07 Мамыр, 2016

Әскерге әркімнің-ақ бар таласы

1458 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
_20_00094Соңғы кездері «жігіттің көбі әскерге жарамсыз» немесе  «әскерге барғысы келмейді», «Отан алдындағы парызын өтеуге құлшыныс жоқ»,  деген сыңайлы әңгімелер жиі айтылып жүр. Тіпті, «сол үшін әскерден жалтарғандарға жазаны да күшейтіпті» дегенді де естідік. Шынымен, солай ма? Жалпы, көктемгі әскерге шақыру науқаны қалай болып жатыр? Бұл сұрақтарды  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы Амантай ӨСЕРБАЕВҚА жолдаған едік. – Амантай Сламжанұлы, елі­мізде қазір жас азаматтар­ды көк­­темгі мерзімді әскери қыз­метке шақыру жүріп жатқаны белгілі. Осы жұмыстың бүгінге дейін­гі қорытындысымен бөліс­­сеңіз. – 2016 жылдың 1 сәуірінде еліміздің барлық өңірлерінде 18 бен 27 жас аралығындағы жас азаматтарды мерзімді әске­ри қызметке шақыру басталды. Көк­темгі шақыру науқаны маусым айына дейін жалғасатынын айта кетейік. Яғни, нақты қоры­тындысын айту үшін науқан әлі аяқталған жоқ. 1 сәуір мен 3 ма­­­мыр аралығында келіп түс­кен мәліметке сәйкес, 9 мыңға жуық әскерге шақырылушыдан іріктеліп, әскерге 3500-ге жуық азамат шақырылды. 500-ге жу­ық әскерге шақырылушы жарамсыз деп танылды. 1000-ға жуық азамат кейінге қалдырылды. Іріктеудің барлық кезеңінен өткен 3500-ге жуық жаңадан шақыртылған бозбала әскери бөлімдерге жөнелтілді. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне – 2500, Қарулы Күштерге – 700, Мемлекеттік күзет қызметіне 300-ге жуық азамат іріктелді. – Әскерге шақырту ала­­тын 18 бен 27 жастағы азаматтардың арасында әскерге өтетіндер көбіне 20-21-дегілер. Мәселен, 27 жастағы жігіттің «әскерге кетіп бара жатырмын» дегенін естімеппін. Осындайда жалпы әскерге шақыру жасын 27  емес, одан гөрі төмендетуге болмас па еді деген  ой келеді. Бұлай деуіме бір себеп, жасында жарамсыз болған жігіт, жасы ұлғайғанда да жарамды болуы екіталай ғой. Қайта, осы жасы ұлғайғандар комиссиядан өтуге уақытында келмей, біраз мәселе туындап жатады. Көбісінің жұмысбасты немесе балалы-шағалы болатыны та­ғы бар. – Сіздің «әскерге шақыру жасын 27-ге дейін емес, одан гөрі төмендетуге болмас па еді» деген пікіріңізге тоқталсам, әскерге ша­қырылатын азаматтардың жас аралығы «Әскери қызмет пен әс­кери қызметшілердің мәр­тебесі туралы» Қазақстан Республикасы­ның заңына сәйкес бекітілген. Бү­гінде әс­керге шақырылушының жасын төмендету мәселесі қарас­тырылып жатыр. Өздеріңіз біле­сіздер, көбіне-көп 20-21 жастағы жігіттер іріктеліп алынады. Мәселен, 22 жастан асқан іріктеуден өте алмай, әскерге қабылданбай қалған азаматтар ақылы түрде әскери даярлықтан өтіп, әскери билет алуға болады. Мұндай да мүмкіндіктер қарастырылған. – Қазіргі күні әскерден жал­та­­ратындар көп пе? Өзіңіз бі­ле­тіндей, өткен жылдан бері әс­керден жалтарғандарға жаза күшейді. Осы жайында кеңірек тоқталсаңыз? – Қазіргі уақытта шақырту пунктіне өз еркімен келушілердің саны күннен-күнге арта түскенін зор қуанышпен айта аламыз. Әскерден әртүрлі әлеуметтік немесе жеке басының мәселесі бойынша жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарында есепке алу қағидаттарын бұз­ғандар бар, әрине. Алайда, әс­кери қызметтен жалтарғандар жа­уапқа тартылатын болады.  