07 Мамыр, 2016

Айтылмай кеткен ақиқат

449 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
IMG-20160417-WA0009Осыдан 70 жыл бұрын аяқталған Ұлы Отан соғысы делінетін алапатты бастан өткерген ардагерлер күн санап азайып барады. Олардың ерлігі ұлтқа мақтан, ұрпаққа үлгі. Біз сол қан майданды бастан кешкен бір азаматтың артында қалған ұл-қыздарымен тілдескенде, біраз нәрсеге қанық болдық. Ол – Қоқаш Ақтайұлы Әбенов еді. Ақмола облысына қарасты Сілеті ауданында дүниеге келген Қоқаш ағамыз соғыс басталар жылы онжылдық мектепті тәмамдап, асқақ арманға ұмтылғанда сұрапыл соғыс басталып, майданға шақырылады. Алдымен Қарағанды қаласында арнайы дайындықтан өтіп, майдан тәсілдерін үйренеді. Сөйтіп, 1942 жылдың қаңтарында сол майдан шебіне бет алады. Алғаш 29-атқыштар дивизиясының құрамындағы (кейіннен ол дивизия 74-ші болып өзгерген) 299-атқыштар полкінде ұрысқа кірген. Сол жылдың қыркүйек айында Сталинградты қорғауға қатысқан. Жауынгер сұм соғыста қатты жарақаттанады. Алты күн бойы қоршауда қалып, біраз жауынгерлер қатарында фашистердің тұтқынына түседі. Бұл оқиға Сталинград қаласынан 60 шақырым жердегі Авганерово стансасында болған екен. Тұтқынға түскен жауынгерлердің басына қара бұлт үйіріліп, болашағы күннен-күнге көмескілене беріпті. Қы­лышынан қан тамған, қарғыс атқыр соғыстың, оның ішінде, концлагерьдің адам төтеп бергісіз талаптарына мойын­сұнбаса шара қайсы. Сөйтіп жүріп, Украина, Польша, Германия қалаларын басып өтіп, «Адам айдаса барма, дәм айдаса қалма» дегендей, Солтүстік Ита­лиядан бірақ шығыпты. Айдауда жүргенде әбден тоңған бір тор­ғай ағамыздың шинелінің кеуде тұсындағы үңірейіп тұрған өңіріне ұшып келіп кіріп кетіпті. Бұған таңғалған жа­нындағы жауынгер: «Бұл тегін белгі емес, сенің өмірің ұзаратын шығар» десіпті. «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Қоқаш Әбеновтің сол кездегі ерлік жолы мерзімдік басылымда өз аузымен төмендегіше баян­далған екен: «Күндердің бір күнінде түн ортасы ауа бес ақмолалық азамат жиналдық. Олар: Шәріп Қыстаубаев, Мұхтар Ғаббасов, Кехмет Бегфасов, Рақым Ысқақов және мен. Әңгіме барысында қалай болған жағдайда да италиялық партизандарға қосылу керек деп ұйғарыстық. Тұтқындарды күнделікті орманға жұмысқа апаратын. Біз бұлар шұңқыр қазып жатқан жерге таяу маңда италиялық шаруалар тұратын. Мен азды-көпті итальян тілін меңгеріп те үлгеріп едім. Сол тілдің арқасында бір шаруамен сөйлесіп, өзіміздің Кеңес елінен екенімізді,тұтқынға түскенімізді жеткізіп, әлемді ойрандаған фашистерге қарсы соғыспақ ойымызды айттым. Ол бізге көмектесуге уәде берді. Осылайша италиялық Джованни Ненни деген азаматтың арқасында лагерьден қашып шығып, италиялық партизандарға барып қосылдық». Бұдан кейін олар Ментро Тендон тау арасын паналайды. Тау етегінде асфальт жол болыпты. Сол жолдан немістің танктері, автомашиналары, жаяу әскері ағылып жатады екен. Италия партизандары оларға қаға берісте ойсырата соққы беруді әдетке айналдырыпты. Бір күні партизан отрядының командирі оларға ерекше тапсырма жүктепті. Немістің ауыр техникасы кеңес майданына ойсырата соққы беру үшін алға жылжыта бас­тайды. Олардың жолын бөгеу үшін тау өзеніне салынған көпірдің күлін көкке ұшыру жүктеліпті. Бес партизан жер бауырлап жүріп, тапсырманы мүлтіксіз орындапты. Елге деген сүйіспеншілік, Отанға деген адалдық оларды алға жетелеп, армандары орындалып, үйірлеріне қосылады. Неміс тұтқынына түскендердің адал­дығына көз жеткізген Кеңес үкіметі оларды