қанша болғанын Шайзада аға­ның жұмысқа бара жатқан, түскі үзіліске шыққан, жұмыстан қайтып бара жатқан уақытына қарап біліп отыратынбыз» деп айтатын еді. Бүгінгі күнде әкеміздің кін­дігінен тараған ұрпақтан 27 немересі, 20 шөбересі бар. Ол Жеңіс күнін ерекше салтанатпен күтетін еді. Төсекке та­ңы­лып жатқан әкемнің «Мен Жеңістің 60 жылдығын көре алмаймын-ау осы» деген өкінішіне: «Сіз әлі Жеңістің 70 жылдығын да міндетті түрде көретін боласыз, одан кейін де ұзақ өмір сүресіз» деп демеу айтқанымыз, тебіренісіміз естен ешқашан шықпас, сірә. Асыл әкеміз шынымен Ұлы Жеңістің 60 жылдығын тойлауға қатысты. Көршілес үш ауылдан соғысқа қатысқан жауынгерлерді есептегенде, солардың ішінде көзі тірі қалған жалғыз біздің әкеміз ғана екен. Соңғы солдат. Жеңіс күнінің құрметіне Алматыдан алып келген қалампыр гүлімізді көргенде әкеміз басын көтеріп, қатты қуанған сәті көз алдымда... Елбасының соғыс ардагерлеріне ұдайы қамқорлық көр­сетіп, көңіл бөлуі оларды баладай қуантатын. Тылдағы атқарған ауыр бейнеті еленіп, ескеріліп, анамыз да Отан соғысына қатыс­қандармен теңестірілді. Жылына бір рет екеуі кезектесіп шипажай­да тегін демалып тұрды. Біздің қа­­ра шаңырағымыз тұрған кө­шеге әкеміздің есімі берілді. Ауыл­­дың атқамінер азаматтары, жер­гілікті тұрғындар ата-анамызға жақ­сы құрмет көрсетті. Біз туған ұямыздан қанат қағып әлдеқашан ұшып кетсек те соның бәрі жаны­мызға ыстық әсер ұялатады. Сол себептен бізге бейбітшілік пен ашық аспан сыйлаған барлық со­ғыс ардагерлерінің алдында басымызды иіп, тағзым етеміз. Ешқашан соғыс өрті тұтанбасын! Айкерім ШАЙЗАДАҚЫЗЫ, Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қа­­ра­ғанды академиясы ғылыми-зерттеу инсти­тутының аға ғылыми қыз­меткері, полиция подполковнигі