Әскери қызметтен жалтару мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеумен, не осындай мөлшердегі түзеу жұмыстарымен, немесе бір жылға дейін бостандықты шектеумен, не осындай мерзімге бостандықтан айырумен жазаланады. Егер әс­керге шақырылушы тергеу органы істі сотқа өткізгенге дейін өз еркімен әскерге шақыру пунктіне келсе, онда ол қылмыстық жа­уап­кершіліктен босатылады. Әс­кери қызметтен босатуға заңды себептері болмай жалтарған аза­маттарға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе еңбекпен түзету жұмыстарына жіберіледі, тіпті бір жылға бас бостандығынан айырыл­уы мүмкін. – Өткен жылдан бері қанша жігітке әскерден жалтарғаны үшін айыппұл салынды? – Өткен жылы есепке алу қа­ғидатын бұзып, уақытында жер­гілікті тіркелген жері бойынша ша­қыру пунктіне келмегені үшін 5 мыңға жуық азаматқа айып­пұл салынды. Алайда, ес­керту, түсіндіру бағытында про­фи­лактикалық жұ­мыстар атқарылып жатыр. – Естуімізше, қазіргі күні әскердегі жағдай бұрынғыдай емес, әлдеқайда жақсарған әрі мерзімі де бір жыл ғана. Оған қоса, әскерге барып келгендер­ге де елімізде ерекшеліктер бар. Мәселен, жұмысқа орналасуына да артықшылықтар қа­растырылған. Ал соған қа­рамастан, әскерге барғысы кел­­мейтіндер аз емес. Мүмкін мұның бір себебі әскердегі қа­зіргі жағдай туралы насихат жұмыстарының аздығы болар? –«Әскерге барғысы кел­мей­тіндер аз емес» деген пікіріңізге келіспеймін. Керісінше, жылдан-жылға Отан алдындағы парызын өтеймін деген жастардың саны артып келеді. Сөзімнің дәлелі ретінде айтайын, әскерге шақыру пункттеріне барып көріңізші, іріктеуден, медициналық комис­сиядан өтіп, әскерге қабыл­дан­сам деген жастардың ұмты­лы­сын көріп, өзіңіз де бұл сө­зіме куә боласыз. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 36-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті борышы» болып табылады. Әскерге барып-келгендерге заң бойынша ешқандай артықшылықтар қарастырылмаған. Алайда, әс­кери билеті бар азаматтарға қыз­мет­ке орналасу әлдеқайда жеңіл келеді. Әскерге шақыру барысында жергілікті атқарушы органдар жергілікті әскери басқару органдарымен, әскери бөлімдермен бірлесіп, жалпы білім беру меке­мелерінде Қарулы Күштердің мәртебесін арттыруға және әс­кери қызметті насихаттауға ба­ғыт­­талған әскери-патриоттық іс-шаралар өткізілуде. Соның ішін­де, «Әскерге шақырылушы күні», «Жас әскер күні», «Ерлік сабақтары» сияқты бірнеше акция­­лар ұйымдастырылды. Бүгінде жастардың әскери борышын өтеуге деген ұмты­лысын арттыру мақсатында бар­лық мектептерде өтетін ал­ғашқы әскери дайындық саба­ғы әскери бөлімдермен, әскери қызметшілермен өзара тығыз байланыста жүргізіледі. Қару-жарақ түрлері таныстырылып, жауынгерлік даярлық сабақ­тары өткізіледі. Мұның бәрі боз­балалардың қызығушылығын арттыра түсуде. – Отан қорғаушы күні­не орай қандай шаралар ұйым­дастырылуда? – 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай Қорғаныс министр­лігінің бастамасымен ауқымды әскери-патриоттық және мәдени-бұқаралық шаралар өтеді. Атап айтқанда, еліміздің барлық өңі­рінде әскери салтанатты сапқа тұру, «Мәңгілік Ел тұғыры – қуатты Армия!» тақырыбында ашық есік күндері, Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің қатысуымен өтетін ерлік сабақ­тары, Қорғаныс министрлігі Орталық оркестрінің көрсетілімі, мерекелік концерттер және өзге де ауқымды мерекелік іс-шаралар жоспарлануда. Әңгімелескен Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»