06 Мамыр, 2016

Теңіздегі тегеурінділікке үйренудеміз

464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
абикеев т77Каспий теңізінде Қазақстанның әскери-теңіз күштері құрылып, жүздеген отандық жас маман осы сала бойынша мамандық алып, әскери теңізші болып қалыптасты.  Жоғары әскери оқу орындарын бітірген қылшылдаған жастардың алды қазір жоғары офицерлік шенде Отан үшін қызмет етуде. Әскери кемеде қызметін бастағанына небәрі 5 жыл болған аға лейтенант Тәттімбет Әбікеевтің болашағына үлкен үмітпен қарай отырып, теңіз төсінде жауынгерлік тапсырмасын орындауда жүрген теңізші офицермен телефон арқылы тілдескен едік. – Тәттімбет Кенже­мер­ген­ұлы, әскери қызметтің қа­уырт жаттығуларға то­лы еке­нін бі­ле­міз. Әйт­се де, сіздің аз-маз уа­қы­ты­­ңызды алғымыз ке­ліп отыр. – Мен қазір экипажыммен бірге Ақтау қаласынан 120-150 шақырым қашықтықта, теңіз үстінде, Саға-Аташ портында тұрмын. Құдайға шүкір, тыныштық, мамыражай заман ғой, сіздің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын. Ал өзі­ме кел­сем, мен 1988 жылы Пав­лодар облысының Баянауыл ауданында тудым. Әскери теңізші мамандығын таңда­уы­ма әкемнің септігі тиді, яғ­ни әкем Кенжемерген Қа­бышұлы Әбікеев – 30 жылдан астам осы салада қызмет еткен әскери адам, еліміздің екінші контр-ад­­­­миралы. Қазір еңбек демалысында. Отбасында апам мен інім бар, мен  әске­ри теңізші бол­­ғандықтан, Кас­пий теңізінде қызмет етудемін. Отбасылымын, үйде кішкентай ұлым бар. – Әскери өмірдің табал­ды­­ры­ғын қалай, қайда ат­та­дыңыз? – Алғаш Қарағанды қала­сындағы екі мәрте Ке­ңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атын­дағы рес­­­­публикалық әс­кери мектеп-интернатында оқы­дым. Әскери өмірдің әліп­песін үйрендім. Осы жылдары ал­­ғаш рет әскери шеруге қа­­тысқаным есімде. Кейін, 2006-2011 жылдары  Санкт-Петер­бург қаласында­ғы әй­гілі Петр атындағы әс­кери-теңіз институтын бі­тірдім. Бес жыл бойы кемеде қызметте келемін. Институтты бітіріп келген соң, лейтенант шенінде «Жа­­­­йық» штурмандық-гид­ро­­гра­фиялық кемесіне штур­ман­дық-жауынгерлік бөлімінің топ командирі болып орналас­тым. 2012 жылы мамырда Орал­дағы «Зенит» зауытын­да құ­рас­тырылған «Қазақ­стан» зы­мыранды-артил­лериялық кеме­сіне штур­мандық-жауынгерлік бө­лім­нің командирі болып та­ғайындалдым. Арада екі жыл өткенде Санкт-Петербург қала­сында құ­рас­­­тырылып жатқан «Ала­тау» минитралдық кеме командирінің көмек­ші­сі болдым. Экипаж мү­ше­лерін тағайын­дап, дайындап, аталған қалаға ба­рып үш ай оқып, жа­ңа ке­­­­мемен жұмыс жасауды үйреніп келдік. 2016 жыл­­­дың наурызынан бері «Қазақстан» зымыран­дық-артиллериялық кемесінің коман­дирімін. 30-дан астам экипаж мүшесімен бірге әскери мін­деттерімізді өтеу­деміз. – Апталап теңіз үс­тінде жү­ретіндіктен, тап­сыр­ма­ларыңыз да оңай болмаса керек? – Иә, әскери тап­­сыр­ма­ның оңайы жоқ, әйтсе де өзім бала кезден арман еткен ма­ман­дық болған соң, маған қиын­дығынан гөрі қызығы басым, жаныма жақын. Біз теңіз үстін­де мемлекеттік шек­араны қор­­ғаймыз, теңіздегі сау­да жолдарын күзетеміз, те­ңіз­дегі кен орындарының қауіпсіздігін, жүзу кезіндегі навигациялық қауіп­сіздік­ті қамтамасыз етеміз және лаң­кестікке, қарақшылыққа қарсы сақтық шарала­­рын жүр­гіземіз, сондай-ақ, Қа­зақстан Рес­публикасы Әс­­­­ке­ри-теңіз күш­тері­нің Жа­лауын теңіз үстінде паш етеміз. Қырағылықты, сақ­тық­ты, шеберлікті қажет ететін қыз­метімізде біз әр күн сайын өзі­міздің тегеу­рінділігімізді нық­­тап, ше­берлігімізді шыңдау­дамыз. – Ел-жұртқа тілегіңіз бар ма? – Еліміз аман, Тәу­ел­сіздігіміз мәңгілік болсын. Тыныштық болсын. Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын орындап жүрміз және орындай бе­реміз. Қазақтың даласы мен хал­қын төбеден тек бейбіт күннің шуағы тер­бесін деймін. – Рахмет. Еңбегі­ңіз же­місті, деніңіз сау болсын. Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»  Маңғыстау облысы