Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің хас үлгісін көрсеткен майдангерлерді еске алу бүгінгі ұрпақтың бұлжымас парызына айналуы тиіс. Сондықтан да, мен де сол соғыста ерлікпен шайқасқан атам Салман мен әкем Қанәділ туралы мәліметтерді кейінгі ұрпаққа жеткізсем деймін.
Батыс Қазақстан облысындағы Сайқұдық ауылында 1898 жылы дүниеге келген атам Салман Сатаров 1942 жылдың 25 қаңтарында әскер қатарына шақырылады. Соңында зайыбы Нұрсұлу үш ұлы – Қанәділ, Жанәділ, Жанәбіл және қызы – Ғайнизадамен қалады. Өкінішке қарай, 1942 жылдың күзінде майданнан атам жөнінде «хабарсыз кетті» деген хабар келеді...
Осы арада айта кетейін, атамыздың есімі Жайық өзенінің Орал қаласы маңындағы жағасында орналасқан, соғыстан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш-монументтегі тізімде бар.
Ал Қанәділ 18 жасқа толмаған шағында, яғни 1943 жылдың 5 наурызында әскерге алынады. Ол кісі Орынбордың Тоцк әскери-жаттығу орталығында 2 ай дайындықтан өтіп, соғысқа аттанады. Содан, ол 365-ші атқыштар полкіне курсант болып қабылданады. Одан әрі әкем, дәлірегі, 1943 жылдың қазанынан 1944 жылдың наурызына дейін 71-ші атқыштар дивизиясының құрамында болады. 1944 жылы наурызда Украинаның Житомир қаласының түбінде жараланып, госпитальға түсіп, осы жылдың мамырына дейін емделеді. Жазылып шыққан соң 1944 жылдың тамызына дейін 372-ші атқыштар дивизиясының құрамында соғысады. Украинаның Киев, Житомир, Львов және басқа да қалаларын жаудан азат етуге қатысады. Содан кейін, Румынияны дұшпаннан босату кезінде қатты жараланып, госпитальға жеткізіледі. 1944 жылдың қазанында жарақатының ауырлығына байланысты елге қайтарылады.
1945 жылы әкем анамыз Жібекпен отау құрады. Олар біздерді – Әлібек, Мырзабек, Мақсот, Сәндібек, Нұрлан, Қазыбек есімді ұлдары мен Майра атты қыздарын тәрбиелеп, жеткізді. Қазір әкем Қанәділ мен анам Жібектен тараған ұрпақтан 16 немере, 20 шөбере бар. Әкеміздің анасы, біздің әжеміз Нұрсұлу перзенттерінің, немере-шөберелерінің ортасында 79 жасында өмірден озды.
Әкемнің елеулі еңбегі ескерусіз қалды деп айта алмаймыз. Мұның өзі де көңілімізге медет. Ол түрлі деңгейдегі медальдармен және «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Әкем үнемі атамыз туралы айтып отыратын. Көп жыл әкесінің қай жерге жерленгенін іздестірді. 1985 жылы, Жеңістің 40 жылдығы алдында, нақыталай айтқанда, сәуір айында Мәскеу облысы Подольск қаласының әскери мұрағатынан хат келді. Хаттағы дерек бойынша, Салман атамыз Харьков облысы Вольчанск ауданы Молодовое селосында жерленген. Әкем атамыздың басына барып, Құран бағыштап, тағзым етуді армандайтын.
Содан, әкем, мен және жиеніміз Абыл үшеуміз 1985 жылдың маусымында Молодовое селосына бардық. Жергілікті халық жақсы қарсы алды. Селолық кеңес басшылары сол жердің тұрғындарымен, соғыс ардагерлеріне арналған мектеп мұражайында пионерлермен кездесулер ұйымдастырды. Сонымен, атама Құран бағыштап, жерленген жерінің бір уыс топырағын алып, елге қайттық.
Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында әкем тағы да атамның басына барамын деп жүргенде өмірден озды. Әкемнің осы тілегін біздер орындаймыз деген ойдамыз.
Мақсот ҚАНӘДІЛОВ
Батыс Қазақстан облысы
Суретте: Қ.Салмановтың әкесінің қабіріне туған жердің топырағын салу сәті