ақтайды. Сол тұста Қоқаш Ақтайұлының есіне татардың ұлы ақыны, Моабит түрмесінің тұтқыны болса да, артына өлмес мұра қалдырған Мұса Жәлелдің майдандық газеттерде «Батырлық туы» деген өлеңіндегі «Атың қалсын, өзің өліп кетсең де, Тарихтар да, мәңгі-бақи жатталар» деген екі жол ойына оралғанын бейбіт күнде күн кешіп жүргенде жиі айтады екен. IMG-20160417-WA0029Соғыс аяқталған соң, бала кезінен армандаған композитор болсам деген мақсатына жету үшін Мәскеуге атбасын тіреп, жоғары оқу орнына сынақ тапсырыпты. Сынақтан өте алмаған соң, елдегі бел орта жастан асқан әке-шешесіне оралады. Еңбек майданына қызу кірісіп кетеді. Біраз жыл Бестөбе, Степняк елді мекендеріндегі зауыттарда бухгалтерлік қызмет атқарады. Бірақ жоғары білім алсам, өнер жолына табан тіресем деген ниет оны Алматыға алып келеді. Консерваторияға түсу үшін емтиханға дайындала жүріп, арасында Қыздар педагогикалық институтының оркестрінде үрлемелі аспапта ойнайды. Сонда жүріп, Ақмоланың Қорғалжын өңірінің қызы Үмітпен танысады. Ол аталмыш оқу орнының математика факультетінің соңғы курсында білім алып жүріпті. Көңілдері жарасқан жас­тар шаңырақ көтеріп, Ақмолаға оралады. Қоқаш ағай Целинсельмаш зауытына бас есепшілік қызметке тұрады. Әйтсе де өнерге деген ынтасын қамшылап оты­рады. Қазіргі Жамбыл атындағы №4 мектеп оқушыларына музыка пә­нінен сабақ бере жүріп, оркестр ұйым­дастырады. Шолпан, Жандос, Күлпан, Серік, Ерік, Берік, Марат есімді балалары дүниеге келеді. Қазақ өзіне жақсылық жасаған адамды шамасы келсе ұмытпауға, бір қарымын қайтаруға ұмтылып жү­ре­тіні әлімсақтан белгілі. Біз сөз етіп отырған жауынгер 1965 жылдың мамырында өздеріне шарапаты тиген италиялық партизандарды еске түсіріп, құттықтау хат жолдайды. Ол хат Италия компартиясының органы – «Унита» газетіне жарияланады. Содан Қоқаш Әбеновтің атына Луиджи Тарталиден хат келеді. Бұл оны азаматтық деп түсінеді. Соғыс ардагері ретінде абырой-беделі артып, алған марапаттарымен марқайып жүрген жауынгер аяқ астынан аспан айналып жерге түскендей күйге түседі. Мұның себебі не дегенге жауап таппай күйзеледі. Алдымен партиядан шығарылады, артынан жұмыстан қуылады. Бірақ, Қоқаш ағамыз ешкімге тіс жармайды, өзінің бір замандары тұтқынға түскенін қоқсытып шығарған бір пенделер болған-ау деп іштей түйін жасайды да, бәріне уақыт төреші деген байламға бекиді. Еш пендемен сөзге барғысы келмейді. Өйткені, ары таза еді. Оны жеті қат жердің астындағыны біле қоятын Кеңес үкіметі кезінде жан-жақты зерттеп, зерделеп ақтағаны белгілі. Қоқаш аға соны мерей санайды. Мереке сайын кейінгі ұрпағы жауынгер ретінде төрге шығарып, төредей құрмет көрсетеді. «Маған жылан-бауыр сөздің керегі не? Отан үшін қызмет еткенімді елім бағалап отыр. Бұдан асқан бақ та, бақыт та жоқ», дегенді жиі айтып жүріп, мына өмірден өте шығыпты. Айтылмаған ақиқаттың астары осы бір түйіндерде жатса керек. Сұрапыл соғысты да, бейбіт өмірді де бастан өткерген Қоқаш Әбенов үлгілі ұл мен қыздың, әдепті немере-шөберенің әке, атасы ғана емес, өнер туындыларының да иесі болған. Ол кісінің артында әдемі өлең-өрнектері, айтатын адам табылса әндері де қалған екен. Біз сөзбен айтқанда, Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында майдан шебіне барып, Сталинградты қорғауға қатысқаннан кейін тағдырдың тәлкегіне түсіп, оны да азаматтықпен жеңіп шыққан Қоқаш Әбеновтің өмір жолы осылайша қамшы өріміндей өріліп жатыр. Мұратбек ОСПАНОВ, Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі