07 Мамыр, 2016

Бір уыс топырақ

444 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
SAM_2151«Ұлы Отан Соғысында опат болғандарға арналған «Memorial.ru» сайтынан атамыздың деректерін таптым, міне», – деп кенже ұлымыз Абыл осыдан үш жыл бұрын бірнеше парақты қолыма ұстатқан еді. Сонда атамыз бейне бір тіріліп келгендей қуанғанбыз. Ол кісінің есімі – Ғизатолла Ауқашов. Әскери төлтаңбасы – 119. Әскери шені – лейтенант. 286-атқыштар дивизиясы құрамындағы 994-ші ат­қыштар полкының взвод командирі. 1942 жылдың 18 қаңтарында Ленинград облысындағы Мга ауданының Поречье деревнясы түбінде қаза болған. Жерленген жері – Назия өзені жағасындағы бауырластар зираты. Поречье демалыс үйінен бір шақырым жер. Демалыс үйінің сол жағы. Бар дерегі осы ғана. Рисунок (4)Немере інісі Рыспек Ақшекиннің ес­телігі былай дейді: «Ғизатолла ағамыз – біздің алды­мыздағы буынның өкілі. Оның қатары 1941 жылы алғашқы лекпен-ақ майданға аттанды. Ол Семей қаласындағы жұмысшы шаруа жастар мектебін үздік бітірген еді. Өз қатарының маңдай алдысы, жарқырап, жайнап тұрған азамат болатын. Қызыладырда алғаш бастауыш комсомол ұйымын құрып, осы ұйымның алғашқы хатшысы болған. Сөзге шешен, іске алғыр, арманшыл, мақсатшыл азамат жоғары білім алғысы келді. Оқуға кідіріссіз қабылданудың бірден-бір жолы – әскери борышын өтеу. Міне, сондықтан да бір отбасының асыраушысы бола тұра, өзі тіленіп, әскер қатарына аттанды. Ағамыздың Ленинград өңірінен соғыс басталғанға дейін және одан кейін жазған хаттарын кезінде Қаным­жан анамызға талай дауыстап оқы­ғанмын. Олардың ішінде ағамыздың қаралы хабары жазылған «қара қағаз» да бар еді. 1942 жылдың қаһарлы қысында қызыладырлықтар Ленинград майданынан алған алғашқы қаралы хабар Ғизат аға туралы еді. Қара қағазда Ғизатолла Ауқашовтың Ленинград майданында ерлікпен қаза тапқаны айтылыпты. Бүкіл ел болып жоқтаған едік». Мен елуінші жылдардың аяғында, ел соғыстан кейінгі еңсесін тіктеп есін жиған кезде дүниеге келіппін. Көздің жасы құрғағанмен, қасірет-қайғы көкіректе шеменді шерге айналған кез. Ғизат атамыздың туған апа-жездесі Мұлуқия мен Мұсажан деген адамдардың бауырында өстім. Мұсажан атам менің алты жасымда дүние салды. Мұлуқия шешем қазақ салтымен күнде сиыр сәскеде оң жаққа отырып, дауыс салатын. Шалымен қоса, соғыстан оралмай қалған жалғыз бауырын жоқтайтын... Ғизатым-ай, боздағым-ай! Сені ойласам, шерімнің қоздайтыны-ай, Жалғызым-ай, көктей солған жапырағым-ай, Құран оқып, басыңа бара алмаймын, Бір уыс бұйырмаған топырағың-ай!.. Ұзақ-сонар жоқтаудың есімде қалған бір үзік – осы. Алдыңғы буын көкірегіндегі сартап сағыныш бірте-бірте осылай үздіксіз қайталана айтылатын естеліктер мен жоқтаулар арқылы біздің көңілімізге берік орныққан еді. Бауырластар зиратына барып-қайтуға бел буғанда Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіров әулетінің кеңесімен Мәскеудегі Тағзым тауына орналасқан мұражайдағы іздеу отряды штабына баруды жөн көрдік. Штаб қызметкері біздегі бар деректерге сүйеніп, өз мәліметтерімен салыстырды да: «Сіздер сәл қиыс кетіп барады екенсіздер. Аталарыңыз қазір – Назияда емес, Новая Малукса бауырлас­тар зиратында. Өзеннің көтерілу қаупіне, елді мекеннің орталықтан шалғайлығына байланысты және теміржол бойынан іздеп келушілерге қолайлы болуы үшін Поречье бауырластар зираты Новая Малуксаға көшірілген», деп түсіндірді. Алдымен аудан орталығы Киров қаласына баруды, әкімшіліктегі жауапты адамдарға жолығуды өтінді. Олардың аты-жөндері мен телефондарын берді. Киров аудандық әкімшілігіндегі Татьяна есімді келіншек бізді жарқырай қарсы алды. Компьютердегі мәліметтерді көшіріп, біздің алдымызға тартты. «Алыс­тан келдіңіздер, зиратқа жеткенде аталарыңыздың есімін тақтадан таппай, жабырқамаңыздар. Ол жерде 10700 жауынгер жатыр. Олардың барлы­ғының есімін тақтаға тізе алған жоқпыз. Зиратқа кіреберіске қарама-қарсы, ең төрде орналасқан жаңа тақталарды көресіздер, жыл бойы сіздер сияқты іздеп келген туыстардан өтініш жинаймыз, сол өтініштердің негізінде мемлекет бөлген қаржы есебінен тақта ашамыз. Енді сіздердің өтініштеріңіз бойынша жазылған тақта 2016 жылдың 9 мамырында ашылады. Келесі келгендер сол тақтадан аталарының есімін табады». Біз Санкт-Петербургтегі мұсылман бас мешітіне соғып, елден апарылған бір уыс топыраққа бағыштап, дұға оқытып келгенімізді айтып, енді ол топырақты қайда салатынымыз туралы сұрадық. «286-атқыштар дивизия­сы» деген ескерт­кіш тақтаның етегіндегі топыраққа қосасыздар» деген жауап алдық. Риза-қош айтысып, қа­сымдағы жолбас­шым, жолсерігім Гүл­нар Мұстафина екеу­міз Новая Малукса­дағы негізгі нысаналы мекен – бауырластар зиратына жол тарттық. Деревня ну орман арасында орналасқан екен. Кесіп өткен жол арқылы деревня сыртына шықтық. Жарты шақырым қашық­тықта алып арка тұр. Дәл маңдайшасында арқаны салбыраған жез қоңырауы бар. «Үш рет қағып кіріңіздер», деп ескерткен еді Татьяна. Аллеяның оң қапталымен он-он бес қадам аттағанда бірінші тұрған тақта 286-атқыштар дивизиясының боздақ­тарына арналған екен. Тақта тастың арғы бетінде көлемі 1,5-2 метрден текшеленіп, бөлінген тегіс қабірлер орналасқан. Білген дұғамызды оқыдық. Елден ала келген бір уыс топырақты салдық. Қорым­ды асықпай аралап, ең басты ескерт­­кіштер қасында суретке түстік. Сол жерде воронеждік бір жас отбасымен жолығысып қалдық. Шөбере ұрпақ. Аталарының басына тәу ете келіпті. – Дерек бойынша осы жерде, бірақ аты-жөнін таппай тұрмын, – деді жас жігіт. – Қапа болма, дерек осы жерде болса, атаң да осында, аты-жөнін тасқа жаздыру үшін Кировтағы әкімшілікке барып, өтініш беруіңіз керек, – деп ұғындырды Гүлнар. – Сағат жарымда жетіп барасың. Жас отбасы қуанып, Кировқа баратын болды. Басқа ешкімді кезіктірмедік. Шырақшы көрінбейді. Бірақ зират күтімді, қамқор қолдардың табы көрініп тұр. 286-атқыштар дивизиясы құрбан­дарына арналған тақтаға оралдық. «Атаңыз ең даңқты Ленинградты қорғаушы дивизия құрамында болған екен», деп еді Мәскеу штабындағылар. «Немістер 1941 жылдың қыркүйегінде-ақ Ленинград түбіне жетіп, қоршап алды. Жауды қалаға кіргізбей ұстап қалған 286, 288, 294-атқыштар дивизиялары болды. Солардың табандылығы мен қаһармандығы арқасында жау Ленин­градты ала алмады. Сол дивизиялар құрамында сіздердің мыңдаған жерлес­теріңіз болды», деген еді музей штабындағылар да. Қайыра дұға оқыдық. Елге бір уыс топырақ алдық. Қоңырауды үш қағып, қоштастық. Гүлзия АУҚАШОВА, Алматы сән-дизайн колледжінің оқытушысы, білім беру ісінің үздігі АЛМАТЫ – МӘСКЕУ – САНКТ-ПЕТЕРБУРГ – АЛМАТЫ