07 Мамыр, 2016

Аруақты жерден шыққандар

467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Фото Cмайлов ӘлмаханЖеңіс күніне орай, дәстүрлі түрде жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде көптеген материалдар жарық көріп жатады. Оларды, соғысқа қатысқан азаматтардың перзенттері болғандықтан ба, жіті қарап, қызыға оқимыз. Өткен жылы республикалық ба­сылымдардың бірін қарап отырып, «Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында бірде-бір соғыс ардагері қалмады», – деген жолдарды көзім шалып қалды. «Апыр-ай, өз көзімен көргендей қалайша бұлай кесіп айтты екен. Осы ауданның Қылышбай ақын ауылында жасы жүзге келіп қалған Әлмахан тәтем бар емес пе?» – деп тіксініп қалдым. Жұмысыма байланысты елден жы­рақта жүретіндіктен, Әлмахан тәтеме (Шу қазақтары әкенің інісін тәте дейді) жазғы демалыста барып, әңгімелесіп бір мақала жариялауды жоспарлап жүргенімде, 2015 жылдың 11 мамырында ол кісінің 97 жасында бақиға озғандығы жөнінде қайғылы хабар алдым. Әлмахан Смайлов 1918 жылы Шу өзені бойында орналасқан осы ауданның Талдыөзек жерінде дүниеге кел­ген. 7 жасынан әке-шешеден айыры­лып, әжесі Момынайдың қолында өседі. Кәмпеске, коллективизация және оның соңын ала келген аштық жылдары халық аш-жалаңаш, тоз-тозы шығып жатқанда әжесі «аш адам жеп кетеді» деп немересін қолынан жетектеп жүріп аман алып қалады. Еңбекке ерте араласып, Қызыл Армия қатарына 1938 жылы шақырылады. Аман-есен еліне 1940 жылдың соңында қайтып оралады. Бірақ 7 айдан соң соғыс басталады да 1941 жылдың шілде айында қайта әскерге аттанады. «Кім қатыспады ұлы соғысқа, бүкіл еркек кіндігін сыпырып алып кеткен жоқ па?» – деуі мүмкін кейбір оқырман. Біріншіден айтайын дегенім, кейбір статистикалық есептерге сәй­кес соғыстың басынан майданға кеткен­дердің 1 пайызы ғана тірі қайтқан екен. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» – деген, бір әулеттен төрт жігіт сұрапыл жорыққа аттанып, барлығы, бір жаратқанның жарылқауымен, аман-есен қайтқан. Немере ағайындар Ұзақ Сәкиев, Сәлдебек Сәкиев және осы әңгімеге арқау болып отырған олардан жастары кіші Әлмахан Смайлов және Шермахан Смайлов барлығы алдыңғы шептің адам айтқысыз ауыртпалығын көрген. Екіншіден, әскери терминологияда «марапат сапасы» деген түсінік бар. Ардагерлеріміздің кеудесін жауып тұрған нышандар соғыс кезінде берілген және бейбіт кезеңде берілген орден-медальдар болып бөлінеді. Нышанның төресі «Батыр» атағы мен жұлдызы. Соғыс кезінде бұл атаққа 10 мыңнан астам түрлі ұлт өкілдері, оның ішінде 100-ден аса қазақ батырлары марапатталған. «Даңқ» орденінің толық иегерлері Кеңес батырларымен құқықтары бірдей. Толық иегерлердің саны 2672 адам ғана, оның ішінде 40-тан аса қазақ жігіттері де бар. Қатардағы жауынгер үшін орден­нің ең құрметтісі «Даңқ» ордені, медаль­дар­дың ішінде «Ерлігі үшін» медалі болған. Әлмахан Смайлов ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, Ұзақ Сәкиев, Шермахан Смайлов «Ерлігі үшін» нышандарымен марапатталған. Сәлдебек Сәкиев алдыңғы шепте жараланып неміс тұтқынына түсіп, қайтып келіп те оның азабын шеккен. Әкелеріміз небір қысылтаяң шақтарда ер жігітке тән мінез көрсете білген және өмірге деген құштарлықтарын жоғалтпаған. Қазіргі кезде ұрпақтары өсіп-өніп, Мойынқұм, Шу, Меркі аудандарында, Тараз, Алматы және Астана қалаларында тұрады. Ол кісілердің әңгімелері «Соғыста тірі немісті көргеніміз жоқ, «ат» дейді атамыз» емес, басқаша еді. «Қоян-қол­тық шайқасқа талай рет кірдік. Жеңіс күні бір жауынгердің «қоян-қолтық шайқасқа 9 рет кірдім, тағы біреуі бол­ғанда батыр атағын алар едім», деп жылағанын көрдім» – болып келетін. Бүгінгі таңда сұрапыл соғысқа қа­тысты түрлі көзқарастар бар екендігі құпия емес. Тіпті, қазақтілді кейбір сайттарда майданға барудан қашқандарды ақтайтын, соларды ер етіп көрсетуге бағытталған материалдар да кездеседі. Мысал ретінде айта кетейін: Бір пенде әскерден қашып, соғыстың соңына дейін бір шұңқырда тығылып жатады. Досы – айсыз түн, жауы – жарқыраған күн болады. Соған бір қыз күнде тамақ апарып беріп асырайды. Соғыс аяқталған соң екеуі қосылады, содан сол мақаланың иесі дүниеге келеді. Балшық окопта жату, борап тұрған оққа қарсы жүру, бетпе-бет қоян-қолтық ұрысқа кіру, жан берісіп, жан алысу мен жылы шұңқырда мейірімді қыздың алып келген тамағын жеп жату арасында үлкен айырмашылық бар екендігіне оқырмандар келіседі деп ойлаймын. Қайрат СӘКИ