«Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында отбасымен, тіпті, бүкіл әулетімен де еңбек ететіндер көп. Себебі, кәсіпорын өндіретін сапалы ферроқорытпаға әлемдік экспортта сұраныс жоғары. Сондықтан, қандай да экономикалық күрделі жағдай туындамасын, қандай да қаржылық дағдарыс болмасын бұл зауыт тұрақты жұмыс істейді. Ал, тұрақтылық бар жерде келешегіңе кепілдік те болары сөзсіз. Еңбек адамына керегі де осы емес пе? Өндірістің қызу тірлігіне әулетімен етене араласып еңбекқорлығымен, табандылығымен, ұзақ жылдардағы іс-тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында қарамағындағы жұмысшыларды жаңа жетістіктерге жұдырықтай жұмылдырып келе жатқан бригадир Рауза Салихованы зауыттықтар ғана емес, акционерлік қоғам жақсы біледі.
Адам өміріне кездейсоқ жайттардың де әсері болатынын көріп жүрміз. Осыдан тура 39 жыл бұрын Рауза Салихова Орал қаласындағы бухгалтерлер даярлайтын техникумда оқып жүргенде апасы Меңсұлудың үйіне жазғы демалысқа қыдырып келеді. Ол кезде Меңсұлу Садырбаева №2 балқыту цехының қоймасында бригадир болып еңбек ететін. Оның өндірістегі еңбек жолына қызыққан ол ойланбастан оқуын сырттай жалғастыруға бел буып, ойламаған жерден апасының қолдауымен 1977 жылдың күзінде зауытқа қадағалаушы болып жұмысқа орналасады. Алайда, ол болашағын есеп-қисаппен емес, тарсыл-гүрсілі көп, өмірі қайнап жатқан өндірістен тапты. Содан бері табаны күректей 39 жылғы саналы өмірін зауытқа арнап, өндірістегі қайнаған еңбекті де, отбасы және бала тәрбиесін де бірге ұштастырып, әріптестерінің ортасында сыйлы, жемісті еңбегімен дараланып келеді.
Қазір Рауза Салихова басқаратын дайын өнім цехының №1 учаскесіндегі №2 бригада үздіктердің қатарында. Үнемі сенім үдесінен шығып, табысты еңбек ету үшін бригаданың еңбек өнімділігі жоғары, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы сақталуы керек, металды ұнтақтау, контейнерлерге тиеу сияқты ауқымды істер мінсіз атқарылуы қажет. Оның бригадасы осы жауапты міндеттер үдесінен ұдайы көрініп келеді. Ал, өзі бригаданың табысты еңбек етуін кәсіби мамандардан құралғандығымен, ұжымның «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарғандай ұйымшылдықпен жұмыс істейтіндігімен түсіндіреді.
– Менің бригадамда ұнтақтаушы, кран машинисі, сындырушы сияқты әртүрлі кәсіпті жетік меңгерген тәжірибелі, білікті 25 маман еңбек етеді. Олар өздеріне берілген жұмыс жоспарын уақтылы орындайды, өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарап, қарқынды еңбек етеді. Біздің бригадамыздың басты қағидасы қауіпсіз еңбек, сапалы өнім, жұмыс жоспарын уақтылы орындау болып табылады. Ал, жұмыстан қолымыз қалт еткенде әркім өздерінің қалауы бойынша саламатты өмір салтын ұстанып, бірі спортпен айналысса, бірі спорттық би үйірмелеріне қатысады. Уақытпен санаспай тер төгіп, еңбек үлгісін көрсетіп жүрген Күнсулу Ешниязова, Берік Исекенов, Серік Қалдиев, Александр Галавиров, Дос Руслан сияқты бригадамда өз ісіне мығым, әріптестерінің сенімінен шығып, жас мамандарға үлгі болып жүрген еңбек озаттары баршылық. Бригадирлік қызмет – абыройлы міндет. Сондықтан да бригададағы жұмысты дұрыс ұйымдастыру, ұжым мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста болу, қауіпсіз еңбек ету үшін жағдай жасау, сапаға басты назар аудару маған жүктелген, – дейді №2 бригаданың бригадирі Рауза Салихова.
Әріптестерінің сенімінен шығып, бригадирлік қызметтің абыройын асқақтатып жүрген Рауза Салихова өзінің ұзақ жылғы іс-тәжірибесінде талай жас маманның ұлағатты ұстазы, тәлімі мол тәлімгері бола білгенін де айту ләзім. Оның тәжірибе мектебінен өткен дайын өнім цехының шебері Алмат Бисенғалиев, №1 балқыту цехының ауысым бастығы Руслан Тасмұханов, диспетчер Талғат Бисенов өндірістен өз орнын тапқан білікті мамандар.
Бастапқыда бухгалтер болуды армандаған Рауза өмірін өндіріспен ұштастырғанына еш өкінбейді. Керісінше, зауыттан алғаным көп, сондықтан бұл екінші үйім сияқты дейді ол.
– Маған зауыт бәрін берді. Осы жылдарда зауыттағы өндірістің әр буыны да, әріптестерім де менің жақындарыма айналды. Тіпті, осында еңбек ете жүріп өмірлік серігім Шымболат Салиховты кездестіріп, шаңырақ көтеріп азды-көпті бақытты өмір сүрдік. Бақытты өмір сүру үшін бірінші қажеттілік пәтер екені белгілі ғой. Ерен еңбегіміз үшін екі бөлмелі пәтерге де қол жеткіздік. Отбасымның отағасы, қыздарымның асқар әкесі болған Шымболат та №1 балқыту цехында 34 жыл балқытушылықты өміріне кәсіп етті. Әттең, арамыздан ерте кетті. Құдайға шүкір, «Орнында бар оңалар» демекші, қыздарым Сәуле мен Салтанатым, күйеу балам Дияс Наурызғалиев әулетімді жалғастырып зауытта табысты еңбек етіп жүргендігі мені қуантады, – дейді аналық сезіммен Рауза Салихова.
Еңбек ұйымдастырудың шебері, білікті бригадир Рауза Салихованың құрметті демалысқа шығатын кезі де қашық емес. Саналы өмірінің қырық жылға жуығын өндіріске арнаған ол алдағы шуақты шақтарын көз қуанышы болған немерелері Аружан, Әділжанды тәрбиелеуге арнауға бекініп отыр.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы